Алматыда "Дикий Арман" адвокаттарының баспасөз мәслихаты өтпей қалды

cover

15 ақпанда Арман Жұмагелдиев пен Руслан Ысқақовтың адвокаттары оларға жасалып жатқан қысым туралы айтпақ болған.

15 ақпан күні сағат 13:00-де Алматыда "Дикий Арман" ісі бойынша сотталушыларды қорғап жатқан адвокаттардың баспасөз мәслихаты өтуі керек еді. Бұл "Қазір ҚР ішкі істер министрлігінің Жұмагелдиевке қарсы жасап отырған жаңа ақпараттық шабуылдары. Ысқақовтың адвокаттарын кім және не үшін қудалап жатыр?" тақырыбымен өтпек болған.

Алайда дәл баспасөз мәслихатының алдында оның кейінге шегерілгені белгілі болды. Жұмагелдиевтің адвокаты Елена Жигаленоктың айтуынша, кейінге қалдыруға келесі сот отырысының осы уақытқа қойылуы себеп болған.

"Алайда біз бәрібір де оны жақын арада өткізуді жоспарлап отырмыз. Өйткені бұған тағы бір себептер түрткі болып отыр", - деді адвокат.

Бір қызығы, баспасөз мәслихатының кейінге шегерілуі желіде "Дикий Арманның" боғауыз сөйлеп, қоқан-лоққы жасаған видеосының тарауымен тұспа-тұс келді. Видео дереу өшірілді, бірақ қолданушылар ол мұны сотқа немесе айыптаушы тарапқа қатысты деп топшылады. 

"Ол сотқа олай сөйлемегені анық", - деді адвокат Елена Жигаленок.

Еске салайық, "Дикий Арманның" соты былтыр қыркүйек айында басталған еді. Ондағы негізгі айыпталушылар – Арман Жұмагелдиев, Қайрат Құдайберген және Руслан Ысқақов. Алғашқы екеуі Қаңтар кезінде тәртіпсіздік ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Жұмагелдиевке сонымен бірге қару ұрлады және адамдарды заңсыз ұстады деген айып тағылған. ҰҚК бұрынғы полковнигі Ысқақов "Дикий Арманға" көмектесті деп айыпталды. Олардың соты жабық режимде өтіп жатыр.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар