ЖОО-дары екпе алған студенттер арасында акция ұйымдастырды

cover © sputniknews.kz

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстандағы жоғарғы оқу орындары студенттер арасында вакциналауға қатысты жеңілдіктер ұйымдастырғанын мәлімдеді.  

Бұл туралы Orda.kz хабарлайды.

Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, COVID-19-ға қарсы вакциналанған студенттер университеттердің мүмкіндігіне байланысты оқу ақысына, жатақханаға орналасуға қатысты жеңілдіктер және түрлі сыйлықтар алады.

– Осылайша, университеттер халықтың денсаулығын қорғау үшін вакциналау мөлшерін арттыру жұмыстарын қолдайды. Студенттер ғана емес, жоғары оқу орындарының екпе алған оқытушылары да материалдық ынталандырылатын болады, делінген хабарламада.

Министрлік мәліметінше, вакцинаны қолдайтын бұл акцияны бірқатар жоғарғы оқу орындары бастап та кеткен.

– әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Гумилев атындағы ЕҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Сәтпаев атындағы ҚазҰТЗУ, Әуезов атындағы ЮКУ, Өтемісов атындағы ЗҚУ, Досмұхамедов атындағы Атырау университеті вакциналауды қолдайтын акцияларды бастап кетті, - деп хабарлады министрлік.

Бірқатар жоғары оқу орындары студенттері үшін оқу ақысына, жатақханаларда тұруға, шипажайларға тегін жолдамаларға, тегін тамақтану және қоғамдық көліктерде тегін жүруге жеңілдіктер қарастырылған.

Сондай-ақ, вакцина алған студенттер үшін университеттерде шет тілдерін оқыту, компьютерлік сауаттылық және кәсіпкерлік дағдыларды дамыту бойынша тегін курстар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, кейбір жоғары оқу орындарының студенттері фитнес залдарына, бассейндерге, театрларға, кинотеатрлар мен концерттерге тегін билет алады.

Вакциналанған оқытушылар жәрдемақы алады немесе олардың демалыс күндері ақылы болады.

– Университеттер коронавирустың елдегі таралу жағдайына алаңдаулы. Олар үшін студенттер мен оқытушылардың денсаулығы бірінші кезекте тұр. Бұл акция азаматтарымыздың сана-сезімдерін оятуға көмектеседі деп сенеміз. Қауіпті вирусты жеңіп, карантиннің тезірек аяқталуына жағдай жасаймыз. Басқа университеттерді де осы акцияға қосылуға шақырамыз. Өйткені вакцина – коронавирусты тоқтатудың жалғыз жолы, деді Қуаныш Ерғалиев.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар