Абай облысындағы «Семей орманы» алқабы тағы да отқа оранды

cover Фото: ҚР ТЖМ

Бесқарағай ауданы Ерназар ауылдық округінің Қоянбай ауылында құрғақ шөптен өрт тұтанды, деп хабарлайды Orda.kz.

Қатты жел айдаған «Семей орманы» МОТР Морозов филиалының орман алқабына дейін жетті.

«Өрт сөндіруге Абай облысы ТЖД, Павлодар облысы, «Семей орманы» және «Ертіс орманы» орман шаруашылықтарының, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары қатыстырылды. Барлығы 240 адам және 96 техника өрт сөндіру жұмысына тартылды. Әуеден тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр»,  деп хабарлады ТЖМ.


Жұмыстарды үйлестіруді ТЖМ Командалық орталығы жүзеге асырады, жедел штабты вице-министр Батырбек Әбдішев басқарады. Өрт болған жерге өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев дереу жетті.


2023 жылы «Семей орманы» резерватында бірнеше өрт болды. Олардың ішіндегі ең ірісі 2023 жылдың маусымында 60 мың гектардан астам орманды қамтып, 15 адам - 14 орманшы мен тракторшының өмірін қиған болатын.

2023 жылғы 29 мамырда Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» республикалық мемлекеттік мекемесі басшылығына және басқа да тұлғаларға қатысты үкім шығарып, олар сотталды.

Кейіннен «Семей орманы» қорығында болған өрт кезінде қаза тапқан жұмысшыларға ескерткіш тақта орнатылды.

2023 жылғы Қазақстан тарихындағы ең ірі орман өрті болған  «Семей орманы» резерваты өртенген ағаштарды сатты. Өрт үлкен аумақты қамтығандықтан, ағаш шығыны да өте көп болды.

Бүгін, 5 сәуір күні ТЖМ оқиға орнын тексеру үшін аэробақылау ұшуы жасалғанын хабарлады. Аймақ әкімі Берік Уәли жағдайды жеке бақылауына алды.

Жағдай ұдайы қадағалануда. Барлық күш-жігер отты түпкілікті жоюға жұмсалып жатыр.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар