«2 жыл бойы шырылдаған ата-ана»: Баланы мүгедек қылғандар жазадан құтылып кете ме?

cover Коллаж Orda.kz

Алматы облысы Абай ауылының тұрғыны Үрзия Құрбаниязованың 7 жасар қызы Малика осыдан 2 жыл бұрын көршілері салып жатқан төрт қабатты жатақхана құрылысының ашық қалған тереңдігі 8 метрлік кәріз құдығына құлап кеткен болатын. Салдарынан баланың бас сүйегі жарылып, 1 топтағы мүгедек болып қалды. Маликаның ата-анасы 2 жылдан бері  әділ тергеу де, сот та болмағанын айтты. 

Orda.kz тілшісі осы мәселе бойынша өткен баспасөз жиналысына қатысып, істің мән-жайын сұрастырды.

Төрт қабатты жатақхананың құрылыс аумағы мен кәріз құдығы ол кезде техникалық талаптарға сай  қоршалмаған. Ал құрылыс иесі Анар Тындыбекова жауапкершіліктен қашып, 2 жыл бойы Үрзия Құрбаниязованың отбасын өзінің дөкей туыстарымен қорқытып келген. Баланың ата-анасы 2 жылдан бері не тергеу арқылы заңды жазаға, не қызын емдеу үшін қаржылай көмекке қол жеткізе алмапты.

 Қылмыстық іс қандай баппен қозғалды?

2 жылдан бері Маликаның ата-анасының жазған арызы Қарасай аудандық полициясы деңгейінен аспады. Тіпті істің қандай баппен қозғалғанын тергеушілер ата-анасына хабарламаған. Тергеушілер бірнеше рет ауыстырылды. Іспен таныспақ болған Үрзия Құрбаниязованың қорғаушысы Инга Иманбай көптеген заң бұзушылықтарды анықтады. 

 

«Іспен танысу барысында баланың ата-анасы түсірген арыз бен сараптама ғана болды. Неге екені түсініксіз... Бұл іс бойынша екі беттен ғана тұратын сараптама 2024 жылы 8 қаңтарда шығады. Тергеушілер шыққан қорытындымен ата-анасын таныстырмаған. Екі жыл бойы тергеудің бар жинағаны тек осы тек үш парақ құжат қана. Бастапқыда іс 114-бап, яғни абайсызда денсаулыққа зиян келтіру бойынша қозғалды.Оның жазасы жеңіл немесе айыппұлмен құтылып кетуге болады», — деді Инга Иманбай.

114-бап іске қорғаушы араласқан соң ғана 277-бапқа, яғни құрылыс талаптарын сақтамау, соның салдарынан өлімге дейінгі денсаулыққа ауыр зиян келтіру бойынша ауыстырылды. Ал жатақхана иесі Анар Тындыбекованы куәгер статусынан күдікті статусына ауыстырып, істі бір аптаның ішінде сотқа жібереміз деген тергеушілер екі аптадан бері ешқандай құжатты сотқа жібермеген.

Жатақхана иесінің қоқан-лоққысы

Мүгедек болып қалған қыздың анасы Қалқаман ауруханасына қызы түскенде оны көрсетпей қойғанын айтты. Дәрігерлер жатақхана иесіне қоңырау шалса қызын көретінін айтқан. Анасы жатақхана иесінің сөзінен тайқып шыққанын айтты.

«Үш күн бойы Қалқаман ауруханасында ес-түссіз комада жатқан қызымды дәрігерлер маған көрсетпеді. «Неге?» деген сұрағыма дәрігерлер «Анар арқылы көресің, соған қоңырау шал» деді. Бастапқыда Анар Тындыбекова келіп барлық кінәсін мойындап, «ешқайда арызданбаңыздар, мен барлық ем-шарасына көмектесемін» деп уәдені үйіп-төкті. Артынша сөзінен айнып, «маған қоңырау соқпаңыздар, Астанада туысым бар, керек болса көздеріңді құртамын» деп қоқан-лоққы көрсетті. Ес-түссіз жансақтау бөлімінде жатқан қызымды бастапқыда тек телефонға түсіріп суреттерін көрсетіп отырды», — деді анасы.

Артынша Малика №2 қалалық клиникалық балалар ауруханасында бір жарым ай жан сақтау бөлімінде жатты. Кейінен есін жинап палатаға шыққан баланың ем-шарасына Тындыбекова тек 60 мың теңге ғана берді. Ең сорақысы жатақхана иесі кәріз құдығына Маликаны әкесі итерді деп басын ала қашып, қоңырауға да жауап бермей, тек қана қорқыта беріпті. 

Істің 2 жыл тоқтап қалуының себебі жемқорлық па?

Бұл оқиғадан соң, Анар Тындыбекова мүгедек болып қалған қыздың анасына 5 миллион ақша бермек болады. Анасының сөзінше ол райынан қайтып, беремін деген конвертті ұстап, прокуратураға кіріп кеткенін айтты. Анасы осы жағдайдан соң, Анар Тындыбекова істі тоқтату үшін пара берді деп күдіктеніп отыр.

«Оқиғадан соң, Анар Тындыбекова сіңлісімен келіп, көршілердің көзінше қызымның отасына 5 млн беретінін айтты. Ертесіне бізді прокуратураға шақырып, беремін деген конвертін ұстап кіріп кетті. Біз сыртта күтіп отырдық. Бірақ ол шыққан соң, ойынан айнып, бәріне өздерің кінәлісіңдер деп кетіп қалды», — деді анасы.

Маликаның жарақаттары

Адвокаттың айтуынша, белгісіз себептермен Астана мен Алматы ауруханалары қызға ота жасаудан бас тартады. Анасы Өзбекстан азаматшасы болғандықтан елшілік арқылы Ташкентке апарып ота жасатыпты. Ол да көмектеспеген соң, меценаттар мен қайырымды жандардың көмегімен Түркия еліне ота жасатуға апарды. 

Маликаның бас сүйегі үшке бөлінген омыртқа мен өкпесінде де жарақаттар бар. Салдарынан қыздың жағдайы күнен-күнге нашарлап барады. Қазір таңда бала ешкімді танымайды, сөйлемейді, өз бетінше тамақ та іше алмайды. Алған жарақаттардың салдарынан қыздың кіші дәретке баруы да қиындап кеткен.

«Қызым ешқашан ауырып көрмеген еді. Әрқашан ашық, көңілді әрі жадырап жүретін. Ол гимнастикамен де айналысып еді. Қазір қызымның сұлқ түсіп жатқанын көру маған өте ауыр. «Қызымның еміне көмектес» деп қанша рет Тындыбекованың алдына жалынып та бардым... Бірақ ол мені тыңдағысы да келген жоқ. Маликаның еміне деп 2 жыл ішінде небәрі 300 мыңдай ғана қаражат берді. Бар айтары «мазамды алма, Астанада шенеунік туыстарым бар, көзіңді құртам» деп қоқан-лоққы көрсетеді», — дейді Үрзия Құрбаниязова

Инга Иманбай бұл ұзаққа созылған істің артында кім тұрғанын анықтап, әділдікке қол жеткізуіміз керек екенін айтып, қоғамнан және БАҚ өкілдерінен көмек сұрады.

«Екі жыл бойы істі тоқтатып тұрған қандай күш екенін анықтауымыз керек.  Астанадағы дөкей туысы ма, әлде Қарасай аудандық полиция, прокуратура Тындыбековадан пара алып істі тындырып отыр ма? Жалпы сұрақ көп. Сол үшін біз қоғамнан, БАҚ өкілдерінен көмек сұраймыз. Қайткен күнде де әділдікке қол жеткізуіміз керек», — дейді Құрбаниязованың қорғаушысы.

Осы уақытқа дейін Маликаның еміне қайырымды жандар мен меценаттардың көмегімен 30 млн астам қаражат кеткен. Енді сол кеткен барлық материалдық шығынды, моралдық соққыны Анар Тындыбековадан өндіріп алуға толық негіз бар. Қорғаушы істі бала құқығы бойынша омбудсмен мен бас прокурорға жолдайтынын айтты.

Осы екі жылдың ішінде кішкентай Маликаның жағдай нашарлап, аураханадан аурухана жағалап жүргенде, кінәлі азаматшаның бизнесі өркендеді. 4 қабатты жатақхананың әр бөлмесін 100 мың теңгеден пәтер ретінде беріп отыр. 

Қорыта келе айтарымыз, соңғы жылдары ашық тұрған кәріз құдығына құлап кеткен балалар саны артып келе жатыр. Бұл оқиға баланың қауіпсіздігіне ата-ананың ғана емес, бүтін бір қоғамның, құқық қорғау органдарының жауапты екенін көрсетті.

Orda.kz редакциясы бұл істің әрі қарай қалай болғанын оқырмандарымен әлі де бөліседі.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар