«Ұстаздардан миллион талап еткен кім?»: Сот әділ шешім шығарды

cover Фото: Envato

Бурабай аудандық білім бөлімі төрт мектепте биология пәнінен сабақ берген ұстаздан 1,8 млн теңге қайтаруды талап етті, деп хабарлайды Orda.kz.

Ақмола облыстық сотының мәліметінше, бұл сома табельдегі қателіктерге байланысты аударылған.

Ревизиялық комиссияның тексерісі нәтижесінде, ұстазға жалақы мен демалыс ақысы дұрыс есептелмегені анықталды. Ал қаражатты қайтаруды білім бөлімі ұстаздардың мойнына артып отыр. Осындай қателіктер тағы үш ұстаздың еңбекақысында да табылған: сомалар 66 мыңнан 600 мың теңгеге дейінгі аралықта.

«Д. ұстазға орындамаған жұмыстары үшін ақша төленсе, И. және Н. ұстаздарға дұрыс категория берілмегендіктен артық төлем жасалған» делінген комиссия қорытындысында.

Алайда сот ұстаздардың адал еңбек еткенін дәлелдеп, олардың жағына шықты. Есепшілер мен экономистерге тәртіптік жаза қолданылғанымен, тиісті тексеру жүргізілмеген. Соттың шешімімен білім бөлімі ұстаздардан қаражат қайтаруды талап етуге құқығы жоқ деп танылды.

Сот талап арызды қанағаттандырмады, ал шешім заңды күшіне енді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар