Түркістан облысында 16 жастағы қыз ана атанды

cover Фото: Orda.kz

Түркістан облысында 16 жастағы қыз ана атанды. Аты-жөнін атамауды сұраған Түркістан облысының тумасы 2024 жылдың көктемінен бері өмірінің күл-талқаны шыққанын айтады. Ал туыстары қыз шағымданбау үшін сырға салып, үйіне алып кеткен.

Orda.kz тілшісі жас өмірі қор болған қаршадай қызбен тілдесіп, істің мән-жайын анықтап көрді.

15 жастағы 9-сынып оқушысы сол кезде әлеуметтік желіде бір жігітпен танысып, сөйлесе бастаған. Ол алыстағы адам емес өзінің құда баласы болып келеді екен. Сонысына сендім деген қаршадай қыз жігіт пәтерден затымды алып кетемін дегенде еріп барғанын айтады.

Фото: Orda.kz
«Пәтерден затымды алып кетемін дегесін, артық ойсыз еріп бардым. Барған соң ол мені күштеп, жыныстық қатынасқа түстік. Осыдан кейін үйіме қарай асықтым. Ол менен қорықпауымды сұрап, ешкімге айтпауымды өтінді. Әйтпесе әскери қызметінен босатып жібереді екен. Жағдайды құрбым анама айтып қойып, ол полицияға шағымданатынын жеткізді. Осылайша жігіттің туыстары келіп, ештеңені ушықтырмауға шақырды. Маған сырға салып алып кетіп, беташар той да жасады», — дейді кейіпкеріміз.

9-сыныпты енді ғана аяқтаған қыз бала көтерген соң іс басталыпты. 15 жастағы бойжеткен ауруханаға тіркеуге тұру үшін барғанында ақ халаттылар учаскелік полиция шақырып, тергеу басталған. Содан қызды сырға салып алып кеткен отбасы бірден шешімінен тайқып, жүкті келіншекті үйіне алып келіп тастапты. Содан бері жәбірленуші үйінде.

Фото: Orda.kz
«Олар мені келіндікке ешкімге шағымданбауым үшін алған екен. Тергеу басталысымен керек емес болып қалдым. Ішімдегі баламен жалғыз қалдым, өзім босандым. «Күйемін-сүйемін» деген жігіт ата-анасының сөзінен әрі аса алған жоқ. Қазір құндақтаулы қызыммен анамның үйінде тұруға мәжбүрмін. Полицияға содан бері талай рет арыздандық. Алайда, 5 ай бұрын басталған тергеу бәз баяғы орнында. Мені пәтерге алып барып, арымды таптаған жігіт сырға салғанда әскери қызметімен қоштасқан болатын. Қазір қайда екенін құзырлы органның өзі анықтай алмай жатыр», — дейді жас ана.  

Ал, Түркістан облысының ПД баспасөз қызметі бұл іске қатысты тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.

«Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық мән-жайды анықтау үшін тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысымен процессуалдық шешім қабылданатын болады»,  деп мәлімдеді Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.  

Психологиялық соққы алған жасөспірім қазір далаға шығудан қалған. Өмірден түңілгені сонша өзіне қол салмақ та болыпты. Алайда, туыстары араша түсіп аман қалған.

Автор: Назерке Еркінбекқызы

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар