«Жемқорлықты тоқтатыңыздар»: Шетелдік инвестор ҚМГ төрағасы Хасеновқа үндеу жасады
Коллаж: Оrda.kz
Қараша айында Orda.kz сайтында АҚШ азаматы, шетелдік маман Дорин Барудың сұхбаты жарияланды. Бару мырза ұзақ жылдар бойы Қазақстанда жұмыс істеп, шетелдік компаниялардың Қазақстандағы қиындықтары, мұнай саласындағы жемқорлықтың тамыр жаюы және Vitol мұнай трейдерінің рөлі туралы баяндап берді.
Бір аптадан соң осы сұхбатқа ҚМГ жауап қатты. «ҚазМұнайГаз» төрағасы Асхат Хасенов Vitol компаниясын қорғап, түрлі елдерде сот талаптарына қарамастан компанияның келісімшарт міндеттемелерін орындап жатқанын атап өтті.
Дорин Бару Асхат Хасеновпен болған сөз таласын жалғастырғалы отыр. Ол редакцияға ағылшын тілінде арнайы мақала жіберіп, бар мәселені ашық айтты.
Біз осы мақаланың қазақша аудармасын ұсынамыз.
Ал түпнұсқа мәтінді мына сілтеме арқылы оқуға болады.
Мен 14 қарашада Orda.kz порталында берген сұхбатымда айтқан мәлімдемемді шегендеп растағым келеді. Түсінікті болу үшін ағылшын тілінде жазып отырмын.
Мынау негізгі тармақтар:
Мен Қазақстанда 2006 жылдың басынан бастап 2009 жылдың ортасына дейін OMV (Österreichische Mineralölverwaltung AG — австриялық мұнай-газ компаниясы) компаниясында бас директор (lead management) лауазымында жұмыс істедім. Кейін 2012 жылдан 2014 жылға дейін Вена қаласынан Қазақстандағы бизнесті аймақтық директор (regional manager) ретінде басқардым. Ал 2014 жылдан 2020 жылға дейін қайтадан Ақтауда жұмыс істедім. 2021 жылы OMV Қазақстандағы активтерін жергілікті жеке инвесторға сатқаннан кейін 2022 жылдың шілдесінен бастап 2024 жылдың шілдесіне дейін бизнесті басқаруды қайта қолға алдым.
OMV компаниясының төрт концессиялық келісімшарты болды, оның бірі — Комсомольск кен орнына қатысты. Ал қалған үшеуі — Ақтас, Тасбұлақ және Түркменой кен орындары бойынша келісімшарттар. 2017 жылы менің командам үш келісімшартты жаңартты (қалыпты келісімшарттар), ал біреуін 2022 жылы, менің келерге таман ұзартты (қалыптан тыс келісімшарт). Жалпы, Қазақстандағы еңбек өтілім осындай. Бұл жолы мен барлық деректерді толығымен баяндамаймын.
Сұхбатымда көтерген мынадай мәселелер жайлы айтып бергім келеді:
1. Қалыпты келісімшарт
Мен бұған дейін атап өткендей, бұл негізінен «келісімшартсыз келісімшарт» десек болады. Мұнда көптеген түйіткілді мәселелер бар. Бірақ ең бастысы — инвесторға мұнай өндірудің айлық экспорттық және ішкі квоталары іс жүзінде мәжбүрлі түрде тағайындалады (ішкі және экспорттық сатылымдар арасындағы таза пайдада айтарлықтай айырмашылық бар). Сондықтан келісімшарт мерзімі ішінде бизнестің нәтижелерін алдын ала жоспарлау, болжау мүмкін емес. Менің ойымша, мұндай келісімшартқа қол қою жергілікті инвестор үшін де, шетелдік инвестор үшін де қолайсыз. Сонымен қатар, бұл жемқорлықтың дайын сценарийі іспетті — квоталар күмәнді критерийлер негізінде өте төмен бақылау деңгейімен белгіленеді.
2. Келісімшарт талаптарының үнемі бұзылуы
Қалыпты келісімшарт санатына жатпайтын концессиялық келісімдердің талаптары мемлекеттік органдар, әсіресе Энергетика министрлігі мен Қаржы министрлігі тарапынан жиі бұзылады. Экспорттық және ішкі квоталар Қазақстанда бензин немесе дизель тапшылығы бар деген сылтаумен өзгертіледі. ҚҚС қайтарылмайды (немесе жартылай қайтарылады). Трансферттік баға белгілеу мәселесі толықтай қайта қаралады, бұл Қазақстанның ДСҰ мүшесі болғанына қарамастан болады (бұл Қаржы министрлігіне негізсіз салықтар мен айыппұлдарды арттыру арқылы көбірек қаражат жинауға мүмкіндік береді). Сотсыз негізделмеген тексерулер жүздеп жүргізіледі, олардың көбісі қажетсіз, уақытты зая кетіреді және жиі түрлі «мақсаттарды» көздейді. Осылайша бизнеске зиянын тигізеді. Бұл мәселелердің тек бір бөлігі ғана.
3. Сауда мәселесі
Мен сұхбатымда Vitol компаниясының Қазақстан экспортындағы монополиясы туралы айтқан едім. Әлемдегі ең ірі мұнай трейдерлерінің бірі Қазақстан мұнайының барлық экспортын өз бақылауында ұстап отыр. Бұл жағдайдың қалай және қандай жағдайда қалыптасқанын талқыламай-ақ қояйын, бірақ мәселенің мәні — Қазақстандық өндірушілердің көпшілігі әр баррель мұнайдан бірнеше доллар аз алады: алты, жеті, он доллар немесе одан да көп. Еске салғым келеді, Қазақстан мұнайы Ресейге салынған санкцияларға ұшырамаған және жаһандық нарыққа еркін шығуы тиіс. Қазақстандағы әрбір коммерциялық директор бұл жағдайды жақсы біледі.
4. ҒЗТКЖ (ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар)
Бірнеше жыл бұрын мұнай мен газ өндірушілердің барлығына табыстың бір пайызын ҒЗТКЖ-ға аудару міндеттемесі енгізілді. Бұл талап жаңа, ұзартылған және қолданыстағы келісімшарттарға енгізілді. Қолданбалы немесе іргелі зерттеулерді қаржыландыру идеясы жаман емес. Тіпті, бұл Қазақстанның дамуы үшін пайдалы болар еді деп ойлаймын. Бірақ іліп алар жақсылығы осы ғана. ҒЗТКЖ аясында жасалған сервистік келісімшарттардың басым бөлігі зерттеулермен ешқандай байланысы жоқ. Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдарына ҒЗТКЖ бойынша аяқталған барлық келісімшарттарды мұқият тексеруді және әртүрлі сервистік компаниялардың өз лицензияларын қандай жағдайда және қалай алғанын зерттеуді ұсынар едім. Мұндай тексерулердің нәтижесі қоғам үшін өте қызықты болары анық.
Менің Orda.kz сайтына берген сұхбатымнан бірнеше күн өткен соң, «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Хасенов мырзаның мәлімдемесі жарияланды. Ол ҚМГ мен Vitol арасындағы ынтымақтастыққа жалпы алғанда шағым жоқ екенін айтты. Хасенов мырза мұнай-газ саласында өте білікті жас маман және мен оның пікірімен келісемін. Vitol компаниясы ұзақ мерзімді мұнай келісімдерін қамтамасыз ету үшін және Қазақстан нарығында толық үстемдігін орнату мақсатында ҚМГ-ға алдын ала үлкен сомаларды төлегеннен кейін, бұл ынтымақтастық ҚМГ үшін тиімді болып көрінеді. Алайда, бұл көпшілік қазақстандық өндірушілер үшін қолайсыз әрі тиімді емес, бұл туралы мен жоғарыда айттым. Мен экспорттық нарықтарды трейдерлердің кең ауқымына ашуды және Vitol-дың әлемдегі түрлі сыбайлас жемқорлық жанжалдарына қатысы болғанын ескеруді ұсынамын.
Соңғы 30 жыл ішінде Қазақстан мұнайдан жоғары табыс алып келді. Орта тап өсті (дегенмен күткендей деңгейде емес), ал кейбір қалалар шынымен де әсерлі көрінеді. Дегенмен, халықтың едәуір бөлігі үшін қазіргі өмір сүру деңгейі мұнай кірістеріне сәйкес келмейді. Әкімшілік басқару, сыбайлас жемқорлық және мемлекеттік сатып алуларға қатысты мәселелер уақыт өткен сайын қайта-қайта көтеріледі.
Мен жұмыс істеген жылдар ішінде көптеген жоғары білікті мамандарды оқытып, қызметте өсіріп, олармен қуана-қуана жұмыс істедім. Қазір мен жартылай зейнетке шыққан болсам да, Қазақстанның даму барысын мұқият бақылап отырмын және оны өркендейді деп үміттенемін. Дегенмен, кейбір қадамдарды мүмкіндігінше тезірек жасау қажет.
Сыбайлас жемқорлықты тоқтату керек. Мемлекеттік органдар қызметкерлерді олардың біліктілігіне қарай жұмысқа қабылдауы тиіс, ал «басқа» критерийлер негізге алынбауы қажет. Бүкіл мемлекеттік сатып алатынатын дүниелерге қатаң бақылау орнату қажет. Кез келген парақорлық пен негізсіз тексерулерге жедел түрде қатаң жаза қолдану керек.
Мен Қазақстанның дұрыс бағытта дамитынына сенемін, және бұл өркендеудің жемісін тек санаулы адамдар ғана емес, барлық қазақстандықтар көреді деп үміттенемін.
Дорин Бару — зейнеткер, бұрынғы OMV Petrom Kazakhstan компаниясының басқарушы директоры.
Жаңалықтар
- Трамп: АҚШ Иранға жасалатын соққылардың қарқындылығын 20 есе арттыруы мүмкін
- Қырғызстанда мектеп маңында зиян тағам сатуға тыйым салынады
- Тегеран Түркия, Әзербайжан және Кипрге шабуыл жасамаған — Иран СІМ
- 2430 жылға сотталуы мүмкін: Ыстамбұлдың экс-мэріне қатысты сот басталды
- Ирандағы «мұнай аралас жаңбыр»: ДДҰ дабыл қақты
- Атырауда Жангелдин ауылының жоғалып кеткен екі тұрғынының мәйіттері табылды
- Қазақстанның үздік теннисшісі турнирдің ширек финалына шықты
- «Қышқыл бұлттар» пайда болғаны туралы ақпарат жалған
- Дауыс беру кезінде «өшіп кететін сия» туралы бейнеге ОКҚ түсініктеме берді
- Ұлттық банк төрағасы Қазақстандағы инфляцияның үдеу қаупі туралы айтты
- Уиткофф пен Кушнердің 10 наурыздағы Израильге сапары тоқтатылды
- АҚШ қоғамы Трамптың кенже ұлы Бэрронды Ирандағы соғысқа жіберуді талап етіп жатыр
- Қазақстандық ғалым Шыңжаңда Абайды «дұрыс түсіндірмеді» деген айыппен сотталды
- Щучинскідегі өрттен зардап шеккен тағы екі адам ауруханада бақилық болды
- Таяу Шығыстан 7,3 мыңнан астам қазақстандық эвакуацияланды
- Ирандағы соғыс жағдайына байланысты әлемдік нарықта мұнай бағасы өсе түсті
- Тараз тұрғыны «өзін-өзі тонап», қарақшылық туралы экшн сценарий ойлап тапқан
- Таяу Шығыс елдеріне 28 ақпаннан кейін рәсімделген турларға кепілдік берілмейді
- Алматыда ауаның ластанғаны ескертілді, мәслихат арнайы ереже қабылдады
- Спортшыларымыз халықаралық аренада бірнеше жарқын нәтиже көрсетті