Ақтөбе облысындағы Қанай ауылымен байланыс үзілді

cover Фото: Видеодан кадр

Қобда ауданында Тұманшы өзені арнасынан асып, тасыды. Салдарынан 12 үйі бар Қанай ауылына баратын жолды су шайып, қатынас үзілді, деп жазады Orda.kz.

Бүгін Ақтөбе облысының тағы бір ауданы тасқын су астында қалды. Қобда ауданында Тұманшы өзені тасып, ауылға кіреберістегі жергілікті маңызы бар жолды шайып кетті.

«Қазір қажетті техника мен жұмыс күші бар. Қап төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, моторлы қайық та қолданылуда. Су деңгейі төмендеген соң көлік қатынасы қайта қалпына келеді. Елді мекенге қауіп төніп тұрған жоқ. Дәрі-дәрмек пен азық-түлік қоры жеткілікті, кезекшілік ұйымдастырылған»,  деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімдігі.

Қанай ауылында 12 үй бар. Ауылға апаратын жолдың ұзындығы – 3 шақырым, ал су шайған бөліктің ұзындығы – 6 метр.

Бұған дейін Ақтөбе облысының Ойыл ауданында да уақытша өткелді су шайғаны хабарланған еді. Екі күннен бері Ойыл тұрғындары өзеннен қайықпен өтіп жүр.

«Қазір облыстағы су тасқыны жағдайы тұрақты. Қазгидрометтің мәліметінше, өзендердегі мұз ери бастады. Ойыл ауылының кіреберісіндегі уақытша өткелді су шайып өтті. Құтқарушылар өзеннен 348 адамды, оның ішінде 49 баланы өткізді. Тұрғын үйлер мен ғимараттарды су басқан жоқ. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ»,  деп хабарлады облыстық ТЖД.

Авторы: Ардақ Ерубаева

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар