«Әкімді құтқару үшін»: Ақтөбеде тағы бір шендінің қолына сот залында кісен салынуы мүмкін

cover Фото: Gov.kz

Прокурор соттан Шалқар аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің  басшысы Шұға Сәдуақасованы 7 жылға абақтыға қамауды сұрады, деп хабарлайды Orda.kz.

Ақтөбе облысы Шалқар аудандық сотында әкімдік қызметкеріне қатысты жарыссөз өтті. Прокурор мердігерді қорқытып пара алды деп айыпталған шендіні сот залынан қамауға алып, 7 жыл түрме жазасына кесу керектігін айтты. 
Мемлекеттік айыпталушы Шұға Сәдуақасованы ҚР Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі 1,4 тармақтарында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Соттан оны бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушының жазасын өтеу орнын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесі деп бeлгілеуді көрсетті.

«Сотталушыға қолданылған ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық бұлтартпау шарасын күзетпен ұстау бұлтартпау шарасына өзгертіп, сот залында қамауға алуды сұраймын. Шұға Сәдуақасовадан жәбірленушілердің өтемақы қорына 20 АЕК мөлшерінде, яғни, 78 640 теңге мәжбүрлеп өндіруді сұраймын. Заттай дәлелдемелерді  ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 118-бабының талаптарына сай шешуді сұраймын. ҚК 48-бабына сай қылмыстық жолмен табылған Имранованың Каспи банкі есепшотындағы 5 млн теңгені оның өсімпұлдарымен бірге және Сәдуақасованың тергеу органдарына өз еркімен ұсынған 6 500 000 теңге ақшаны мемлекет меншігіне қалдыруды сұраймын. Сонымен қатар қалған 2 250 000 теңге сотталушы Сәдуақасовадан өндірілсін. Аудан әкімінің қарамағында екі қылмыстық іс болды. Пара алу бабы бойынша екі мемлекеттік қызметші жауапқа тартылды. Үшінші қызметкер жауапқа тартылып жатыр. Сондықтан да Ақтөбе облысы әкімдігінің назарын аудару үшін жеке қаулы шығаруды сұраймын», — деді прокурор. 

Жарыссөзде сотталушы жылап жіберді.

Алғашқы жауап беру кезінде айыпты әкімді қорғау үшін мойнына алғанын айтты.

Қорғаушы бас бостандығынан айырмау жазасын сұрады.

Айта кетейік, осыған дейін пара алды деп айыпталған шендінің әкімнің тапсырмасын орындағаны туралы айтқанын жаздық. Толығырақ осы жерден оқи аласыздар.

Айта кетейік, биыл осы баппен айыпталған Шалқар ауданы әкімдігінің екі қызметкері де абақты жазасына кесілді.

Сотталушының соңғы сөзі 8 қазан күні тыңдалады.

Автор: Ардақ Ерубаева

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар