«25 күн ішінде төрт рет зорландым»: Қазақстанда психикалық орталықтар қорлау мен зорлық-зомбылықтың ошағына айналып бара ма?

cover Коллаж Orda.kz

Италия – әлем бойынша мемлекеттік психологиялық орталықтарын түгел жапқан ел. Елімізде 300 мың адам, соның ішінде, 45 мың бала психикалық денсаулық сақтау орталықтарында тіркеуде тұр. Тәні ауырғандар сияқты жаны ауырған ересектер мен балалар мұндай орталықтарда зорлық-зомбылыққа ұшырамай, сапалы ем алуға құқылы. Алайда, Қазақстандағы психикалық орталықтардың әуел бастан өздерін жабық мекеме етіп, ойына келгенін істейтін әдет тапқандай. Осы мекемелердегі ересектер мен балалардың бастан кешкендері жария болған сайын бұған сенбеске амал жоқ сияқты.   

Orda.kz бұған дейін Алматыдағы психологиялық орталықтың қызметкерлерінің қылмыстық топ болып жасаған адам айтса сенгісіз әрекеттерін әшкере еткен еді. Бұл мекеме қызметкерлері емделіп жатқандардың ұрып-соғып, мүлкін иемденген. Бұл мекемеде тіпті адам жоғалып, кісі өлген. Бұл туралы материалдарды мына сілтемеден оқи аласыздар.  

Ал, бүгінгі зерттеуіміз – бұған дейін де, бізден кейін де талай журналист жазатын өзекті тақырып. Талай жанның тағдырының күл талқанын шығарған теріс жүйенің нақты шешімі жайлы сөз қозғаймыз.  

«ТОКСИКОЗ, 150 ГРАММ БОЛАТЫН ШАҚАЛАҚ ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМ ҚЫЗДЫҢ КӨРГЕН ҚОРЛЫҒЫ» 

Сөз басында айтқанымыздай, Қазақстанда психологиялық ауытқуы бар 45 мың бала бар. Баласының дертіне ем іздеген ата-ана жанұшыра дәрігерлерге жүгінеді, баласының жазылып кетуін тілеп, талай табалдырықты тоздырады, кейде бұл жол түбі бір психологиялық диспансерге апарумен бітеді. Түркістан облысында тұратын мына ана да 17 жастағы қызының дертіне ем іздеп, Шымкенттегі психологиялық диспенсерге апарған. Алайда, дәл осы шешім анасының да, қызының да өмірінің соңына дейін өзекке тығылған өксікке айналарын олар білмеген еді. 17 жастағы қыз Қазақстанда ресми түрде шизофренияға тап болып тіркелген 300-ге жуық баланың бірі.  

Фото: Orda.kz II жүкті болып қалған қыздың анасы
Фото: Orda.kz II жүкті болып қалған қыздың анасы 
«Маған Шымкенттегі психдиспансерде жатып, зорлық көрген бір қыздың анасы хабарласып, орталықта болып жатқан сұмдықтар туралы айтып берді. Бірден қызымнан сұрадым, ә дегенде, қорықты ма, ештеңе айтпады. Бірақ, 3-4 күннен кейін ғана «естігеніңіздің бәрі рас» деп мойындады. Әкесіне айттым, әрине, оңай болған жоқ. Ойлана келе, әл-Фараби аудандық полиция департаментіне бардық, бірақ, арызымызды бірден қабылдаған жоқ. Полицияға арыз жазған сәтте қызым аяқ асты құсты. Өзін жайсыз сезініп, жатып қалды. Қызым мүлдем тұйықталып кетті. Сондықтан, дәрігерге барып, тексерткенімізде қызымның аяғы ауыр екенін білдік. Қайдан жүкті болып қалғанына көзімді жеткізу үшін қызымның ауруханада жатқан күндеріне анықтама алып қызымның жүкті болған кезеңімен салыстырсам, психикалық орталықтан шықпай тұрып, екі апта бұрын аяғы ауыр болған екен», – дейді жасөспірімнің анасы. 

Қызының диагнозын білгендіктен әрі қызы өз еркімен емес, зорлықтың салдарынан жүкті болғанындықтан, анасы аборт жасату туралы шешім қабылдайды.

Бірден айта кетейік, қазір осы жасөспірім мен 22 жастағы тағы бір қыздың арызы бойынша Түркістан облыстық психикалық орталығында жұмыс істеген екі санитар ер адам күдікті ретінде тергеу изоляторында отыр. Осы материалды жазып жатқанда іс сотқа өткенін естідік. 

17 жастағы қыздың анасы аборт жасата сала биоматериалды істің дәлелі ретінде сараптамадан өткізуді талап еткен.  

«Үш айлығында түсік жасаттық, шақалақтың салмағы 150 грамм болды. Қарасақ, кәдімгі қолы, аяғы бар бала сияқты, алақанға сыйып тұр. Түсік жасатқан соң, екі күннен кейін ауруханадан шықтық. Бірақ, 10 күннен соң барғанымызда биоматериал сол 10 күн бойы мәйітханада жатқан болып шықты. Ұрықты біздің көз алдымызда жуып контейнердің ішіне салған. Түсік жасатқан соң, ұрыққа сараптама жасап, әкесі кім екенін анықтау керек еді. Алайда, Шымкент қаласында ондай сараптама жасайтын аппарат істен шыққан деп, оны Ақтөбеге жібереміз деді. Ақыр соңында, ұрық осы он күн ішінде әбден бүлініп, сараптамаға жарамсыз болып қалған», — деді келіншек.  

«25 КҮН ІШІНДЕ ТӨРТ РЕТ ЗОРЛАНДЫМ»  

Біздің кейіпкеріміз – шизофрения диагнозы бар 17 жастағы қыз. Бір жағынан кәмелет жасына толмаған соң, екінші жағынан, бойындағы дертіне байланысты дәл өзін сөйлетіп, бейнекамераға түсіре алмадық. Анасының айтқан әр сөзін жаздық. Дегенмен, зерттеудің аясын кеңейте түсу үшін осы 17 жастағы жасөспірім зорланған орталықта жәбір көрген тағы бір адамды таптық. 22 жастағы әрі ақыл-есі орнындағы бұл бойжеткен орталыққа «депрессия» деген диагнозбен түскен. Ең өкініштісі, жанын жегідей жеген күйзелістен арылам деп барып тағы бір ауыр соққы алды.   

Фото: Orda.kz II 22 жастағы депрессиямен орталыққа жатқан қыз
Фото: Orda.kz II 22 жастағы депрессиямен орталыққа жатқан қыз
 «Мені бұл орталыққа анам әкелді. Барған кезде сонда емделіп жүрген әйел маған «бұл жерде адамдарды ұрып-соғады, тамақ әкелмесе, тағы қиын, оның өзі саған жетпеуі де мүмкін. Кіреберісте жақындарың әкелген тамақтың көбін өздері алып қалады» деп айтқан еді. Оны естіген соң, шынымды айтсам, қалғым келген жоқ. Ол жерде ауру адамдарды ұрып жатқанын көрген соң, қатты қорықтым. Қызметкерлердің айтқандарын істемесең, сені аяусыз соққыға жығады. Дәрі ішпесе, аяқ-қолын байлап тұрып, адамның аузына езіп құяды. Егер қарсылық көрсетсең, одан сайын таяқ жейсің», – дейді бойжеткен.  

Әңгімесін бастай сала өксіп жіберген қыз ары қарай қалай зорланғанын, кім зорлағанын және неше рет зорланғанын айтып берді.  

«Маған санитар жігіт бірінші рет тиіскенде, бір қыз арқылы өз бөлмесіне шақыртып алған еді. Кіргенде «маған массаж жасап бер» деді. Содан ол менің санымды сыйпалай бастады, итеріп жіберсем де қайтадан сыйпалады. Арам ойы бар екенін түсінген соң, орнымнан тұрып, шығып кеттім. Артымнан келіп, саған ешкім шығуға рұқсат берген жоқ» деді. Мен оның айтқанына қарамастан бөлмеден қашып кеттім», — деді жәбірленуші қыз.

Есі дұрыс қыздың қарсылығына қарамастан санитар оны аңдып, қайда барса да, қыр соңынан қалмаған. Дәретханаға барса да, асханаға барса да көлеңкесіндей еріп алып, ақыр соңында бейнебақылау камерасы жоқ бір бұрышта бірінші рет зорлаған.   

«Сол бөлмеде бейнебақылау камерасы жоқ еді. Қасында жуынатын әрі қоқыс шығаратын бөлме орналасқан. Ол бөлмеде көбіне санитарлар отыратын жер бар. Кешке қарай дәрі береді, сол дәрінің ішсең, өзгенің айтқанына көніп, айдағанымен жүресің. Маған да дәрі беретін, ішкеннен соң қарсыласуға шамаң келмейді, еріксіз ұйқыға кетесің. Сол күні кешке қарай мені сол бөлмеге кіргізді де, еркімнен тыс денеме қолдарын тигізіп, білгендерін жасады. Қашайын десең, қаша алмайсың, есікті жауып тастаған. Мені сол 20-25 күннің ішінде арықтау келген санитар екі рет, бойы ұзын санитар екі рет зорлады», – дейді ол. 

                                                                                                    Фото: Orda.kz

ТЕРГЕУДЕГІ ЗАҢСЫЗДЫҚ ТУРАЛЫ АДВОКАТТАР НЕ ДЕЙДІ  

Бұл оқиға жайлы іс қозғалып, тергеу жүрді және айтып өткеніміздей, материал жарыққа шыққалы тұрғанда істің сотқа өткенін естідік. Екі жәбірленуішінің адвокаты тергеуде қандай заңсыздықтар болғанын және санитарлардың қылмысы дәлелденсе, қандай жаза алуы мүмкін екенін баяндап берді. 17 жастағы қыздың отбасына адвокат болған Нұртуған Өмірзақ сараптаманың уақытында жасалмағаны күмән туғызып отырғанын айтты. 

Фото: Orda.kz II Адвокат Нұртуған Өмірзақ
Фото: Orda.kz II Адвокат Нұртуған Өмірзақ
«Дәл осы зорлау сынды істерде сараптама негізінде күнбе-күн алынуы керек. Мысалы, бір апта, 10 күн, бір ай өтіп кеткен соң, зорлаған адамның биологиялық іздері қалмайды. Бұндай арыз түскенде тергеушілер істі бірден тіркеп, қарауы тиіс еді. Ал, бұл істерде тергеушілер керісінше, жәбірленушілерден бірден арыз қабылдамаған. Ол аз десеңіз, материалдарды сараптамаға кешіктіріп жіберген. Мен жасөспірмнің анасымен жеке сөйлескенде, тергеушілер жәбірленушілерге қысым көрсеткенін айтты. «Сендердің сөздеріңе кім сенеді?» деп қорқытқан. Тергеушілердің қолында Шымкент қаласының сот-медицина сараптама орталығында аппарат жұмыс істемей қалғандықтан, ұрық жарамсыз болып қалғанын дәлелдейтін ресми қағазы болмаса, мен тергеушінің үстінен шара қолдану туралы прокуратураға жеке қаулы шығаруды сұраймын», – дейді қорғаушы.   

Екінші адвокат Жамал Бакировадан «Зілді сараптамаларсыз санитарлардың қылмысы дәлелденбей қалуы мүмкін бе?» деп сұрадық.  

Фото: Orda kz II адвокат Жамал Бакирова
Фото: Orda.kz II Адвокат Нұртуған Өмірзақ
«Шымкенттегі сот-молекулалық сараптама орталығы «ұрық ұзақ уақыт сақталғандықтан ұрықтың кімдікі екенін анықтау мүмкін емес» деген қорытынды берді. Бірақ, біз фактілерді салыстыра отырып, Түркістан облыстық психикалық орталығы емделіп жатқан адамдарды сыртқа шығармайтынын алға тарта отырып, әрі екі қыз да осы екі күдіктіні көрсеткеніне басымдық беріп, сотта күдіктілердің кінәсін дәлелдеуге тырысамыз», – дейді Бакирова.

Осы зерттеуді енді бастағанда Астанада тағы бір сұмдық факт тіркелген еді. Лифтке кірген бес жасар балаға аяқ асты бір жасөспірім шабуыл жасап, бетін пышақпен бірнеше рет тіліп жіберген. Осы сәттің қорқынышты бейнежазбасы желіге тез-ақ тарап кетті.  

Ұсталған баланың шизофрения деген диагнозы бар екені анықталды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз сияқты ол ұл да психдиспансерде жатып шыққан. Бұл оқиғадан кейін органдар оны тағы да сол орталыққа «тықты». Кейін анасы жанайқайын айтып, сол орталықтағы санитарлар ұлын ұрғанын хабарлады. Міне, біз бүгін айтып отырған өзекті мәселе – психологиялық диспансерлердегі қауіпсіздіктің жоғы. Сонда, психдиспансерлердің санитарлары «есі дұрыс емес» деп тағдыр онысызда аямаған балаларды ұрып жүре бере ме? Мұндай орталықтардағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін не істеу керек?  

«БІЗДЕ МҰНДАЙ МЕКЕМЕЛЕРДІҢ КЕЙБІР ДИРЕКТОРЛАРЫ КАМЕРАЛАРЫН ҚАРАМАЙДЫ» 

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева технология дамыған заманда бұндай орталықтарға камераны көп орнатып, оны үнемі бақылап отыру керек дейді.   

Фото: Orda.kz II Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева
Фото: Orda.kz II Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева
«Мұндай мекемелерде, әсіресе балалар бар жерлерде, ең алдымен, бейнебақылау камераларын орнатып, тұрақты түрде бақылау қажет. Өкінішке қарай, орталықтың директорларының өзі камераларды қарап отырмайды», – деді Закиева.  

МАМАН ТАПШЫЛЫҒЫ: НАУҚАС КӨП, ЕМДЕЙТІН ДӘРІГЕР ЖОҚ  

Астанада бес жасар бала лифт ішінде жарақат алған соң қоғамда резонанс туды. Журналистердің сұрағына жауап берген депутаттардың бірнешеуі қазір елімізде психологиялық көмек туралы жаңа Заң жобасы әзірленіп жатқанын айтып, мәселенің бірнеше шешімін ұсынған. Мысалы, мәжіліс депутаты Айна Мусралимованың айтуынша, қызмет сапасын жақсарту үшін Қазақстан алдымен сапалы маман даярлауы керек. Яғни, депутаттың айтуынша, Қазақстанда ресми тіркелген әлеуметтік қызметкерлердің санын психикалық денсаулық орталықтарында есепте тұрған 300 мыңнан аса адамға шақсақ, арасы жер мен көктей болады. Қазақстанда небәрі балаларды қарайтын 69 психиатр дәрігер бар деген статистикасына қарасақ, бұл расымен бей-жай қарайтын дүние емес екенін ұғамыз.

«Елде психиатрлар, психологтар және әлеуметтік қызметкерлердің тапшылығы байқалады. Қазір республика бойынша 202 штат қана жұмыс істеп тұр, бұл 163 нақты маман бар деген сөз. Бірақ кадр тапшылығы өте үлкен, 368 маман жетпейді. Оның ішінде 83 психиатр дәрігер, 69 бала психиатры, 81 психотерапевт, 60 психолог және 75 әлеуметтік қызметкер жетпейді. Сондықтан кадр тапшылығы мәселесіне назар аударып, халыққа психиатриялық көмек көрсетудің тәсілдерін қайта қарау керек», – деді Мусралимова. 

ИТАЛИЯ ЕЛДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫН НЕГЕ ЖӘНЕ ҚАЛАЙ ЖАПТЫ ? 

Психология саласында деинституционализация деген ұғым бар. Яғни, психикалық ауытқуы бар адамдарды үлкен әрі жабық мекемелерге қамамай, керісінше оларды қоғамға бейімдеу үрдісі. Бұл үрдісті алғаш енгізген Франко Базалья. Ол — Италияда мемлекеттік психикалық орталықтарды түгел жоюға мүмкіндік берген профессор. Қазір дәл осы әдістің арқасында Италия, Швеция мен Швецария бүкіл психикалық орталықтарын жапты. Бұл практика Америка Құрама Штаттарында да кеңінен қолданылады. Дәл осы тақырыпта Америкада деректі фильм түсіріп жүрген әріптесім Рахиля Бекназарқызы көрген АҚШ-тың осы мәселедегі тәжірибесін айтып берді.   

Фото: Orda.kz II Нью Йорк II Рахилия Бекназарқызы, журналист.
Фото: Orda.kz II Нью Йорк II Рахилия Бекназарқызы, журналист II New York Film Academy сутденті
«АҚШ-та 1950-80 жылдары бұл үрдіс жүргенде мемлекеттік психиатриялық ауруханалар азайды. Мысалы, мұнда 1955 жылы 310-нан астам орталық болса 80- шы жылдары олардың көбі жойылды, ал 2000 ондай орталықтардың саны қырыққа да жеткен жоқ. Жалпы бұл үрдістің мақсаты — мұндай науқастарды қоғамнан шектетпей, ешқандай күш салмай, олардың құқығын сақтай отырып амбулаториялық деңгейде қоғамның ішінде емдеу болды. Бұл өзгеріс АҚШ-тағы бірнеше өзгеріске себеп болды. Атап айтар болсақ, 1950 жылдары антипсихиалық дәрі-дәрмек пайда болды және Community Mental Health (Қауымдық психикалық денсаулық) ұғымы психикалық денсаулыққа қатысты қызметтерді үлкен ауруханалар мен интернаттардан шығарып, адамдарға жергілікті қауымдастық деңгейінде көмек көрсету заңы қабылданды. Яғни деинституционализация процессі науқастардың құқығының сақталуына және қоғаммен байланысы жақсарып, интеграцияға сеп болды», – дейді Рахиля Бекназарқызы. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы кеңсесінің кеңесшісі Николай Негай Италияның шешімін оқып қана емес, көзімен көрген адам. «Қазақстан Орта Азия елдері ішінде психологиялық қызметті деинстутициялауға ақырын болсын қадам басып келе жатқан ел» дей келе, ол бұл шынымен де мәселенің шешімі екенін айтып берді.  

«Біздің елде психикалық ауытқуы бар адамдарды қоғамнан оқшаулау саясаты әлі де сақталып келеді. Олар үшін арнайы ірі мекемелер мен ауруханалар бар, онда бұл адамдар қоғамнан бөлектеніп, жабық жағдайда өмір сүреді. Яғни, «біз» және «олар» деп ажырату жүйесі қалыптасқан. Бұл жағдай ең алдымен қоғамда тамыр жайған стигмамен байланысты. Біз мұндай адамдарды өзгеше қабылдап, оларды толыққанды құқықтарынан айырылғандай көреміз. Ал әлемнің көптеген елдерінде деинституционализация үрдісі әлдеқашан жүріп, мұндай көзқарастан бас тартқан. Көптеген елдер психиатриялық ауруханалар мен медициналы-әлеуметтік мекемелерден бас тартып, деинституционализация жолына түсті. Мен мұндай орталықтарды өз көзіммен көрдім, сол жерде болдым. Ондағы адамдардың бақытты екенін байқадым. Оларды қоғам да қарапайым азаматтар сияқты қабылдайды. Орталық Азия елдеріндегі жүйе бір-біріне ұқсас, бірақ Қазақстан бұл бағытта біршама ілгері жылжыған. Біз деинституционализация жолымен келе жатырмыз, бірақ мен толықтай осы жүйеге көшкен мемлекеттердің тәжірибесін көрдім. Бұл – қолымыздан келетін және өте тиімді жол», — дейді ол.  

Оның айтуынша, деинституционализация шешімін қабылдаған елдерде жабық мекемелер жоқ. Ал психикалық ауытқуы бар адамдарды емдейтін орталықтарға кез келген адам кіріп-шыға алады. Соған жарай онда біздің елдегідей сұмдық қылмыстар тіркелмейді.  

Фото: Orda.kz II Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы кеңсесінің кеңесшісі Николай Негай
Фото: Orda.kz II Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы кеңсесінің кеңесшісі Николай Негай 
«Еуропа елдерінде ірі психиатриялық ауруханалар жоқ. Оның орнына әр аудан мен облыста шағын психикалық денсаулық орталықтары орналасқан. Бұл орталықтар негізінен амбулаторлық қызмет көрсетеді. Яғни кез келген адам, мейлі ол ерекше қажеттілігі бар бала болсын, мейлі толықтай дені сау адам болсын осында келіп, қажетті қолдау мен ем ала алады. Орталықта арнайы жатын орындар да бар, себебі кейбір науқастардың жағдайы күрт нашарлаған кезде аз уақытқа стационарлық ем қажет болады. Бірақ бұл емдеу ұзаққа созылмайды – орташа есеппен 5 күнге дейін ғана жалғасады. Ең басты ерекшелік – мұнда басты тұлға психиатр емес. Негізгі рөлді психологтар, эрготерапевтер және оқытушылар атқарады. Эрготерапевтер пациенттердің қоғамға бейімделуіне көмектеседі. Яғни олардың жұмысы медициналық емдеуден гөрі әлеуметтік жағынан бейімдеуге бағытталған. Тағы бір маңызды жайт – бұл орталықтар ашық форматта жұмыс істейді. Мұнда кіруге де, шығуға да ешқандай шектеу жоқ. Ешқандай тор немесе темір қоршау орнатылмаған, яғни қоғам мен психикалық денсаулықты қолдау жүйесі арасында толық сенім мен ашықтық орнаған», — дейді ол. 

ҚАЗАҚСТАН ҚОҒАМЫ АШЫҚ ЕМДЕУ ЖҮЙЕСІНЕ ДАЙЫН БА ?

Әрине, осы мәселелерді тізіп шыққан Николай Негай бұл жүйені сәтті болатындай енгізу үшін Қазақстан ең алдымен қоғамды дайындау керек дейді.  

«Мәселе деинституционализацияға келгенде, ең бастысы – қоғамның осы өзгеріске дайын болуы маңызды. Өкінішке қарай, қазіргі көзқарас керісінше, яғни, жай адамның өзі былай қойғанда, кейбір «сарапшылардың» өзі  «үлкен психиатриялық клиника салайық, бәрін сонда жабайық» деген пікірлерді жиі айтады. Әлеуметтік желілер мен мақалалардан да осындай ұсыныстарды байқаймыз. Бірақ біз қоғам ретінде басқаша жол таңдауға тиіспіз. Егер біз осы адамдардың қоғамда өмір сүруіне мүмкіндік берсек, оларды қабылдасақ, жағдай басқаша болар еді. Алайда мұны бірден жүзеге асыру мүмкін емес, бәрін бір сәтте өзгерте алмаймыз. Бұл – кезең-кезеңімен, ойланып жасалатын үрдіс. Бірақ, алдымызда таңдау бар. Егер оларды қоғамнан оқшауласақ, құқықтарын шектесек, онда мұндай адамдардың ашуға булығып өмір сүруі заңдылық екенін ұғуымыз керек. Ал егер біз оларды қолдап, инклюзивті орта қалыптастырсақ, онда олар да мейірімді бола түседі. Қоғамның қандай болатыны – біздің осы мәселеге деген көзқарасымызға байланысты», – деп қортындылады Николай Негай. 

Бұл тұрғыда еліміздегі психикалық ауытқуы бар балалар мен жасөспірімдерге баса назар аударған жөн. Оларды бала кезінен инклюзивті ортаға бейімдесек, болашақта психикалық орталықтарға деген қажеттілік төмендер еді. Бұқаралық ақпарат құралдарында елімізде психологиялық қызмет туралы заң жобасы әзірленіп жатыр деген ақпарат шықты. Егер біздің журналистік зерттеудің аясында ұсынған шешім заң жобасына кішкене болсын көмек болса, онда еңбегіміз еш кетпес еді.  

Журналистік зерттеудің бейне шығарылымын YouTube-тен Qazaq Ordasy арнасынан көре аласыздар.

Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab II жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын көрсетеді.

 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар