Тоқаев Олимпиада қарсаңында ұлттық құрама мүшелерімен кездесті

cover Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрама командасымен кездесті.

 Бұл туралы Orda.kz Ақордаға сілтеме жасай отырып хабарлады.

Мемлекет басшысы ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары қарсаңында Қазақстанның ұлттық құрама командасының мүшелерімен кездесті.

Қазақстан құрама командасының негізгі бөлігі кездесуге Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығынан телекөпір арқылы қатысты. Спортшылар Токиоға аттанар алдындағы соңғы жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.

Мемлекет басшысы Олимпиадаға баратын спортшылардың алдында сөйлеген сөзінде әлемнің басты спорт бәсекесінде ел намысын қорғау мәртебелі міндет, үлкен абырой, зор жауапкершілік екенін айтты.

Тоқаев аса күрделі кезеңде Токиода жағылатын Олимпиада алауы бүкіл адамзат үшін жаһандық індетпен күрестің символы болатынын жеткізді. Президент әлемнің түгелге жуық елінде ұзаққа созылған локдаунның қалыпты тыныс-тіршілікке ауыр соққы жасағанына тоқталды.  

– Сіздер халықаралық деңгейдегі өздеріңіздің көшбасшылық орындарыңызды нығайту үшін нағыз чемпионға тән мінез көрсетіп, Олимпиада лицензиясын иелендіңіздер. Осындай қиын-қыстау жағдайда сіздер спорттың өзін-өзі шектейтін қатаң режимін сақтап, өзгелерге үлгі көрсеттіңіздер, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Тоқаев Олимпиада тұғырына көтерілудің спортшылардың ғана жеңісі емес, бүкіл ұлттың абыройы екенін айтты.

– Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында Олимпиада тұғырына көтерілу сіздердің ғана жетістіктеріңіз емес, бүкіл ұлтымыздың абыройы. Олимпиада шыңы мыңдаған жасты спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға және көздеген мақсаттарына жетуге шабыттандырады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларымыздың Токиода рекордтық нәтижелер көрсететініне, әлемдегі жетекші спорт державаларының арасындағы беделін нығайтатынына сенім білдірді.

Фото: akorda.kz

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар