Жол апатынан соң қос аяғынан айырылған қызға баспана береміз – Астана әкімі Қасымбек

cover Коллаж: Orda.kz

Астанада 15-ке жуық адам зардап шегіп, бір оқушы қызды қос аяғынан айырған автобус апатына кінәлілер жайлы және автопарк автобустарының жағдайы қандай деңгейде екені туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек жауап берді, деп хабарлайды Orda.kz.

Журналистер елорда әкімі Жеңіс Қасымбектен қайғылы жағдайға нақты кімнің кінәлі екенін сұрады. Қала әкімі үстірт қорытынды жасамай, тергеу нәтижесін күту керектігін айтты.

«Кінәлілерді тергеу анықтайды. Менің білуімше, автобус жүргізушісінің тәжірибесі мол, ол бұл автопаркте ұзақ уақыт жұмыс істеген. Қазір ол тергеуде. Сондықтан тергеу аяқталғанша күту керек. Сол кезде ғана нақты себептер мен жауапкершілік деңгейі белгілі болады», – деді әкім.

Журналистер әкімнен апаттан кейін қала билігі қандай шаралар қабылдайтынын сұрады. Аялдама аумағын кеңейту қажеттілігі, автобустардың техникалық жағдайы жайлы да сұрақтар қойды.

«Менің білуімше, автопарк заманауи автобустармен жабдықталған. Қалаға 700-ге жуық жаңа автобус жеткізілді. Олар сапалы, ал өндіруші компания мұндай автобустарды әлемнің түрлі елдеріне арнап бес миллионнан астамын шығарады», – деп түсіндірді Қасымбек.

Әкім мұндай апаттардың он, жиырма, отыз жыл бұрын да болғанын атап өтті. Оның айтуынша, көлікке қатысты қауіптерді түбегейлі жоғалту мүмкін емес. Бірақ тергеу аяқталған соң кінәлілер заң алдында жауап береді деп сендірді.

«Менің ақпаратым бойынша, бұл жағдайда жылдамдық асыру болмаған. Автобус көп жүретін аймақта көпірге көтеріліп келе жатқан. Тағы да қайталаймын. Себепті нақты айта алмаймын, оны тергеу анықтайды», – деді әкім.

Сонымен қатар, тілшілеріміз әкімнен зардап шеккен қыздың анасына қандай көмек көрсетіліп жатқанын да сұрады. Әлеуметтік желіде бұл оқиға үлкен пікірталас тудырды, көпшілік билікті де сынға алды.

«Баланың отбасын менің орынбасарым барып көрді. Ол кеше барды. Бүгін түстен кейін тағы да барады. Көмекке келсек, сақтандыру төлемі шамамен 20 млн теңге. Әкімдік 10 млн берді. Тағы 10 млн теңге бөлу жоспарда. Тұрғын үй мәселесін де шешеміз. Ресми түрде айтайын, отбасын баспанамен қамтамасыз етеміз», – деді Қасымбек. 

Еске сала кетсек, Астанада болған автобус апаты салдарынан қос аяғынан айырылған қыздың ағасы оның қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді. Зардап шеккен қыз қазір аяғын іздеп жылап жатқан көрінеді. 


 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар