Жаңбырдан кейін көліктерді лай басты: Атырау тұрғындары «лас жауынға» шағымдануда

cover Фото: Orda.kz

Атырауда соңғы жауыннан кейін тұрғындар көліктерінде пайда болған түсініксіз іздерге жаппай шағымдана бастады. Олардың айтуынша, автокөліктердің үстін жуылуы қиын лай дақтары басып қалған, деп хабарлайды Orda.kz.

Қала тұрғындары мұндай жағдайды бұрын байқамағандарын айтады. Бірнеше минут жаңбыр астында тұрғанның өзінде көлік шаңды дауылдан кейінгідей дақтанып қалған.

«Сыртқа бірнеше минутқа ғана шықтық, ал көлік түгел лай болып қалды. Бұл кәдімгі жаңбыр емес сияқты әсер қалдырды», — дейді тұрғындар.

Кейбірі мұндай іздердің киімде де қалғанын айтады. Бұл өз кезегінде ауа сапасы мен жауынның құрамына қатысты сұрақтар туғызды.

Тұрғындар бұл құбылысты соңғы айлардағы ауа райымен байланыстырады. Жыл басынан бері Атырауда кемінде бес рет шаңды дауыл болған. Олардың пікірінше, шаң ауада жиналып, жаңбыр кезінде жерге түскен.

Осылайша, жауын-шашын құм мен шаң араласып, лай дақтарының пайда болуына себеп болуы мүмкін. Әзірге мұндай жауынға қатысты ресми түсініктеме берілген жоқ.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар