101 оқушы тестілеуден айла-шарғымен өтемін деп құлады

cover фото: pixabay.com

Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуді 39 мыңнан астам адам тапсырды. Олардың 43%-ы шекті балл жинаған. Орташа көрсеткіш – 75 балл болса, ең жоғары балл – 132.

Бұл туралы  ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады. 

Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратураға түсу үшін кемінде 75 балл, бейіндік бағыт бойынша кемінде 30 балл жинау қажет. 

«Тестілеу қорытындысы бойынша 149 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде 101 оқуға түсуші  телефон, көшіру қағазын және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Кешенді тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 41 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Кешенді тестілеуге кіргізудің үш деңгейлі жүйесінің арқасында 3 бөгде тұлға анықталды. Сондай-ақ, тестілеу бейнежазбаларын қайта тексеру нәтижесінде 4 адамның балы жойылды. Атап өтсек, ереже бұзушылық өткен жылмен салыстырғанда (2023 жылы – 281) шамамен екі есеге азайды» делінген министрлік сайтында. 

154 білім беру бағдарламалары тобы бойынша республикалық апелляциялық комиссияға 16 мыңнан астам өтініш, оның ішінде мазмұны бойынша 15 мыңнан астам, техникалық себептерге байланысты 902 өтініш түсті. Түскен апелляциялық комиссияның шешімімен 152 бірегей тест тапсырмасына жауап берілді: мазмұны бойынша – 125, техникалық себептерге байланысты – 27 тапсырма.

Грант конкурсына құжаттар 12-15 тамыз аралығында қабылданады. Грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жария болады. 

Грант конкурсына қатысу үшін үміткерлер тізімде көрсетілген құжаттарды тапсыруы қажет: 

  • Жеке куәліктің көшірмесі; 
  • Жоғары білімі туралы құжат (диплом және қосымшасы);
  • КТ сертификаты; 
  • халықаралық сертификаттар (бар болған жағдайда). 
  • Құжаттарды оқу орнына қабылдау комиссияларына офлайн, сондай-ақ виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы онлайн тапсыруға болады.

Болашақ магистранттардың оқуға қабылдануы 28 тамызға дейін жүзеге асырылады. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар