Өзі түрмеде отырып, түрме басшысынан тайсалмаған Марат Жыланбаевтың хаты

Қазақстандық танымал белсенді әрі саяси тұтқын Марат Жыланбаев еліміздің түрмелерінің шынайы көрінісін көрсетті. Оның түрмеден жолдаған хатын Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасына жариялады. Orda.kz хатты ықшамдап назарларыңызға ұсынады.
Түрмеде отырып, түрме басшын соттатып жібермек болғаны, бассыздықтармен күресі — Марат Жыланбаевтың қажырлығы мен батылдығын көрсетеді. Әлемнің әйгілі 4 шөлін кесіп өткені де сол табандылықтың арқасы болар.
Түрме басшысының ұсталуы
Оның айтуынша, бостандықта ғана емес, түрмеде де кімнің басым болатыны өзара шешіледі. Ол түрме басшысы Асылхан Биттіғұлов пен Нұрлан Нұртазиннің заңсыздықтары жайлы да баяндады. Марат Жыланбаевтың әр сөзі жазылады, тыңдалады. Әрі кейбір түрме қызметкерлеріне күнде емін-еркін сөйлесуге мүмкіндік берілген.
Ол түрме қызметкерлерінің әртүрлі екенін айтты. Мысалы, жас қызметкер Бауыржан Абатұлының сарымсақ, пияз, апельсиндерді түрмеге кіргізерде міндетті түрде пышақ сұғатынын баяндады. Содан олар тез бұзылып кететіндіктен дереу таратып жібереді. Жыланбаев ара-тұра түрмедегілермен сөзге келіп қалатынын, бірақ олармен қарым-қатынасының дұрыс екенін де баяндады.
«Түрмедегілермен ерегісіп қалған кездерім болған. Бірақ арамыз жақсы. Дос санайтын адамым жоқ. Есен Қамажановпен шекісіп қалған кезім болды. Ол лагерьде бәлсініп жүреді, жүйе орынбасары Нұрлан Теміртасұлымен сағаттап әлденені талқылайды. Есеннің өзі Степногорск қаласының тумасы, мұндағы лагерьде оның жиһаз жасайтын жеке кәсіпорны болған. Сонымен қатар ол ағасының дүкенін басқарған. Оның дүкені аптасына бір рет, бір-екі сағат жұмыс істейтін. Дүкенді аптаның қай күні ашатынын ешкім білмеді. Ал ашылғанда ұзын-сонар кезек болып адамдар жиналады. Көбі екі сағат тұрып үлгермей, келесі аптаны күтуге мәжбүр. Мұндағы баға өте жоғары болғанымен, бәсекелестік жоқ. Заң бойынша лагерьдегі дүкен демалыс және мереке күндерін қоспағанда, күн сайын ашық болуы керек (44-тармақ). Есен әрқашан Александр Перминовпен бірге жүреді. Ол жекпе-жек өнерінің бір түрімен айналысады. Есе №5 отрядта мықты жігіттердің бірі болды. Өзі сондай жігіттерді қатарға тартты. Бірде менен де өз отрядына қосылуымды сұрады. Мен бас тарттым», — деді Марат Жыланбаев өз хатында.
Оның сөзінше бұл жігіттердің жаттығу алаңы жақсы, олар бокс қапшығын ұрып, денелерін шынықтырады. Нұртазин жүйесіне бағынбағандарды осы жігіттердің қасына ауыстырып, ұрғызып сабасына түсіретін көрінеді. Жыланбаевқа бір сотталушы өзін Нуртазин 2022 жылы сәуір айында ұрып-соққанын айтыпты. Жыланбаев оны баласындай адамды ұрғаны үшін айыптады.
«Ең қызығы Есеннің ЖК «Жиһаз» дүкені. Қызметкерлер лагерь бөлімшесінен жалақы алады. Ал заң бойынша бұған тыйым салынған. Есесіне түрме бастығы мен орынбасары жиһаз алып отыр (жемқорлық, бюджет қаражатын жымқыру)», — деп жазды Марат Жыланбаев.
Сондай-ақ ол 400-450 сотталушыға 3 таксофон бар екенін айтты. Әркімнің өз аптасы, күні белгіленгеннің өзінде кезек ұзақ. Есен Қамажанов күнде сөйлесіп, кезексіз кіріп, ескертпе істеген адамды ұрып-соғатын көрінеді.
«Мен Есен мен Рыжийдің (лақап ат ред.) қандай қылмыс үшін отырғанын сұрадым. Маған екеуінің де қылмыстық іс, кісі зорлау ісі бойынша отырғанын айтты. Мен адам зорлағандардың сотталғандарды басқарып, кісі өлтіргендерді ұрып-соғатынын және еш жазаланбайтынын көріп, жағамды ұстадым», — дейді Марат Жыланбаев.
Кейін Марат Жыланбаев Есенмен «аулақ жүруін» айтып сөйлесіпті. Кикілжің басталып, артынша ол Марат Жыланбаевқа қоқан-лоққы көрсеткен. «Олар сені өлтіреді» дегеннен кейін Жыланбаев адвокаттары мен достарына, туыстарына хабарласып, олардың аты-жөнін айтқан. Түрме қызметкерлері ақыры басқа камераға Есен мен Рыжийді отырғызыпты. Оларды оқшаулаған күннің өзінде емін-еркін таксофонға барып жүрген. Ақыры Жыланбаевпен келісу үшін адам жіберіп, түрме бастығы мен орынбасары жайлы куәлік беретіндерін айтып, татуласпақ болады. Бұл келісімнен кейін оларды камерадан шығармай, басқа лагерьге ауыстырып жіберіпті.
«Шеберханада мен кейде Ринат шеберге барып тұратынмын. Мен кейде кіргенде ол сүлгінің астына бірдемені жасыра қоятын. Маған қызық болды. Ешкім жоқ кезде нені жасырып жүргенін көрдім. Онысы әдемі ою-өрнегі бар пышақ екен. Аңшылардың пышағы. Жазуына қарағанда атақты, бай депутаттың біріне арналған», — деді Жыланбаев.
Жыланбаевтың айтуынша, Ринат шеберді пышақ жасауға мәжбүрлейді. 10 жылда 10 мыңдай пышақ, ешқандай өрнексіз пышақтар 35 мыңнан 55 мыңға дейін және 80-100 мыңға дейін қанжар жасалғанын айтыпты. Ал қажетті материалдардың бәрін Залялов пен Омаров атты түрменің жедел қызметкерлері әкеліп беретін көрінеді. Түрме бастығы Биттіғұлов та Ринат шебердің шеберханасына барып тұрған. Ринатқа басшы «Марат Жыланбаев суық қару жасайтыныңды білмеуі керек» депті.
Ринат шебер пышақ жасаудан әбден жалыққанын, жасағысы келмейтінін айтқан. Оған көмектесу үшін Жыланбаев Заляловтың саусақ іздері бар пышақты жақсылап жасырған. Шартты түрде бостандыққа шығуына аз қалған Ринат бір күні Жыланбаевқа түрме басшысының 6 млн сұрағанын айтып қатты қайғырған. Алайда Жыланбаев түрме басшысын соттатуды ұсынып, жоспар құрған.
«Мен антикордан адам тауып беремін деп, оны пара үшін түрмеге жабуды ұсындым. Ринат келісті. Сонымен маусым айының басында лагерь бастығы Биттіғұлов Степногорскіде парамен ұсталды. Мен оның өз ісіне қарай жазасын алғанына қуандым. Түрме басшысы түрмеге қамалғаннан кейін маған көптеген тұтқындар түрлі сыбайлас жемқорлық, ұрлық, азаптау және басқа да әкімшілік тарапынан заң бұзушылық фактілерді айтып келе бастады. Көбісі «жергілікті прокуратураға сенбейміз» дейді. Бізге Астанадан Бас прокуратура керек. Мен Бас прокуратура мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдерді шақырамын деп уәде бердім. Артынша мені сотталғандар да, лагерь әкімшілігі де қорқыта бастады», — деп жазды Марат Жыланбаев.
Расымен биыл маусымда №4 Асылхан Биттіғұлов ұсталды.
Жаңа басшы
Жыланбаев бастығын түрмеге жапқаны үшін бірінші болып түрме басшысының орнына уақытша келген Қазбек Байқадамов қорқытқанын айтты. Ол «Атбасар» түрмесінің басшысы болған. Бұрын қызметкерлерінің бірі оның азаптауларын Youtube-қа жүктеп жіберіп, қоғамда үлкен наразылық туған еді.
«Бұл уақытта Байқадам демалыста болыпты-мыс. Қызметкерлерге қылмыстық іс қозғалды, сот процестері әлі де жүріп жатқан кез. Онда азаматтық белсенді, блогер Тимур Дәнебаевты қатты соққыға жықты. Мен онымен өткен жазда Астанадағы түрмеде кездестім. Оны және тағы екі адамды тергеу шараларына жеткізді. Тимурдың бірнеше қабырғасын сындырып, ішкі ағзаларына зақым келтіріп, төрт рет ота жасады. Дәрігерлердің қойған түтікшелері денесінен шығып тұрды. Оппозиционер Тимур Дәнебаевты әлеуметтік желідегі посты үшін жапты. Онда ол «Тоқаевты 20 мың террорист туралы жалған ақпарат таратып, Қазақстанға шабуыл жасады деп айыптау керек» деп жазғаны үшін түрмеге үш жылға отырғызылды. Бүкіл құқық қорғау ұйымдары, соның ішінде халықаралық ұйымдар оны саяси тұтқын деп таныды», — дейді Марат Жыланбаев.
Марат Жыланбаев адвокатына қауіп-қатер туралы және қауіпті деген тұтқындардың есімдерін айтты.
Айғақ болса да іс қозғалмады
«2024 жылдың 15 маусымында мен плакатқа маркермен «Бас прокуратура мен адам құқықтары жөніндегі уәкілдің келуін талап етемін» деп жазып, «Сергек» камерасына бұрылып, прокуратураға, ДУИС және КУИС-ке бейне түсіретін камераға қаратып плацқа шықтым. 17 маусымда маған адвокатым Досқараев Мейіржан келді. Басшы оны өткізбеді, ол үш сағат күтіп, түрлі орындарға қоңырау шалды, содан кейін лагерьдің уақытша бастығы Байқадамов оны кіргізді. 18 маусымда ОНК құқық қорғаушылары Сыздықов Олжас пен Асайынова Әсем келді. 19 маусымда Ақмола облысындағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Мұқанжаров Абылай келді. Сол күні менің достарыммен, бұрынғы саяси тұтқын Әсет Әбішевпен және «Азаттықтың» тәуелсіз журналисі Сәния Тойкенмен аз уақытқа кездесуім керек еді. Бірақ уақытша бастық Байқадамов оларды кіргізбеуге бар күшін салды», — деп жазды Марат Жыланбаев.
20 маусымда Бас прокуратура келіп, 20-дан астам тұтқынды, соның ішінде мені қабылдады. Астана прокуратурасы видеокамералар алдында дәлелдерді (опердің саусақ іздері бар аңшы пышағы) тәркіледі.
«Біз әкімшілік тарапынан қауіп төнер деп, мен және тағы бірнеше адам Бас прокуратураның рұқсатымен (БМ) қауіпсіз жерге ауыстыру туралы өтініш бердік. Кейінірек Бас прокуратура әкімшілікке қарсы бірде-бір қылмыстық іс қозғамағанын түсіндім. Мен жедел уәкіл Заляловқа оның суық қаруды дайындап, сақтағаны және таратқаны үшін қамалатынын айттым, өйткені тәркіленген пышақта оның саусақ іздері бар. Ол: «Жоқ, қамалмайды, қылмыстық іс қазір жабылған» деп жауап берді», — деді Марат Жыланбаев.
Сондай-ақ ол лагерьдің уақытша бастығы Байқадамов пен режим бойынша орынбасары Нұртазин шеберханадағы бар құрал-жабдықтарын, мольберт, бояулар мен оймыштарды алып кеткенін айтты. Марат Жыланбаев енді шығармашылықпен де, спортпен де айналыса алмайды.
«Түрлі орындарға шағымданғанымның арқасында кір жууға арналған ұнтақ беріле бастады. Енді олар ұнтақты сабынмен араластырып жуады. Бұған дейін көпшілік үйден ұнтақ алдырып, өздері жуаты. Кір жуу бастығы маған алғыс айтты, мен оған ұнтақ келеді деп уәде бергем. Антикор көмегімен бұрынғы бастыққа пара берген Ринат Хайрулинді Көкшетауға тергеу шараларына алып кетті, онда екі апта бойы оның табаны мен алақандарын таяқпен соққылаған. Содан кейін оны Қарағандыға алып кетіп, 12 күн бойы бейнебақылау камералары жоқ «пресс-хатада» ұрып-соққан. Қазір оны қайтадан біздің лагерьге әкелді және оған «шартты түрде босату болмайтынын» айтты. Қазір лагерьде жаңа бастық бар, ол лайықты сияқты, уақыт көрсетеді», — деп жазды Жыланбаев.
Жыланбаев отырған лагерьде дүкен бар екенін айтты. Оның айтуынша, бағалары өте қымбат, мысалы, 5 литрлік «Тассай» 1100 теңге, ал 1,25 л «Боржоми» минералды суы 2000 теңге тұрады.
Хатының соңында Жыланбаев өзінің жақтастары Айдар Сыздықбаев пен Асанәлі Сүйінбаевтың ұсталғанына наразылығын жеткізді.
Ең соңында қолдау көрсеткен адамдардың бәріне өз алғысын айтты.
«Менің құқық қорғаушыларыма, достарыма (осында нағыз достарымның кім екенін ұқтым), серіктестеріме, туыстарыма, шынайы, адал, батыл және парасатты адвокатым Досқараев Мейіржанға, оған менің кесірімнен бірнеше рет адвокаттық лицензиясынан айыру қаупі болғанына қарамастан, мені тастамағанына алғыс айтқым келеді! Ең бастысы – отбасым: жұбайым, төрт қызым және ұлыма. Менің ең кіші қызым Алияна қатты уайымдайды, мені қамап тастағанда оның жасы небары 9-да еді. Жұбайымның айтуынша, ол тұйықталып қалған, кейбір достарымен ойнамайды. Екі немерем мен екі жиенім бар, олардың ең үлкені 2-сыныпқа барды. Мен барлығын қатты сағындым. Степногорск, лагерь №4, ДИЗО
Қазан, 2024 жыл», — деп хатын аяқтады Марат Жыланбаев.
Еске сала кетсек, Марат Жыланбаев — әлемдегі 4 шөлді кесіп өткен жалғыз марафоншы. Ол Азиядағы Қарақұм шөлінің 1200 шақырымын 20 күнде кесіп өтсе, дүниежүзіндегі ең үлкен шөл Сахараның 1700 шақырымын 24 күнде жүріп өткен. Тарихқа енген желаяқ қазақ талай шөлді басып өтіп, 7 рет рекордтық көрсетіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Әлемге әйгілі марафоншы және «Алға, Қазақстан!» оппозициялық партиясын құруды ұсынған Марат Жыланбаев түрмеде зорлық-зомбылық пен қысым көріп жатыр. Тұтқынның адвокаты Мейіржан Досқараев Жыланбаевтың екі ай бойы тәртіптік изоляторда болған кездегі жағдайын ашып көрсетті. Түрмедегі жағдайлар мен зорлық-зомбылыққа қарамастан, Жыланбаев өз құқықтары мен бостандығы үшін күресін жалғастырып жатыр.
Марат Жыланбаев түрмедегі бар қиындыққа қарамастан, Қазақстандағы адам құқықтары үшін күрестің символына айналды. Оның ісі елдегі қылмыстық әділет жүйесінің реформаларға мұқтаж екенін көрсетеді. Жыланбаевтың оқиғасы тек қиын жағдайға тап болған адам туралы емес, сонымен қатар мемлекеттік органдардың оппозицияны басу үшін қандай әрекетке баруға дайын екенін көрсетті. Дегенмен Қазақстан билігі елдегі саяси қысымдарды жоққа шығарады.
Жаңалықтар
- «Бір кереует 1,2 млн теңге»: Қызылорда облыстық инфекциялық ауруханасындағы былық ашылды
- «Азаттық радиосы» журналистері Сыртқы істер министрлігін сотқа бермек
- Алматы тауларында жоғалған ҚБТУ студентінің мүрдесі табылды
- Дикий Арманның сыбайласы Дубайдан экстрадицияланды
- Тоқаев Назарбаев айырылған лауазымға ие болды
- Ресейде тағы бір қазақстандықты «мемлекетке опасыздық жасады» деп 17 жылға соттады
- Алматы облысында 10 жастағы баланы иттен құтқарып қалған тұрғын марапатталды
- Назарбаев дәуірінің ізі: ҚТЖ-ның жаңа басшысы Талғат Алдыбергенов туралы не белгілі?
- Жамбыл облысының тұрғыны көмекке келген фельдшердің кеудесіне оқ атты
- Маңғыстаудағы кен орнында бұрғылау мұнарасы құлады
- 13 мүрде шыққан Almaty Hostel-ге қатысты үкім: Неге көп сұрақтар жауапсыз қалды?
- Қажылыққа жинаған ақшасын мұқтаж жандарға үлестірген 94 жастағы ақсақалға Меккеге жолдама сыйланды
- Шенеуніктің шымбайына батқан сын: Ұлытау облысының әкімі көпбалалы анадан 495 мың теңге өндіріп алмақ
- «Орданы» аждаха жұтпақ: Гүлнәр Бажкенова тәуелсіз басылымды қалай тартып алғалы жатқандарын айтып берді
- «Екінші мәрте»: Оңтүстік Кореяның экс-президенті қайтадан қамауға алынды
- Астанада Үкімет үйіне өрт қойған 24 жастағы ер адам ұсталды
- «Мен күйеуімді жақсы көремін»: Qurt-тың жұбайы зорлық туралы шағымын қайтарып алды
- Тоқаев Трамптың баж салығына қатысты хатына жауап қайтарды
- Перизат Қайраттың тергеу изоляторында соққыға жығылғаны жалған болып шықты
- Джулли Стаффт АҚШ елшісі болуы мүмкін