«200-дей филиалы бар»: Заңсыз микронесие ұйымдарын ашқан кәсіпкер Сергей Койнов ұсталды

cover Фото: әлеуметтік желі

ҚМА Ақтөбеде танымал кәсіпкер әрі блогер Сергей Койновтың ұсталғанын растады, деп хабарлайды Orda.kz. 

Тергеу мәліметінше, «Актив Ломбард» желісінің иесі Сергей Койнов сенімді адамдарының атына «Актив Маркет» брендімен тіркелген бірнеше компания рәсімдеген. Ол компаниялар тауарлар мен тұрмыстық техниканы қабылдайтын комиссиялық дүкен ретінде көрсетілген. Алайда іс жүзінде лицензиясыз ломбард қызметін көрсеткен. Олар мүлікті кепілге қою арқылы қарыз берумен айналысқан.

«Заңнамаға сәйкес, аз уақытқа қарыздар (45 күнге дейін) бойынша сыйақының ең жоғары мөлшерлемесі тәулігіне 0,3%-дан аспауы тиіс. Алайда Койнов С.С.-тың компаниясы 15 күнге 16,2% сыйақымен қарыз берген, бұл заңда белгіленген шектен 4 есе артық»,  деп хабарлады ҚМА. 

Осылайша, жүз мыңдаған азаматтар кәсіпкердің тұзағына түскен. Ал Сергей Койнов 2 жылда заңсыз 3,5 млрд теңгеден астам қаражат тапқан. Кәсіпкер түскен кірістерді заңдастыру үшін жалған келісімшарттар рәсімдеген.

Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде 200-ден астам филиалға тінту жүргізіліп, заттай дәлелдемелер алынды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Айта кетейік, Ақтөбеде жалған түбіртек жасаған мектеп есепшісінің үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар