Жәнібек Әлімханұлының қанында мельдоний қайдан жүр? Боксшыға дәрі егілген

cover Фото: әлеуметтік желіден

Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы IBF/WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына алты айлық жарыстан шеттету тағайындады. Бұл жаза 2025 жылдың 2 желтоқсанынан бастап есептеледі. Бұндай шешімге 6 желтоқсанда Карлос Адамеске қарсы өтуі тиіс жекпе-жек алдында алынған допинг-сынаманың оң нәтижесі себеп болды, деп хабарлайды Orda.kz Stevekimboxing сайтына сілтеме жасап. 

Әлімханұлы Сан-Антонио (Техас) қаласында өтуі керек болған жекпе-жек қарсаңында VADA ұйымы тексерісінен өтті. Орта салмақтағы әлем чемпионының ағзасынан мельдоний табылды. 

Айта кетейік, 7 мамыр күні Әлімханұлы қатты бас ауруы, жүрек айну, құсу және бас айналу белгілеріне байланысты Adam Clinic клиникасына жүгінген. Бұл жағдай 25 сәуірде Астанада өткен Анауэль Нгамиссенгеге қарсы жекпе-жектен кейін болды. Емдеу барысында оған құрамында мельдоний бар «Рипронат» препараты егілген. Ресми есепте бұл дәрі «жағдайдың өткір сипатына байланысты көктамыр арқылы салынды» деп көрсетілген.

«Біз анықтағандай, мельдоний ағзада тоғыз айға дейін сақталуы мүмкін. Ол клиникада ем қабылдаған кезде ешқандай жекпе-жек жоспарламаған. Дәрігерлер оған толықтай заңды, бұл елде тіпті рецепсіз берілетін дәріні қолданған», – деді боксшының менеджері Эгис Климас. 

Ресми шешімде «мельдоний тек медициналық тұрғыдан негізделген шұғыл емдеу аясында қолданылғаны» мәлім болды.

Сондай-ақ Әлімханұлы 2016 жылға дейін Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен кезеңінде көптеген допинг-сынақтан өтіп, барлығы теріс нәтиже көрсеткен. 

Жарыстан шеттетуден бөлек, Әлімханұлы айыппұл төлеп, WADA-ның ADEL платформасында допингке қарсы білім беру бағдарламасын аяқтауы тиіс. Сондай-ақ дисквалификация мерзімі аяқталғаннан кейін өз қаражаты есебінен допинг-сынақ тапсыруы қажет.

IBF бұл жағдайға байланысты қандай шешім қабылдайтыны әзірге белгісіз. 

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар