Жолдағы айыппұлдарды кінәсі жоқ адамдарға аударған полицей әйел сотталды

cover Айдана Қалыбай / Скриншот Хабар 24 арнасынан алынды

Жуырда елордадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта 30 жастағы Айдана Қалыбайға үкім шықты. Полиция майоры қызметтік өкілетін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Orda.kz.

Тергеу материалдарына сәйкес, Айдана Қалыбай әкімшілік практика бөлімінде аға инспектор қызметін атқарған. Оның міндетіне жол ережесін бұзғандарға айыппұл салу, оны алып тастау кірген.

Сондай-ақ, ол әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізіміне өзгеріс енгізе алған. Дәл осы қолындағы құзіретін ол қылмыс жасау үшін пайдаланған.

Автокөлік жалдау бизнесімен айналысатын адамдар Қалыбаймен байланыс орнатқан. Бұл көліктер «Сергектің» камераларына жиі түсетін, айыппұл көлемі миллиондаған теңгеге жеткен «темір тұлпарлар». Алайда кәсіпкерлер бұл ақшаны төлеуден жалтарған.

Сондықтан Айдана арқылы айыппұлдарды қарапайым азаматтардың, соның ішінде авто жалдаушылардың атына аударып отырған.

Бірақ олардың арасында ешқандай кінәсі жоқ адамдар да бар еді. Мысалы, бір әйел ойда-жоқта бюджетке шамамен миллион теңге төлеуге тиіс екенін білген. Құжат бойынша ол елордада жол ережесін бұзған болып шыққан, бірақ сол уақытта ол Павлодарда тұрған. Тағы бір азамат шынында да көлік жалдаған, бірақ бірқатар хаттамалар ол қамауда отырған кезде жазылған. Яғни, жігіт тергеу изоляторында отырғанымен, құжат жүзінде «елорда жолдарында жүйткіп жүрген» болып шығады. Басқа бір адам жалға бар болғаны бір көлік алған, алайда оның атына 25 автокөліктің айыппұлы аударылып кеткен.

Уақыт өте келе шағым көбейгендіктен, құқық қорғау органдары тексеріс бастады. Сол кезде Антикор қызметкерлері деректер базасындағы заңсыздықтарға Айдана Қалыбайдың қатысы барын анықтады. Сондай-ақ, оның басты байланысын да тапты.

Авто жалдау компанияларынан мәлімет әкеліп отырған менеджер Данияр Есім деген азамат болып шықты. Хаттарына қарағанда, екеуінің арасы тым жақын болған, тіпті майор оны «жаным» деп атаған. Осы whatsApp-тағы хаттар Қалыбайдың кінәсін дәлелдейтін айғақтардың бірі болды.

Данияр Есімді де құзырлы органдар басқа қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен қамауға алды.

Сот Айдана Қалыбайды қызметтік өкілетін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ жазасы кейінге қалдырылды. Өйткені, ол – жалғызбасты ана.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар