Женевадағы АҚШ пен Иран келіссөздері: 440 келі байытылған уран елден шығарылсын

cover Фото: Anadolu

Швейцария астанасы Женевада АҚШ пен Иранның ядролық бомба туралы келіссөздері жүріп жатыр, деп хабарлайды Orda.kz.

Оманның Женевадағы елшілігінің резиденциясында екі ел арасындағы келіссөз Астана уақытымен 13:00-де басталды. Иран мен АҚШ арасындағы жанама келіссөздер Оманның делдалдығымен хат алмасу арқылы жүзеге асып жатыр.  Иран делегациясын сыртқы істер министрі Аббас Арагчи басқарса, АҚШ тарапын бұрынғы президент Дональд Трамптың Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Трамптың кеңесшісі Джаред Кушнер де бар. Келіссөздерді Оманның сыртқы істер министрі Бедр бин Хамед әл-Бусаиди үйлестіріп жүр.

2025 жылдың маусым айында Израиль мен АҚШ-тың Иранға жасаған шабуылдары салдарынан тоқтап қалған Иран мен АҚШ арасындағы ядролық келіссөздер аймақ елдерінің, соның ішінде Турцияның бастамасымен және Оманның делдалдығымен қайта жанданды. АҚШ тарапынан жалғасқан қоқан-лоққылар мен әскери күштің шоғырлануына қарамастан, тараптар 6 ақпанда Оманда жанама келіссөздер өткізіп, байланысты жалғастыруға келісті. Кейін 17 ақпанда келіссөздер Женевада жалғасып, тараптар белгілі бір ілгерілеуге қол жеткізілгенін мәлімдеді және 26 ақпанда Женевада қайта кездесуге уағдаласты.

Иран санкцияларды алып тастау шартымен, ядролық бағдарламасын атом бомбасын жасауға мүмкіндік бермейтін шектеулер аясында жалғастыруды талап етіп жатыр. Ал АҚШ Тегеранның уранды байытуды толық тоқтатуын және жоғары деңгейде байытылған уран қорын ел аумағынан шығаруды талап етіп отыр. Келіссөздер барысында уранды байыту деңгейін шектеу, 60%-ға дейін байытылған шамамен 440 келі уран туралы, сондай-ақ санкцияларды кезең-кезеңімен алу кестесі мен оларды тексеру тетіктері талқыланып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін екі тарап оң шешімге келмесе, АҚШ Иранға соғыс ашуы мүмкін екенін айтқан болатын. 

Оқи отырыңыз:




Жаңалықтар

барлық жаңалықтар