Украинадан оралған Лұқпан Ахмедияров пен Рауль Упоров Астана әуежайында ұсталып, тексерістен кейін босатылды

cover Бейнежазбадан скриншот

Украинадан оралған қазақстандық журналистер Лұқпан Ахмедияров пен Рауль Упоровтың, сондай-ақ олардың операторы Еркебұлан Ғапуовтың ұсталғаны туралы журналист Динара Егеубаева мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz.      

«Лұқпан Ахмедияров, Рауль Упоров және олардың операторы Еркебұлан Ғапуов Астана әуежайында ұсталды. Олар Украинаға жасаған сапарынан жаңа ғана оралды» деп жазды Егеубаева әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Ахмедияровтың сөзінше, журналистерге оларды «әлемдегі соңғы оқиғаларға байланысты тексеріп жатқанын» айтылған. Себебі олар «Еуропада мен Украинада болған».

«Қызметкердің айтуынша, қазір ҰҚК қызметкері немесе қызметкерлері келеді де, бізді соларға тапсырады. (…) Біз қазір шекаралық паспорттық бақылау кабиналары тұрған аймақта отырмыз. Паспорттарымызды алып қойды. Бізден сәл қашық жерде азаматтық киімдегі адамдар тұр», – деп келтірді олардың сөздерін Егеубаева. 

Жағдай туралы Упоровтың өзі де әлеуметтік желідегі парақшасында жазды:

«Астанаға ұшып келгенде шекаралық бақылауда паспорттарымызды алып қойды. Бізді бөлек кабинетке кіргізді».

Кідірістің себебін сұраған Упоровқа  «Геосаяси жағдайға байланысты. Сіздер Украинада болғансыздар ғой?» деген жауап берілген.

Оның «Иә, бірақ не болды? Қазақстан Украинамен дипломатиялық қатынасты үзді ме?» деген сұрағына «Ол жақта соғыс жүріп жатыр» деп жауап берген тексеру қызметкері.

Журналист ол жаққа екінші рет барып отырғанын,  бірақ мұндай жағдай алғаш рет болып тұрғанын сұрағанда тексеру қызметкері олармен ҰҚК қызметкері әңгіме жүргізуі тиіс екенін айтқан. 

Журналистер жағдайдың қалай аяқталарын күтіп отырғандарын мәлімдеген еді.

Артынша Рауль Упоров олардың барлығы босатылғанын хабарлады.

«Біраз отырдық, кейін бізді жіберді. Кешірім сұрап, «осылай болғаны үшін кешіріңіздер» деді. Не болып қалды? Неге бізді ұстады? Ешкім ештеңе түсіндірмеді. Паспорттарымызды қайтарды, жалпы біз кетіп бара жатырмыз»  деп жазды Упоров әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Еске салсақ,  былтыр сәуір айында Ахмедьяров ұсталған болатын. Ол өзінің ұсталғанын Батыс Қазақстаннан ер адамдарды Ресейге жұмыс істеуге апарып, кейін оларды Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасауға мәжбүрлеп жатқаны туралы жарияланымдарымен байланыстырады. Полиция журналистен жауап алған соң оны босатқан еді. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар