Алаяқтар арбауы: Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі далада қалды

cover Фото: Orda.kz

Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Елена Щедрина Алматыда прокуратура алдына шығып, құқық қорғау органдарының әрекетіне наразылық білдірді. Ол 100 миллион теңгеге жуық мүлкінен айырылып, алаяқтардың әлі күнге дейін ұсталмағанын айтты, деп хабарлайды Orda.kz.

Қаңтар айында өзін ҰҚК қызметкеріміз деп таныстырған белгісіз адамдар Щедринамен байланысқа шыққан. Олар теріс пиғылды шенеуніктерге қарсы арнайы операция жүргізіліп жатқанын айтып, тергеуге көмектеспесе, «отанға опасыздық жасағаны үшін» жауапқа тартылатынын ескерткен.

Осылайша, әйелді алдап соққан. Алаяқтар оған «құжаттар қолдан жасалып, пәтеріңіз үшінші тұлғалардың атына рәсімделген» деген желеумен, пәтерді сатқызып, түскен қаражатты тергеу мүддесіне сай беруін сұраған. Олар ақшаны беру арқылы жалған мәмілені жоққа шығаруға болатынына сендірген.

Бірінші пәтер — жиһазы мен техникасымен қоса, автотұрақтағы орнымен бірге «Мечта» тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлік еді. Түскен қаржының бір бөлігі банктік шоттарға аударылған, ал екінші бөлігі курьер арқылы қолма-қол берілген.

Осы тәсілмен ол тағы бір пәтері Желтоксан көшесіндегі, марқұм ата-анасынан мұраға қалған үйін — және «Тойота Прадо» көлігін де сатқан. Елена Щедринаның айтуынша, келтірілген жалпы шығын 100 миллион теңгеден асады.

Алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген соң, ол Бостандық аудандық полиция бөліміне жүгінген. Қылмыстық іс қозғалды. Бірақ, Щедринаның айтуынша, бір ай өтсе де күдіктілер әлі анықталған жоқ. Тек жылжымайтын мүлікке тыйым салынған. Ал алаяқтар пайдаланған банктік шоттарға бұғат қойылмаған.

 
«Мен жалғыз тұратын зейнеткермін. Денсаулығым нашар, көліксіз жүре алмаймын. Баспанам жоқ. Бүкіл өмірімнің жинағын бір аптада жоғалттым. Құқық қорғау органдарынан нақты нәтиже көрмеген соң, жағдайды прокуратураның назарына жеткізу үшін алаңға шығуға мәжбүр болдым», — деді Щедрина Orda.kz тілшісіне.

Пикет бес минутқа ғана созылды. Кейін прокуратура қызметкерлері сыртқа шығып, әйелді ішке шақырған. Олардың айтуынша, іс өте күрделі, алайда тергеу жалғасып жатыр, сондықтан шыдамдылық қажет.

Айта кетейік, бұған дейін жазушы, профессор Кәкен Қамзин де ұқсас жағдайға тап болған. Оны да өзін қауіпсіздік қызметкері деп таныстырған адамдар қорқытып, жылжымайтын мүлігін сатқызып, ақшасын бергізген еді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар