Зорлық үшін сотталған Талдықорғандағы полиция басшысы колониядан арыз түсірді

cover Фото: Today.kz

11 жылға сотталған Талдықорған қаласының бұрынғы полиция бастығы Марат Күштібаев колониядан Жетісу облыстық полиция департаментіне қарсы әкімшілік талап-арыз түсірді, деп хабарлайды Orda.kz.

Tengrinews мәліметінше, даудың мәні Болашақ шағынауданындағы отбасы 2016 жылдан бері тұрып келе жатқан пәтердің мәртебесі.

2016 жылы бұл баспана Күштібаевтың отбасына «тұрғын үйге мұқтаж» ретінде коммуналдық қордан берілген. 2023 жылдың ақпанында пәтер полиция департаментінің балансына өткен, ал тамызда Күштібаев қызметтік тұрғын үйді жалға алу келісімшартына отырған. Сол жылдың 25 тамызында ол пәтерді жекешелендіру туралы рапорт тапсырған. Алайда құжат екі жылдан астам уақыт қаралмаған.

Сот департаменттің рапортты уақтылы қарамауын заңсыз деп танып, оны тұрғын үй комиссиясында қарауды міндеттеді. Бірақ пәтерді жекешелендірудің заңдылығы немесе заңсыздығы туралы түпкілікті шешім шығарған жоқ.

Ал полиция департаменті баспананың қызметтік екенін және Күштібаевтың құқық қорғау органдарында жұмыс істемейтінін алға тартып, оны ведомстволық қорда қалдыру қажет екенін мәлімдеген.

Еске салайық, 2023 жылдың қарашасында Күштібаев зорлау күдігімен ұсталып, 2024 жылдың сәуірінде 11 жылға бас бостандығынан айырылған.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар