Ұлытаудағы су тасқыны: 47 миллион теңге шығынға байланысты айыпталған шенеунік сотта ақталды

cover Фото: Әлеуметтік желіден

Ұлытау аудандық соты облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қуат Имантүсіповты қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыптаған қылмыстық істі қарап, оны кінәсіз деп тапты. Бұл туралы Orda.kz хабарлады.

Сот барысында 47,2 миллион теңге көлеміндегі шығын 2024 жылдың көктемінде Жезді ауылында болған су тасқыны салдарынан туындағанымен, бұл Қуат Имантүсіповтің әрекетіне қатысты емес екені анықталған.

Еске сала кетсек, көктемде Ұлытау облысындағы Жезді өзені арнасынан асып, он үйді су басып, 108 адам, оның ішінде 56 бала эвакуацияланған. Осы оқиғадан кейін тергеу органдары өзен жағалауын бекіту мен санациялау жұмыстары барысында қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен Имантүсіповке айып таққан. Мемлекетке келтірілген шығын 47,2 миллион теңге деп бағаланған.

Алайда сот тергеу барысында бірқатар заңбұзушылықтарды анықтаған. Атап айтқанда, тергеу сілтеме жасаған топырақ пен қиыршық тастың зертханалық сынақтары тиісті аккредитациядан өтпеген, кейбірі мүлде жүргізілмеген. 2025 жылдың 15 мамырында жүргізілген қайта сараптама нәтижесінде бөгет құрылысы кезінде ешқандай заңбұзушылық анықталмаған. Сарапшылар барлық жұмыстардың жобаға сай орындалғанын растаған.

Сот Қуат Имантүсіповтің әрекеттері мен су тасқыны салдарынан болған залал арасында себеп-салдарлық байланыс жоқ екенін ерекше атап өтті. Тұрғын үйлерді су басуы құрылыс сапасына емес, өзендегі судың шамадан тыс көбеюіне байланысты болған.

Осыған байланысты сот Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 361-бабы бойынша Қуат Имантүсіповті кінәсіз деп таныды, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын алып тастады, банктік шоттардағы бұғатты шешті және барлық айғақ заттарды мердігерге және бақылаушы органдарға қайтарды.

Сот сонымен қатар шенеуніктің заңсыз тергеу әрекеттерінен келген моральдық және материалдық шығынды өтеу құқығын мойындап, барлық процестік шығындарды мемлекет есебінен өндіруге шешім шығарды.

Ең қызығы: Жезді өзенінің жағасын бекіту жұмыстарын жүргізген мердігер — «TOLAGAI-2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болған. Сот материалдарына сәйкес, бұл компания марқұм Болат Назарбаевтың қызы, яғни Қазақстанның тұңғыш президентінің бауырының қызы — Ақбота Назарбаеваға тиесілі. Бұл компания бұған дейін де мемлекеттік сатып алулардағы заңсыз әрекеті үшін бірнеше рет сот ісіне тартылған.

Orda.kz-ке берген сұхбатында Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Көлік министрлігінің Назарбаеваның фирмасымен келісімді бұзып, мемлекетке келген шығынды қайтаруға талап қоймағанына наразылық білдірді.

Еске салсақ, былтыр Ұлытау облысының прокуратурасы экологиялық заңнаманы сақтамағаны үшін 11 әкімге қатысты әкімшілік іс қозғаған болатын.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар