«20 мың террорист»: Тимур Дәнебаевтың түрмеде көрген қорлықтары

cover Фото: Бейнеден кадр

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Алматыға «20 мың террорист» кіргенін айтқан президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарсы қылмыстық іс қозғауға тырысқан Тимур Дәнебаев 2022 жылы ұсталып, 2023 жылы маусымда араздық тудырды деп 3 жылға сотталған болатын. Оның ағасы Марат Дәнебаев 1 желтоқсанда Тимур Дәнебаевтың қоғамға жолдауы мен түрмедегі былықтарды және өзіне көрсеткен азаптары жайлы айтқан бейнежазбаны жариялады. 

Orda.kz оның сөздерін назарларыңызға ұсынады.

«Мен қоғамға, дамыған өркениетті әлемге біздің еліміздегі демократия мен адам құқықтары жайлы айтқалы отырмын. Мені заңсыз, қолдан жасалған іс бойынша соттап, 174 бап бойынша араздық тудырды деп ұстады. Мен Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаңтар оқиғасы кезінде 20 мың террорист келді деп қоғамға өтірік ақпарат берді деп ресми түрде арызданған соң Қазақстан билігі мені ұстады. Бұл әлем естіген қоғам алдында айтылған өтірікті әскерилерге «ескертусіз оқ атқызу» үшін, ҰҚШҰ әскерін кіргізу үшін айтты. Қазақстандағы бейбіт митингті басу үшін ел президенті Путинге көбіне әскери адам кіргізуін сұрады. Бұл Тоқаев пен Путиннің қылмыстық ісі әлі күнге жауапкершілікке тартылмай келеді. Әлеуметтік желі де осы жайлы жазған арыздарымыз үшін 2022 жылы ұстады, 2023 жылы соттады. Соттан кейін менің Ақмола облысындағы Атбасар колониясына әдейі жіберді. Мені сол жерде азаптай бастады. Түрме қызметкерлері дәл мені ғана есімнен танып қалғанша азаптады. Есім орнына келгеннен кейін қайта қинады. Түрме қызметкерлері мені «зорлаймыз» деп те қорқытты. Мені сабады, көбіне жамбасымнан ұрды. Менде содан гемотома болып, тұра алмадым, жүре алмадым, не жата алмадым. Бұл ұрып-соққаннан кейін медициналық көмек көрсетпеді. Мені жалғыз камераға 15 күнге қамап қойды, мен суықтап өліп қала жаздадым. Қазір мені түрмеден түрмеге ауыстырып жатыр. Маған да, отбасыма да қоқан-лоққы жасалыр жатыр. Мені және ағам Маратты қорқытып жатыр. Медициналық көмек көрсетпейді. Мені азаптағандардан сотталып жатқандар тек бейнедегілер. Ал ҰҚК, Атбасар прокуратурасы, қоғамдық комиссия, адам құқықтары жөніндегі уәкіл, БҰҰ азаптауға қарсы уәкілі т.б. жауапқа тартылмады. Тек сыртқы халықаралық күштердің араласуы ғана мені азаптағандардың жазадан құтылуын тоқтатады деп санаймын. Қазақстанда азаптау өршіп кетті», — деді Тимур Дәнебаев.

Сондай-ақ ол өзінің қазір Астанадағы тергеу изоляторында екенін, ондағы жағдайдың талаптарға сай емес екенін баяндады.

Ал Атбасар колониясында болған азаптау оқиғасына қатысты сот процесінде 13 қараша күні екі жыл бойы қамауда отырған Тимур Дәнебаев куәлік берді. Бұл іс бойынша 12 қызметкер сотталуда, оларға сотталушыларды азаптады деген айып тағылды. Сот отырыстары Ақмола облыстық қылмыстық істер жөніндегі сотта өтіп жатыр.

Бұл іс Тимур Дәнебаевты азаптап жатқан бейнежазба әлеуметтік желілерге тарап кеткеннен кейін ашылған болатын.

Қылмыстық-атқару жүйесінің басшылығы колония қызметкерлерінің әрекеті заңсыз екенін және қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланғанын мәлімдеді. Оқиғаға қатысы барлардың барлығы жұмыстан босатылып, мекеме басшысы мен оның орынбасары қызметтерінен шеттетілді. Жұмыстан босатылған қызметкерлер президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жазып, онда барлығын заңға сәйкес орындайтындарын және оларды жұмыстан босату туралы шешім заңсыз деп атады.

2023 жылдың қыркүйек айының соңында Тимур Дәнебаев Астана тергеу изоляторына ауыстырылды. Биылғы жылдың басында ол тергеу изоляторында өзіне қысым жасалғанын мәлімдеген.

Тимур Дәнебаев 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Алматыға «20 мың террорист» шабуыл жасағанын айтқан президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарсы қылмыстық іс қозғауға тырысқан соң танымал болды. Белсенді президентті «жалған ақпарат таратты» деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап еткен. Бірақ оның арызы қаралмады. 2022 жылдың қараша айында белсенді өзі тергеуге алынды. 2022 жылдың желтоқсанында қамауға алынып, 2023 жылдың маусым айында Астана соты Тимур Дәнебаевты «араздық туғызды» деп айыптап, үш жылға бас бостандығынан айырды. Белсендіге қарсы іс Полторанин деген адамның арызынан кейін қозғалды. Дәнебаев әлеуметтік желіде эфирге шығып, Ресейдің Украинаға басып кіруін және 2022 жылғы қаңтарда Қазақстанға ҰҚШҰ әскерлерінің кіргенін сынға алған. Қазақстандық құқық қорғаушылар Дәнебаевты «саяси тұтқындар» тізіміне енгізді.

Қазақстан билігі саяси қудалаулар мен саяси тұтқындардың бар екенін жоққа шығарады. Алайда, Еуропарламент Орталық Азияға арналған қарарында Тимур Дәнебаевты саяси тұтқындардың бірі ретінде атап, оны босатуға шақырды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Степногрск қаласында түрмеде отырған Марат Жыланбаев хат жолдаған болатын. Хатында Жыланбаев түрме басшысының орнына «Атбасар» түрмесінің басшысы болған Қазбек Байқадамовтың уақытша келгенін баяндаған болатын.



Жаңалықтар

барлық жаңалықтар