«Ұлыма несие алдырып, өлтірді»: «Шатыр басып қалған» сарбаздың алғашқы сот отырысы басталды
Фото: Алмас Шахимов. Үй мұрағатынан алынған сурет
Алмас Шахимов осыдан үш жыл бұрын әскери қызметін өтеп жүргенде қайтыс болды. Ол Ұлттық ұланда бар болғаны екі ай ғана қызмет еткен. Ресми деректерде «құмды дауылда үстіне шатыр құлап қайтыс болды» деп жазылған. Әскерилер марқұм сарбазға табиғи апат кезінде бірнеше қаруласын құтқарып қалған деп «Ерлігі үшін» медалін де тағайындағандарын айтты. Алайда ата-анасы бұл нұсқаға да, марапатқа да, ұсынылған материалдық өтемақыға да түбегейлі қарсы. Олар шындық пен әділдік іздейді. Бірақ осы күнге дейін бір нәтиже жоқ. Ақыры 29 мамыр күні Алматыда марқұмның ісі бойынша алғашқы сот отырысы өтті. Бұл сотта бұрынғы взвод командиріне не үшін үкім шықты және неге ата-анасы бұл жазаны әділетсіз деп санайды?
Orda.kz тілшісі осы сұрақтардың жауабын біліп, сот отырысына қатысып қайтты.
Алмас Шахимовтың оқиғасы кезінде қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Оның қазасы бірнеше журналистік зерттеуге арқау болды.
Тергеу жүргізгендер қайғылы оқиға болған күні Алматы облысында ешқандай құмды дауыл болмағанын дәлелдеді.
Сондай-ақ, ресми нұсқаға күмән келтіретін өзге де деректер айтылды. Соған қарамастан, тергеу органдары әлі күнге дейін оның өлімін күш қолдану арқылы жасалған қылмыс ретінде қарастырған жоқ.
Алмас Шахимов 2022 жылдың 9 тамызында Ұлттық ұланның 5571 әскери бөліміне шақыртылғаннан кейін небәрі екі ай өткен соң көз жұмды. Айта кетейік, дәл осы әскери бөлімде кейін тағы бір мерзімді қызметтегі сарбаз Ербаян Мұхтар басынан өте ауыр жарақат алып, миы зақымданған еді. Бұл оқиға да бүкіл Қазақстан халқын дүрліктірді.
Жауап іздеген Алмастың отбасы наразылық білдіріп алаңға шыққандарын айтты. 2023 жылдың желтоқсанында марқұмның денесі эксгумацияланды.
«Оң жақ білегінде, тізесінде және табанында үш пышақ жарасы анықталды. Сонымен қатар, тұншықтыру іздері мен 26 дене жарақаты бар. Бүйрегі езілген, бас сүйегі сынған, арқасына темекі басылған», — деп баяндаған еді сол кезде Orda.kz-ке Алмастың анасы Индира Туғанбаева.
Қайғылы оқиғаға қатысты отбасына белгілі жайттарды Индира біздің редакцияға берген сұхбатында егжей-тегжейіне дейін айтып берген. Сұхбатты мына жерден оқи аласыз.
Содан бері жылдар өтсе де Индира Тұғанбаева әскери мекемелердің де, азаматтық мекемелердің де табалдырығын тоздырып келеді. Ол бір күні шындық ашылып, адал тергеу жүргізіледі деген үмітін үзбеді. Алайда әзірге нәтиже жоқ.
Алмастың ісі бойынша үш бөлек қылмыстық іс қозғалған. Бірақ бұл істердің біреуінде де кінәлілердің әділ жаза алатынына анасы сенбейді.
Жедел сот және жеңіл үкім: Әскери қызметшілердің атына несие рәсімдеген кім?
Алматыда алғашқы сот бар болғаны бір күнде өте шықты. Бұрынғы офицер Ерболат Шаназар ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлімінің 3 және 4-тармақтары бойынша — «Қызметтік жағдайын пайдалана отырып алаяқтық жасау» айыбымен кінәлі деп танылды. Тергеу оның взвод командирі бола тұра, қарамағындағы сарбаздардың банк қосымшалары арқылы атына несие рәсімдегені анықталған.
«Орда» тілшісі үкімді жариялау процесіне қатысты. Алматы гарнизонының әскери сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, іс қысқартылған тәртіппен қаралған. Себебі айыпталушы өз кінәсін мойындап, келтірілген шығынды өтеген. Ал жәбірленуші тарап үдерісті жедел жүргізуге қарсы болмаған.

Прокурор Шаназарға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Алайда сот оған 2 жыл бостандығын шектеу жазасын тағайындап, 200 сағат қоғамдық жұмысқа тарту туралы шешім шығарды. Сонымен қатар, ол пробация қызметінде күн сайын белгіленіп тұруы керек.
«Үкіммен келісеміз. Ол менің қорғауымдағы адамның әрекетіне сай келеді», — деді айыпталушының адвокаты. Ал Ерболат Шаназардың өзі үкімге қатысты ештеңе айтпады.
Несие үшін менің ұлымды өлтірді — сарбаздың анасы
Қайтыс болған сарбаздың анасы соттың Шаназарға тым жұмсақ қарағанын айтады. Оның сөзінше, бұрынғы офицер сарбаздардың атынан несие алып, ақшаны бәс тігуге жұмсаған. Мұндай үкімнің шығуына қылмыстық істе тек 48 мың теңге көрсетілгені себеп болуы мүмкін. Бұл ақшаға оның ұлының картасынан аға қызметкерлерге екі батырмалы телефон сатып алынған. Алайда анасының ойынша, даудың басты себебі осы қаражатқа қатысты басталса керек.
«Мен соттың шешімімен келіспеймін. Өйткені Шаназар — қылмыскер. Ол менің ұлым оқу-жаттығудан өтіп жатқан ротаның командирі болған. Төрт күннен кейін-ақ Алмастың телефоны арқылы несие рәсімдеген. Иә, олар басты дәлел ретінде бұл үлкен қаражат емес екенін айтады. Бірақ дәл сол аз ақша үшін менің ұлымды өлтірді. Осы несиелерден кейін оның басына қиындықтар түсті. 2 жыл бостандығын шектеу деген шешім әділетсіз. Ол отбасымен үйінде болады. Ал менің жалғыз ұлым қайтыс болды! Бұл несие оның өліміне себеп болды. Мен сотпен келіспеймін. Күресуді тоқтатпаймын», — деді Индира Туғанбаева.
Алмастың әскерге кеткеніне көп өтпей-ақ банк қызметкерлері Индираға қоңырау шалып, ұлының атына рәсімделген несие бойынша төлемнің кешіктірілгенін хабарласқан. Анасы бірден жауапты офицерлердің бірі — Дмитрий Карпенкоға хабарласқан. Оның айтуынша, дәл осы Карпенко 29 мамырда Алмас пен өзге де сарбаздардың телефонын жинап алған.
«Мен банк хабарласқанын айтып, несиенің қайдан шыққанын сұрадым. Ол маған айқайлап: «Не, мен алды дейсің бе, несиені? Телефон менде болды екен деп, мен рәсімдеді деп ойлама» деді. Сосын: «Осы қарқынмен ұлың әскери борышын соңына дейін өтей алмайды» деп қорқытты. Ақыры солай болды да», — деді көзіне жас алған Индира.
Сол әңгімеден кейін бөлімнен өзге әскери қызметкерлер Индираға хабарласып, мәселені шешіп жатқанын, несиелерді жауып беретінін айтқан. Олар одан Карпенкоға қайта хабарласып, осыны жеткізуді сұраған. Алайда, Индираның айтуынша, 48 мың теңге ғана емес. Бір сәтте Алмастың картасында 280 мың теңгеге жуық ақша түскен. Бұл өзге сарбаздардың туыстары жіберген қаражат.
Қайғылы оқиғадан екі күн бұрын Алмас әжесімен сөйлесіп тұрып:
«Сендер несие үшін шу көтеріп, бекер жасадыңдар. Өзіміз тыныш жауып қоя салуымыз керек еді. Қазір маған мұнда өте қиын», — деген.
Индира бұл сөздерге сол кезде мән бермегеніне өкінеді. Енді өзін кінәлайды:
«Анам маған бірден: «Алмасқа бірдеңе болып жатыр» деді. Сонда мен неге ұшаққа отырып, бірден ұлыма бармадым? Бұл бір белгі еді ғой. Біз оны түсінбедік. Енді кеш түсінгеніме өкінемін. Алмас несие жайлы өзі тіпті айтпады. Мен оған емес, банкке хабарласқанда бір-ақ білдім».
Индира егер сол кезде бәрі дұрыс бағаланса, бәлкім, трагедияның алдын алуға болар еді деп отыр. Оның айтуынша, эксгумация кезінде анықталған жарақаттар мен бұрынғы сараптамадағы фотолар баласының әлімжеттіктен қаза тапқанына бұлтартпас дәлел.
Сонымен қатар, әйелдің айтуынша, үкім оқылардан бір күн бұрын Шаназардың адвокаты оған хабарласып, татуласуды ұсынып, 100 мың теңге өтемақы ұсынған. Әңгіме кезінде адвокат бірнеше рет:
«Егер Шаназар сол күні сол жерде болғанда, мұндай жағдай болмас еді» деп айтқан. Бұл сөздер тікелей дәлел болып көрінді.
«Егер дауыл болса, ол қалай құтқарып қалар еді? Ол Құдай емес қой. Бұл ол бірдеңе біледі деген сөз. Бірақ айтқысы келмейді», — деді ол.
Анасы татуласудан бас тартқан. Ол кешірім тек шындық ашылған жағдайда ғана болуы мүмкін екенін айтқан. Бірақ Шаназар шындықты әлі айтпады.
Тағы бір күдік тудыратын жайт — Алмас қаза тапқан соң келесі күні Шаназардың жұмыстан шығарылғаны. Бірақ ата-анасына оның Талдықорғанға ауыстырылғаны айтылған.
«Алмастың бұрынғы взводтасы маған: «Оны ешқайда ауыстырған жоқ, 10 тамызда жұмыстан шығарылды» деп айтқан», — деді Индира.
Жалпы алғанда, Шаназар ісінің сотқа дейін жеткеніне өзі де таң. Себебі іс екі рет жабылған:
«Маған: «Несие қаражаты аз, дәлел жоқ» деді. Бірақ ол кінәсін өзі мойындаған. Мен Астанада шу шығарған соң, істі қайта ашты. Бірақ бәрібір тек бостандығын шектеумен шектелді. Мен оны кешірген жоқпын және кешірмеймін. Жаза жеңіл болды. Ол үйінде, отбасымен бірге болады. Ал менің жалғыз ұлым жоқ».
«Соңына дейін күресем, ұлымның өліміне кінәлілерді табамын»
Алматыда Алмастың ісі бойынша екінші сот отырысы өтпек. Бұл жолы — сарбаз қаза болған күні оған тікелей жауапты болған командир жауапқа тартылады. Оған ҚР ҚК 453-бабы — «Қызметке немқұрайлы қарау» бойынша айып тағылған.
«Тергеу аяқталды. Бізге 50 томнан тұратын қылмыстық іс материалдарын берді. Танысып шыққан соң, сот күні белгіленеді», — деді Индира.
Алайда ол бұл процестің де жай ғана ресми жауаппен шектеліп қалуынан қорқады.
«Оған тым жеңіл бап бойынша айып тағылған. Ал бұл — менің ұлымның өліміне тікелей байланысты. Адвокаттарымыздың барлық өтінішін кері қайтарып жатыр. Бейнежазбалар, киімдер — бәрі іс материалдарынан жоғалып жатыр», — деді ашынған ана.
Алмастың жақындары сотты Астанаға ауыстыруды сұраған. Өйткені өздері Көкшетауда тұрады. Алматыға барып, сонда тұру олар үшін өте қиын. Онлайн қатысу да ыңғайсыз. Бірақ бұл өтініш те ескерусіз қалды.
«Сот Астанада болсын деп жалындым. Алматыға барып-келу өте қиын. Тұратын жеріміз жоқ, жалдауға шамамыз жетпейді. Бар ақшамыз адвокаттарға кетіп жатыр. Біз бүкіл отбасымызбен несиеге баттық. Бірақ маған: «Сот Алматыда өтеді» деді. Егер тағы да шартты жаза болса, «шыдай алмай қаламын ба? Сол күні өліп кететін шығармын деп қорқамын», — дейді Индира.
Ол моральдық және физикалық тұрғыдан шаршағанын мойындайды. Бірақ тоқтамақ емес.
«Ішім кек пен ашуға толы. Шаршадым. Анам үшінші мәрте инсультпен ауруханада жатыр. Ал мен тек Алмас үшін шыдап жүрмін. Оның қабіріне барғанда, әрқашан: «Күресемін, сені өлтіргендерді табамын, берілмеймін» деп уәде беремін», — дейді ол.
Сарапшы пара талап етті ме?
Алмастың ісі бойынша бөлініп шыққан тағы бір қылмыстық іс — жемқорлыққа байланысты. Күдікті — алғашқы сот-медициналық сараптаманы жүргізген маман. Қазірге бұл іс жайлы толық ақпарат жоқ. Orda.kz бұл жағдай бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен ІІМ-ге ресми сұрау жолдады.
Индира және әскерден ұлынан айырылған өзге ата-аналар күресті жалғастырып келеді. Олар қоғам назарын аудартуды ғана емес, ең бастысы — әділдікке қол жеткізуді көздейді.
Жаңалықтар
- Бакиев жақсы тұрып жатыр, біз оны сіздерге бермейміз – Лукошенко
- Қазақстанда зергерлік бұйымдарды ұрлап, ізін суытқан әйел Стамбұлда ұсталды
- «Алмас менің жүрегімде»: марқұм Алмас Шахимовтың ісіндегі айыпталушы соңғы сөзін айтты
- «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында 122 млрд-тан астам бұзушылықтар анықталды
- №2 перзентхананың дәрігері өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды
- Елімізге танымал спорт журналисі өмірден озды
- Прокурор «Қазақтың Робин Гуды» Ілияс Сәриев пен оның серіктесін 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
- Темірлан Еңсебекке тағы бір айып тағыла ма? Qaznews24 әкімшісін прокуратура қайта шақырды
- «Талғар — ең қауіпті аудан емес»: Сұлтанғазиев өңірдегі қылмыс туралы айтып берді
- Солтүстік Корея мектептерінде орыс тілі міндетті пән болып енгізілді
- Жаңа парламентті Мәулен Әшімбаев басқара ма?
- Жамбыл облысында сәлем салудан бас тартқан келін дөрекі сөйлеген күйеуін сотқа берді
- Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шағын құрамдағы отырысына қатысты
- Тасмағамбетовтың қызметтегі соңғы күні: ҰҚШҰ-ның бұрынғы бас хатшысы енді қайда барады?
- «Тасмағамбетов кетіп, Масадықов келді»: Бішкекте ҰҚШҰ-ның жаңа бас хатшысы тағайындалды
- «Бәрі террорист емес»: Әміржан Қосанов Тоқаевты сынап ашық хат жолдады
- Алғабастағы өрттен жапа шеккен жеті жастағы қыз әлі өте ауыр күйде жатыр
- Құлағы нашар еститін жүргізушіге жол ақысын төлемей кеткен жолаушы табылды
- «Қайрат» сыртқы алаңда «Копенгагеннен» 3:2 есебімен ұтылды
- «Әйелін атпен сүйреп өлтірген»: Талдықорғандағы елдің жағасын ұстатқан іс сотқа жетті