Заңсыз активтерді қайтару аясында мемлекетке 1 трлн теңгеден астам қаржы құйылды – Бас прокуратура

cover Фото: Ашық дереккөзден

Жалпы алғанда 1,3 трлн теңгеден астам сомаға активтерді қайтару бойынша шаралар қабылданды, оның ішінде мемлекетке нақты қайтарылғаны – 1,076 трлн теңгеден асады, деп хабарлайды Orda.kz  Бас прокуратура таратқан мәліметке сүйеніп.

Ведомство 2025 жылғы жұмыс қорытындыларын жариялады. Арнайы комиссия активтерді қайтару шаралары қолданылатын субъектілер мен олармен аффилирленген тұлғалардың тізілімін қалыптастырды.

Комиссия 6,5 трлн теңгеден асатын активтерді қайтару шараларын мақұлдады, оның шамамен 5,5 трлн теңгесі 2025 жылға тиесілі. Активтерді ерікті түрде қайтаруға ерекше көңіл бөлінуде. Заң субъектілерімен және олармен аффилирленген тұлғалармен 70-тен астам келісім жасалды

Келісім рәсімдерінің нәтижесінде заң субъектілері 5,2 трлн теңге көлемінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру міндеттемесін алды. Олардың қатарында туристік кешендер салу, көлік-логистикалық орталықтар ашу, зауыттар мен басқа да өнеркәсіп нысандарын жаңғырту бар. Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, шамамен 2,5 мың жұмыс орны сақталады деп күтілуде.

Прокуратура талап-арыздарының нәтижесінде соттар 165 млрд теңге көлеміндегі активтерді мәжбүрлеп мемлекетке қайтару туралы шешім қабылдады. Тек 2025 жылдың өзінде соттар мемлекетке 148,6 млрд теңге көлеміндегі активтерді қайтару туралы шешім шығарды.

Бюджет комиссиясының шешімімен арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен 434 нысанның құрылысы қаржыландырылды. Олардың ішінде 227 су қамтамасыз ету нысаны, 183 денсаулық сақтау нысаны, 11 білім беру нысаны, 5 спорт нысаны, сондай-ақ әуежайларды қайта жаңғыртуды қоса алғанда инфрақұрылымдық жобалар бар. Қысқа мерзімде 312 нысанның құрылысы аяқталды, оның ішінде 2025 жылы – 283 нысан салынды.

«Бас прокуратура БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа кеңесі, ЭЫДҰ, Интерпол және FATF ұйымдарымен, сондай-ақ мамандандырылған халықаралық желілермен өзара іс-қимыл жасайды. 2025 жылы бірқатар шетелдік ұйымдармен, оның ішінде Молдова мен Болгарияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдарымен, сондай-ақ Ирландияның Қылмыстық активтермен күрес бюросымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды» деп жазылған хабарламада. 

Халықаралық өзара іс-қимыл аясында Қазақстан прокуратурасы Интерполдың жаңа құралдары — «Күміс бюллетень» және «Күміс хабарламаға» қол жеткізіпті. Бұл құралдар мемлекеттерге заңсыз шығу тегі болуы мүмкін шетелдегі активтер туралы ақпарат алмасуға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар