«Ұлттық құрама әкеңнің төрі емес»: Бақыт Сәрсекбаев президенттің тапсырмасымен елге оралды

cover Фото: instagram/ b.sarsekbayev

Бокстан 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев елге оралып, жаңа қызметке тағайындалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz. 

Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында елге президенттің тапсырмасымен келгенін айтты. Оны туризм  және спорт министрінің  өзі шақырыпты. 

«Маған министрдің берген тапсырмасы - ұлттық құрама жанынан резервтік құрама құру. 12-19 ақпан аралығында 18-22 жас аралығындағы боксшылар арасынан резервті құрамаға іріктеу чемпионаты өтеді. Сол құрамада жүлделі орынды еншілеген жас боксшылар менің қол астымда жаттығуды бастайды» деп жазды боксшы.

Бақыт Сәрсекбаев резервтік құрама құрудағы негізгі мақсатын түсіндірді. 

«Қазіргі ұлттық құрама өзінің жағдайын Олимпиадада, Азия Чемпионатында көрсетті. Спортшылардың бұлай әлсіреуі бәсекелестіктің жоқтығы. Өз салмағында теке тіресіп тұрған мықты бәсекелесі болмаса, спортшы өспейді, босаңсып кетеді. Мен ең мықты ұлттық құрамада болдым, ол кезде Бақтияр Артаев, Серік Сапиев, Гена Головкин, Серік Елеуов, Қанат Әбутәліпов, Мейіржан Рахымжанов, Галиб Джафаров сияқты кіл мықтылар болды. Бір салмақта 5-6 мықтыдан болдық», - дейді ол. 

Боксшы спортшыларға босаңсуға болмайтынын айтып, кеңес берді.

«Ұлттық құрама әкеңнің төрі емес екенін білеміз, еркелігің ешкімге керек емес, қалт етсең сенің орныңды басатын резерв толып жүр, тек жаныңды салып, тер төксең ғана дегеніңе жете аласың. Қазір мен бірнеше спорт базаларын аралап көрдім, керемет жағдайлар жасалған. Тіпті біз армандамаған нәрселер бар. Тек дайындал да, нәтиже көрсет. Менің жаттығуларым жеңіл болмайтынын боксшылар біледі. Сол үшін де маған жүрегінде түгі бар, көзінде оты бар, амбициясы биік, жаттығудан шаршамайтын балалар ғана келеді. Олимпиада чемпионы болам дегендер келеді» деп жазды спортшы.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар