Алматыда адам ағзаларын заңсыз саудалаған азаматтың жазасы жеңілдетілді

cover Фото: Orda.kz

Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы адам ағзаларына қатысты заңсыз мәміле жасау бойынша сотталған Серәлі Бижанов туралы үкімді қайта қарап, оның жаза мерзімін қысқартты.

Orda.kz сот қаулысына қол жеткізіп, өзгерген жазаға қатысты нақты деректерді анықтап қайтты.

Еске салайық, адам ағзасын заңсыз саудалау ісінде куәгер 37 адамның атын атағанына қарамастан, небәрі 6 адам ғана сотталған еді. Бұл ұйымдасқан қылмыстық топ тек ағза сатумен шектелмей, кейбір адамдарды қоқан-лоқымен, қорқытумен осы іске тартып, несиеге батырып жіберген. Бұл іс ұзаққа созылып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұған дейін Orda.kz тілшісі сот отырыстарынан тікелей ақпарат таратып отырды.

Істің басты фигуранты — Серәлі Бижанов. Сонымен бірге бес донор да айыпталып, оларға алты жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Арасында рақымшылыққа іліккендер бар.

Бұл іс бойынша негізгі фигуранттардың бірі — Нұрбол. Ол бұған дейін Orda.kz редакциясына эксклюзивті сұхбат беріп, өзінің басынан өткен заңсыз ағза саудасы, қорқыту, зорлық және алаяқтық туралы бүге-шігесіне дейін баяндаған еді. Нұрбол өз отбасын қорғау үшін амалсыздан келісім бергенін, кейін қылмыстық топтың бопсалауынан құтыла алмай, құрбанға айналғанын айтқан. Дәл осы Нұрболдың айтуынша, ол тергеу кезінде 37 адамның есімін көрсеткен. Бірақ іс бойынша сотқа тартылғаны – тек 6 адам. Сұхбатта Нұрбол өзін Серәлі басқарған топ жүйелі түрде қорқытып, бопсалағанын, Сержан есімді азамат айтқандарына көнбеген сәтте бірнеше ер адамның пәтеріне баса-көктеп кіріп, жыныстық зорлық көрсеткенін, оны ұзақ уақыт психологиялық құлдықта ұстап, бақылап, донор іздеуге мәжбүрлегенін ашық айтқан. 

Ұсталғаннан кейін Серәлі Нұрболды алдап: «арғы жақта келісіп қойдым, мені танымаймын деп айт, деректеріңді өзгерт, жағдайыңды жасап беремін, үй, көлік беремін» деп уәде берген. Соның нәтижесінде істің кейбір қатысушылары жауапкершіліктен жалтарып кеткен. Ал Нұрбол болса бүйрегін беріп, ақшасынан айырылып, өзі түрмеде қалған. Осындай ауыр жағдайдан кейін ол 14 рет өзіне қол салмақ болған.

Бірінші инстанция үкімі

Алматының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты 2025 жылғы 14 шілдеде Серәлі Бижановты ҚК-116-бабының 2-бөлігі («адам ағзаларына қатысты заңсыз мәміле») бойынша кінәлі деп танып, оған:

  • – 8 жыл бас бостандығынан айыру,
  • – 6 жыл ағзалар трансплантациясына қатысты қызметпен айналысуға тыйым салу жазасын тағайындаған.

Сотталушы — 1990 жылы туған, бұған дейін сотты болмаған.

Апелляция не деді?

Серәлі Бижановтың ісі апелляцияда қайта қаралды. Оның қорғаушысы, адвокат Г.Н.Оқапова, бірінші инстанция үкімін өзгерту туралы шағым түсіріп, сотқа бірқатар уәждерін келтірді.

Қорғаушының айтуынша, Бижановтың әрекетінде қылмыс құрамы жоқ. Ол айыптау тарабының тұжырымы болжамдарға және жанама деректерге ғана сүйенгенін, ал ағзаны сату фактісі нақты дәлелденбегенін алға тартты. Тергеуде пайдаланылған хат-хабар алмасу да қорғаушының сөзінше, ағзаны сатуға келісу емес, туыстық донорлық мүмкіндігін талқылау ғана болған.

Сондай-ақ, адвокат Бижановтың денсаулығына тоқталды: ол І топтағы мүгедек, бірнеше ауыр диагнозы бар және қазіргі күйі өте нашар. Осыны ескеріп, қорғаушы Қылмыстық кодекстің 75-бабы — «ауруына байланысты жазадан босату» нормасын қолдануды сұрады.

Сот алқасы істегі дәлелдер жеткілікті, айыптау дұрыс сараланған деген тұжырымға келді. Яғни, Бижановтың кінәсіне қатысты сот позициясы өзгерген жоқ. Дегенмен апелляция бірінші инстанция тағайындаған жаза тым қатаң болғанын ескеріп, оны жеңілдетті.

Жаңа жаза:
6 жыл бас бостандығынан айыру — бұл заң бойынша беруге болатын ең төменгі жазаның шегі.

Қорғаушының шағымы осымен ішінара ғана қанағаттандырылды. Ал Бижановты денсаулық жағдайына байланысты жазадан босату туралы өтініш қанағаттандырылмады. Себебі сотқа арнайы медициналық комиссияның мұндай шешімді растайтын қорытындысы ұсынылмаған.

Қандай жеңілдететін мән-жайлар ескерілді?

Апелляциялық алқа жаза мөлшерін азайтқан кезде мынадай мән-жайларға назар аударды:

  • ауыр созылмалы ауруларының болуы,
  • трансплантация жасалған бүйректің істен шығуы,
  • І топтағы мүгедектік,
  • жалпы денсаулығының күннен-күнге нашарлауы.

Сот үкімнің басқа бөліктерін сол күйі қалдырды:

  • процестік шығындарды өтеу,
  • мәжбүрлі төлемдер,
  • кепіл мүлкін қайтару тәртібі,
  • басқа сотталғандарға қатысты үкімдер бәрі өзгеріссіз қалды.

Еске сала кетсек, бұл ағза сату ісі тіпті шетелге дейін етек жайған. Бұған дейінгі сотта бүйрек сатушылар елімізден Түркияға үш адамды жібергені белгілі болған еді. Қысылтаяң кезеңде, ақшадан қиналған азаматтар түрлі әрекетке барады. Сондай бір жұрттың төбе шашын тік тұрғызған оқиғаға тоқталсақ. Ол өмірдің саудасы десек артық айтқандық емес шығар. Себебі жаны қысылып тұрған азаматтардың жағдайын пайдаланып, әккі қуаяқтар бүйрегін алып, қаражатын толық бермей, түрлі сұмдық қылмыс жасаған. Сонымен қатар өткен соттардың бірінде қылмыстық топтың ішінде ерлі-зайыптылар да бар екені белгілі болды. Олар әлеуметтік желіден донор тауып келіссөз жүргізіп отырған. Айта кетейік, судья Майшынов дәл осы оқиғаға ұқсас екі қылмыстық топтың сотталғанын атап өткен еді. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар