Тентіреген жастар, торыққан қараша халықтың шындығы және құрып бара жатқан Арал туралы «әдемі» баяндамалар
Фото: Orda.kz
Orda.kz тілшілері Арал қаласы мен жан-жақтағы ауылдарға тек бір мәселе үшін барған жоқ. Осы жолы сапарда бір өңірдің емес, бүтін елдің қайғысына айналған Арал теңізінің қазіргі жағдайы жайлы егжей-тегжейіне дейін сұрастырды. Арал қаласының әкімдігі бізге берген сұхбатында теңізде 22 түрлі балық, бекіре бар екенін, сонымен қатар 9 балық зауыты жұмыс істеп тұрғанын айтқан еді. Тілшілер ауыл-ауылды аралай келе әкімдіктің берген жауабының жалған екенін білді. Зауыттар жұмыс жасамақ түгілі қаңырап бос тұрғанын көрдік. Бұрын Арал теңізі болған кезде халық балық шаруашылығымен күн көрді. Қазір Арал теңізі тартылғаннан кейін халықтың жағдайы нашарлап, жан жаққа бас сауғалап кетіп жатыр. Осыдан төрт жыл бұрын балықшылар күніне 150 мың мен 200 мың теңгедей табыс тапқан. Қазір 5 мың мен 10 мың теңгедей ақшаны әрең табады. Балықтың жоқ екеніне, Арал теңізінің тек «қағаз жүзінде жағдайы жасалып жатқанына» күйінген халық мұң-мұқтажын тілшілерімізге айтып берді.
«Аққу, шортан һәм шаян»
Арал теңізі — бір кезде Орта Азиядағы құрлық ішіндегі ең ірі айдындардың бірі еді. Бүгінде оның көп бөлігі шөлге айналып, елестей ғайып болған. Теңіз орнынан ұйытқыған тұзды шаң ғана көтеріледі. Арал тек экологиялық апат емес, әлеуметтік және экономикалық дағдарыс орнына айналды. Жергілікті халықтың әңгімесі арқылы бұл апаттың ащы шындығына тереңірек үңіліп көрдік.
Orda.kz тілшілеріне хабарласқан Жомарт Қартбай есімді азамат – Арал теңізімен Аралтұз компаниясының мәселелерін шешуге атсалысып жүрген белсенді. Ол осы Аралдың тумасы, бірақ осы Аралдың мәселесімен көп көзге түскендіктен, билік түртпектей бергендіктен қоныс аударуға тура келген. Жомарт Ақтөбе қаласына көшіп кетсе де, өз туған жерінің проблемаларын көз жұмар емес. Ол бала кезінен бері теңіз жағасында өскен және ондаған жыл бойы теңізді сақтап қалу үшін күресіп жүр. Ол бізге теңіздің қалай тартылғанын, қазіргі жағдайын және оны құтқаруға не кедергі екенін айтып берді.
«Біздің халық 60-жылдардан бастап Арал үшін күресіп келеді. Сол кезден бастап су азайып, теңіз шегіне бастады. Сол кезден бастап бізге теңізді қайта жандандырамыз деп уәде бере бастады. Қазір де солай. «Теңіз қалпына келіп жатыр, 22 түрлі балық бар, бекіре келді» деп айтады. Бірақ бұл — «ертегі». Біз министрлерге, депутаттарға бардық, парламентте тыңдаулар өткіздік. Нәтижесі жоқ. Хат жазамыз, президентке де жолдаймыз. Теңіз болса кетіп барады», — деді Жомарт Қартбайұлы.
Осы орайда жауапты мамандар тарапынан жария болған мәліметтерге көз жүгіртсек, жергілікті балық түрлері 22-ге жетіп, бекіре тұқымдас балықтарды өсіруге мүмкіндік артқаны айтылады. Ал балық аулау көлемі 0,4 мың тоннадан 8,0 мың тоннаға дейін жеткені жария етіліп жүр.
«Су ресурстары министрлігі жаңа құрылды деп сылтау айтады. «Біз әлі орнығып үлгермедік» дейді. Бірақ халық зардап шегіп отыр. Министрлікте тәжірибелі мамандар жоқ. Су саласында 10–20 жылдық тәжірибесі бар маман керек, ал ондай кадр жоқ. Бұл — бүкіл аймақтың емес, елдің, тіпті Орталық Азияның мәселесі. Ал бізде оны шешетін білікті адам жоқ. 1978 жылы теңізді соңғы рет толық көрдім. Содан бері жағдай тек нашарлап келеді», — деді Жомарт Қартбайұлы.
Жомарттың айтуынша Аралды құтқару мақсатында құрылған Халықаралық қор бар. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түрікменстан мүше.
Қор БҰҰ мен ЮНЕСКО қамқорлығымен жұмыс істейді. Қазір, 2024 жылдан бастап 2026 жылға дейін қорда төрағалық Қазақстанға берілді. Яғни, қазіргі таңда барлық өкілеттілік Қазақстан мен оның президентіне тиесілі. Тұрғындар мен белсенділер осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біз ең болмағанда Кіші Аралды сақтап қалуды көздейді.
«Теңізден жағымсыз иіс шыға бастады. Балықтар қырылып жатыр. Бұл Арал теңізі жайындағы қайғылы оқиғаның жалғасы ғана. Шынын айтсақ, жолға шыққанда теңіз туралы ресми ақпараттарда ол – мемлекеттік меншікте деп көрсетілген. Енді жергілікті халықтың өзі Арал теңізінің жекеменшікке бөлініп кеткенін айтып жүр. Бұл – рас нәрсе. Теңізді сатып алып, иелік еткен қожайындар бар. Бұл — барып тұрған нонсенс. Жарайды, олар теңізге иелік етсін делік. Бірақ егер олар балық аулап, пайда тауып отырса, теңізге, табиғатқа да соған сай қайтарым жасауы тиіс. Олар соған жауап беруі керек. Экожүйе қалпына келмей жатыр. Міне, көріп тұрсыздар, Сырдариядан теңізге су келіп жатыр дейді. Бірақ бұл – теңіздің тамшысы ғана, шыны керек», — деді Жомарт Қартбайұлы.
Жомарт мырзаның айтуынша «Бәрі тек қағаз жүзінде» Жоғарыда аталған мәліметтердің көбі шындыққа жанаспайды. Кейбір ақпараттарды асыра сілтеп жібереді. Қазір теңіздің жағдайы сын көтермейтін күйде тұр. Сырдарияның деңгейі де өте төмен. Аралдағы балық өңдеу зауыттарының да жұмысы тұралап қалған.


«Халықаралық Аралды құтқару қоры Алматыда орналасқан. Бұл — ақылға сыймайтын нәрсе. Алматыда отырып теңізді қалай құтқарасың? Олар жылына 2-3 рет келеді, есеп береді. Ал біз ай сайын Астанаға барып, депутаттарға, министрлерге мәселені жеткізіп жүрміз. Қағазда бәрі жақсы, ал шындығына келсек апат», — деді Жомарт Қартбайұлы.
Жомарттың айтуынша Қаратерең ауылының ортасында «Кәрі түнек» деп аталатын үлкен көлі бар. Көл негізгі сағасын Сырдариядан алады. Яғни, Сырдария осы көлге су құяды. Сырдария суымен бірге осы көлге балық құйылады. Бір кездері қаратереңдіктер осы көлден шөп орып, балық аулап, атакәсібінің желкенін көріп келді. Көл аумағы мал жайылымына да таптырмас орын болып есептелетін. Жомарт мырзаның айтуынша тіпті моторлы қайықпен теңізге қатынас орнатылған кездер болған.
Ол қазір Қазақстанның негізгі қор су ресурстарын күріш шаруашылығына жұмсап отырғанын айтты. Ол облыс басшылығының су ресурстары туралы мүлде басқа есеп беретінін, ал шындығында күрішке мол су жұмсалатынын баса айта кетті.
«Мұндай мәселемен айналысатын жерде, әрине, нақты мамандар болуы керек. Су негізінен күрішке кетеді. Расында солай. Әкімдік басқа мәлімет береді. Бірақ судың бәрі егіске жұмсалады. Контрабандалық күріш мәселесі де айтылып жүр. Бұл бұрыннан бар. Бірақ оны дәлелдеу керек», — деді Жомарт Қартбайұлы.
Арал мәселесін шешетін қорлар – Аралда емес, Алматыда отырып жұмыс істейді. Арал өңірлеріне арналған деген Халықаралық Аралды құтқару қорының өзі Алматыда орналасқан. Аралды қорғауға тиіс инфрақұрылымдар Аралдың өзінде орналасуы керек екенін айтты.
«Алматыда отырып алып, Аралдың қай жерде екенін білмей, мұндағы адамдар қалай өмір сүріп, қалай күнелтіп жатқанын сезінбей жұмыс істеу... Кешіріңіз, бұл тек біздің мемлекетте ғана мүмкін болып отырған нәрсе», — деді белсенді Жомарт.
Жомарт мырзаның айтуы бойынша 2023 жылы Су ресурстары министрлігі құрылды. Бірақ олар Арал мәселесімен кешенді түрде айналысып жатқан жоқ.
«Бұл жағдайға байланысты Крыловтың «Аққу, шортан һәм шаян» мысалы еріксіз еске түседі. Су ресурстары министрлігі тығырыққа тіреліп отыр. Олар не істеу керектігін де, қалай істеу керектігін де білмейді. Министрлікке бір-ақ жыл болғанын айтып, орнығып үлгермедік деген сылтаумен өздерін ақтап отыр. Әкімшілік су ресурстарын пайдаланушылардың мүддесін қорғайды. Ал аралдықтар болса, өз өлкесінің көз алдымызда қирап жатқанын көріп, зардап шегіп отыр. Бұл — ауқымды инфрақұрылым. Ол жерде нақты мамандар отыруы керек. Мысалы, су мамандары. Кем дегенде 10-15, тіпті 20 жыл тәжірибесі бар мамандар қажет. Ал қазіргі құрылған құрылым Арал теңізі сияқты жаһандық мәселені шешеміз деуі — шын мәнінде, ақылға қонбайды. Өкінішке қарай, ондай мамандар жоқ. Салалық министрлікте ондай мамандар жоқ екенін ашық айтып жүр. Мұны бәрі мойындайды, соның бәрін енді құрып жатыр. Бұл тура... бір жасар баланың қолына үлкен шаруаны ұстатқанмен тең», — деді Жомарт мырза күрсініп.
Кіші аралды құтқару: Қараша халықтың жан айқайы
Мінәжат Биманов есімді Қаратерең балық зауытының инженері, өмір бойы балық шаруашылығымен айналысқан қария тілшілерімізге берген сұхбат барысында теңіз тарихын, қасіретін және халықтың күресін баяндап берді.
«Мен осы жерде 60-жылдардан бері тұрамын. Бұрын Арал шалқып жататын. Балығы мол, халықтың күнкөрісі жақсы болатын. Бірақ 60-жылдардың ортасынан бастап теңіздің суы шегініп, балық азая бастады. Халық жан-жаққа көшті. Өйткені күнкөріс қиындады. Су кеткен соң экология бұзылды. Шаң-тозаң мен тұз аралас желдер денсаулыққа зиян тигізіп жатыр. Адамдар арасында тыныс алу мүшелері, қалқанша безі, жүрек-қан тамырлары аурулары көбейді. Жастар жұмыссыз. Егін шықпайды, малға жем-шөп жоқ. Бүгінде теңізді қайтару әрекеттері жасалып жатыр. Бірақ ол өте баяу жүріп жатыр. Арал тек біздің емес, бүкіл елдің мәселесі. Оны кеш болмай тұрғанда шешуіміз керек», — деді Мінәжат Биманов есімді Қаратерең балық зауытының инженері.


Елдің соңғы үміті — Кіші Арал. Теңіз тартылып кеткен соң, үлкен Арал және Кіші Арал деп Арал екіге бөлінді.
«Бұл — Кіші Арал деп аталады. Су тартылып кеткен соң, Аралды Үлкен және Кіші деп екіге бөлу туралы шешім қабылданды. Себебі Үлкен Аралға су жетпей қалды. Халықтың өтінішімен және мемлекеттің көмегі арқылы Кіші Аралды сақтап қалу үшін бөген салынып, шлюздермен оқшаулап, су жинай бастады», — деді Мінәжат Биманов.
Мінәжат атаның айтуы бойынша бұрын теңіз тауларға дейін жететін. Қазір мұнда ешқандай тіршілік иесі жоқ, халық мұны «Өлі теңіз» деп атайды. Үлкен Аралды қалпына келтіру бойынша барлық бағдарламалар сәтсіз болды. Ал адамдар тым болмаса, осы Кіші Аралды сақтау үшін күресіп жатыр. Бағдарламалар әзірленіп жатыр. Әрине, өз қиындықтары мен ерекшеліктері бар. Проблема әлі шешілмегенімен, адамдар күресіп, осы Кіші Аралды сақтап қалуға үміттеніп жүр.
Экология: Психикалық ауытқулар жайлы
Сондай-ақ Orda.kz тілшілері Арал өңірінің өткені мен бүгіні жайлы осы өңірдің тұрғыны, 1962 жылы Арал өңірінде жұмысын дәрігерлікпен бастаған Абылқазы қариямен сұхбаттасты. Қария 1962 жылдан 2007 жылға дейін ауылда дәрігер болып жұмыс істеген. Ол кеңес заманындағы денсаулық сақтау жүйесінің жауапкершілігі мен қазіргі жағдайды салыстырды.
«Балықшылар арасында панариций деген ауру тарады. Балықтың тікені саусаққа кіріп кетіп, іріңдейтін. Кейін қолғап кию міндеттелді. Қазір теңіз тартылып, балық азайған соң бұл ауру азайды. Бірақ оның есесіне басқа аурулар көбейді. Жастардың қан қысымы жоғары, жүрек, асқазан аурулары және жаңа туған балаларда психикалық ауытқулар пайда болды. Кеңес заманында емдеу мәселесі тез шешілетін. Қазір бәрі ақылы, көмек кешігіп көрсетіледі», — Абылқазы ата.

Абылқазы ата қасіретке душар болған Арал теңізінің адам денсаулығына зиянын айтып берді. Оның айтуынша су кеткен соң, экология бұзылды. Айналаға жайылған шаң-тозаң мен тұз аралас желдердің денсаулыққа зияны тигізіп жатыр. Тыныс алу, қалқанша безі, жүрек-қан тамырлары аурулары көбейді.
«Бұрын Арал теңізі шалқыған, балық мол еді. Халықтың да тұрмысы жақсы болатын. Өзім балықшы ауылда – осы жерден 30 шақырым жерде тұрдым. Бірақ 60-жылдардың ортасынан бастап теңіздің суы шегініп, балық азая бастады. Халық жан-жаққа көше бастады, күнкөріс қиындады. Су кеткен соң экология бұзылды. Айнала шаң-тозаң, тұз аралас желдер денсаулыққа зиян тигізіп жатыр. Адамдар арасында тыныс алу, қалқанша безі, жүрек-қан тамырлары аурулары көбейді. Жастар жұмыссыз қалды, егін шықпайды, малға жем-шөп жоқ. Теңізді қайтару үшін әрекеттер бар, бірақ ол өте баяу жүріп жатыр. Арал – тек біздің емес, бүкіл елдің мәселесі. Оны кеш болмай тұрғанда шешуіміз керек», – Абылқазы ата.
Ал Жалғасбаев Жеткерген ата 35 жыл балық шаруашылығында еңбек еткен. Атамыздың айтуы бойынша экологияға байланысты және судың құрамының дұрыс болмауынан балықтардың да сапасы нашарлады.
«Біздің кезімізде кемелер Қарақалпақстанға, Өзбекстанға барып, балық таситын. Бекіре сияқты бағалы балықтар ұстайтынбыз. Қазір ондай балық жоқ. Қазір ұстасаң, арық, түсі жасыл, экологиясы нашар. Бұрын балық өзендерден өздігінен келетін, уылдырық шашып, табиғи жолмен көбейетін. Қазір қолдан өсірілмесе, балық жоғалып кетеді. Кейбір түрлері Қызыл кітапқа енді. Қытайдың сапасыз аулары бәрін құртады. Ұсақ балықты да, уылдырықты да. Балықты табиғи өсіру үшін бұрынғыдай сапалы құрал-жабдық пен тәртіп керек», — деді Жалғасбаев Жеткерген ата.

Қытайдың торы: Теңіз айналасындағы қоқыстар
Сонымен қатар Жеткерген Жалғасбаев есімді азамат тілшілерімізге Қытайдан әкелінетін сапасыз торлардың балық қорын жойып жатқанын айтты. Содан балық аулау кезінде торлар жыртылып, теңіз түбіне кетеді, сапасыз торларға түскен балықтар теңіз түбінде қырылып жатыр.
«Балықты құртып отырған сол қытай торы. Оны заң жүзінде алып тастау керек. Жойып жіберу керек. Егер суды жауып тастамаса, бәрі бітті. 500 килодан 1 тоннаға дейін балық ұстайтынбыз. Қазір ондай балық жоқ. Қазір 20-30 келі ұстасаң, соған да шүкір дейсің», — деді Жеткерген ата.
Теңіз тартылып, кәсіп тоқтады. Қария 2009 жылы зейнетке шыққанға дейін балық аулауды тоқтатпапты. Балық аулайтын жерге жету үшін көлікпен 18 шақырым жүру керек. Бұған көп шығын кетеді. Сондықтан балық аулаушылар саны да азайып кеткен.
Теңізді сақтап қалу үшін тәртіп керек. Арал теңізінің орнында қазір қаңыраған жер, шөлді алқап пен жел ұшырған қоқыстар ғана қалды. Біз осы өңірдің байырғы тұрғыны, балықшылықпен 25 жылдан астам айналысқан Талғат ағамен тілдестік. Оның айтуынша, теңізді сақтау үшін тек мемлекет емес, жергілікті халықтың да жауапкершілігі қажет.
«Бұл — бізді асырап отырған теңізіміз. Біз бала кезімізден бастап бұл жерге моторлы қайықтар кіретінін білеміз. 1973-жылдардан бастап теңіз бен көл бір-бірінен ажырай бастады. Осы арна арқылы әр күз сайын теңізге су жібере алатынбыз. Қазір бұл арна қазылып, тоқтап тұр. Құрылыс материалдары шашылып жатыр, күзет те жоқ. Ең бастысы, осы істемей тұрған құрылыстың кесірінен өз көлімізден айырылып қаламыз ба деп қорқамыз», — деді Талғат.
Желмен бірге қоқыс та жайылып жатыр. Қазір теңіз түбі қоқыс алаңына айналған. Күшті желдің әсерінен пластик бөтелкелер мен шынылар ұшып, экологиялық ахуалды одан әрі нашарлатып тұр. Бұл мәселе жергілікті жұрттың жанайқайына айналған.
Тентіреген жастар: Теңізді жеке кәсіпкерлер 18 учаскеге бөліп алған
Белсенді Оспанов Оразбай айтуынша, тәртіптің жоқтығынан теңізден нәпақа табу қиынға соғып отыр. Қазір теңізді жеке кәсіпкерлер 18 учаскеге бөліп алған. Жастар солардың қолында жұмыс істейді. Бірақ зейнетақы қоры жоқ, құжаттары да дұрыс емес екендігін айтты.
«Балық инспекторлары қытайлық сапасыз ауларды қолданғандарды айыппұл салып, алып тастайды. Бірақ тәртіпсіз, жауапкершіліксіз. Бұл жерде ештеңе түзелмейді. Қазір теңізді жеке кәсіпкерлер 18 учаскеге бөліп алған. Жастар солардың қолында жұмыс істейді, бірақ зейнетақы қоры жоқ, құжаттары да дұрыс емес. Мен қанша айтамын: «Зейнетақы аударып жатырсыңдар ма? Балықшы куәліктерің бар ма?» деп. Олар: «Оны бастық шешеді ғой» дейді», — деді белсенді Оспанов Оразбай.

Оспанов Оразбай жастардың басқа жаққа кетпей, туған жерінде қалғанын қалайды. Бірақ балықшылықтың тиімсіздігі оларды үмітсіздікке ұшыратып отыр.
«Жастар Арал мен Қызылордадан ары аса алмайды. Бұл — шындық. Кәсіп жоқ, жұмыс жоқ. Ал теңізді сақтау үшін бізге тәртіп пен жауапкершілік керек», — деді Оспанов Оразбай.
Аралды құтқару: балық өсірушілер не істеп жатыр?
Тілшілеріміз балық өсірумен айналысатын шаруашылық өкілі Сәкен Мырзағазиевпен тілдесті. Ол Қосжар балық өсіру тәлімбағы директоры.
Оның айтынша Арал теңізінде бекіре балығы жоқ. Айта кетейік, әкімдік бекіренің бар екенін айтқан болатын.


«Біз негізінен балық өсірумен айналысамыз. Қазір үш түрлі балық өсіріп отырмыз. Бұл — бізге жүктелген міндет. Балықтарды теңізге жіберіп, табиғи қорды қалпына келтіруге үлес қосып жатырмыз. Басқа бағытта жұмыс жүргізіп жатқан жоқпыз, тек осы бағытқа ден қойдық», — деді Сәкен Мырзағазиев.



Біз барған нысан алпысыншы жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан балық шаруашылығы. Мұнда жыл сайын күзге дейін 12 миллионға жуық шабақ өсіріліп, теңізге жіберіледі. Жақында бұл жерде Қызыл кітапқа енген, жойылып бара жатқан балық түрлерін көбейту жұмыстары да басталмақ.
«Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай жалғасады. Басты мақсатымыз — теңіздегі балық қорын қалпына келтіру», — деді Сәкен Мырзағазиев.




Қаңыраған балық зауыты
Orda.kz тілшілері әкімдік қызметкерлерінен сұхбат алғанда Арал маңында 9 балық зауыты бар деген ақпаратты алған еді. Арал теңізін, сол ауданның ауылдарын аралап жүргенімізде бір ғимарат көзге түсті. Ауыл ақсақалдарынан ғимарат туралы сұрастырғанымызда «бұл балық зауыты» деп жауап берді.
Ғимаратқа жақындай бастағанда ішінен бір қызметкер шығып зауыттың жұмыс істемегеніне 5-6 ай болғанын әрі ғимараттың бос екенін айтты.






«Әкімді жылына 1-2 рет көреміз»
Біз әуелі назарларыңызға қараша халықтың уәжін ұсынуды жөн көрдік. Дегенмен айта кету керек, тілшілеріміз әуелі әкімдікке кірген еді. Әкімдікке келіп, халықтың қандай мәселелері шешіліп жатқанын сұрастырған болатын.
«Арал теңізінің мәселесі шешіліп жатыр деп айтуымыз керек. Бұл су тапшылығының тарихы сонау 1965 жылдардан бастау алған. Бірақ тәуелсіздік алғаннан кейін теңізді қалпына келтіру бағытында айтарлықтай қадамдар жасалды. Қазіргі таңда 42 метр биіктікте бөгет салынды. Оның арқасында 27 миллиард текше метр су жиналып, теңіз жағасындағы ауылдардың тынысы ашылды. Адамдар балық аулауға қайта кірісті. Алдағы мақсат — 2026 жылы 44 метрлік жаңа бөгет тұрғызу. Бұл теңізге құятын су көлемін арттыруға сеп болады», — деді Аманжол мырза.
Әкімнің айтуынша Сонымен қатар, Аралға құятын судың сапасы да жақсарып келеді. Бұрын тұздылығы жоғары судан тек 1-2 балық түрі ғана өмір сүрсе, қазір балық түрлері көбейген.
Қараша халық пен әкімнің сөзі мүлде кереғар. Себебі әкіммен сұхбаттасқан тілшіміз Арал теңізіне қаншалықты жиі барып тұратынын сұрағанда, айына 3-4 рет баратынын айтып жауап берген. Ал ауыл ақсақалдары жылына бір немесе екі рет көреміз деп әкімнің жауабын жоққа шығарды.
Аралда шешімін таппай тұрған басты мәселенің бірі — маман жетіспейтіні. Әсіресе, шалғай ауылдарда дәрігерлер мен өзге де мамандардың жетіспейтіні қатты байқалады. Бұл мәселені қалай шешімін тауып жатқанын сұрағанымызда әкім жас мамандарды тарту үшін бар жағдайды жасап жатқандарын айтты.
«Біз жас мамандарды тарту үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Оларға тегін тұрғын үй береміз немесе баспана алуға көмек көрсетеміз. Көшіп келетін мамандарға көтерме жәрдемақы төлеу жағын да қарастырып отырмыз. Жастар туған жеріне оралып, өз ауылында еңбек етсе екен дейміз», — деп атап өтті Аманжол мырза.
Амалжол мырза жастардың бұрын басқа өңірлерге кеткенін, ал қазір қайта туған жеріне оралып жатқанын айтты.
«Бұрын жұмыс болмаған соң жастар сыртқа кетіп қалған еді. Қазір олар туған жеріне қайта оралып жатыр. Біздің аудан тек балық шаруашылығымен ғана емес, мал шаруашылығымен де ерекшеленеді. 37 мыңнан астам түйе, сиыр, жылқы бар. Сондықтан ауылда түрлі мамандық иелеріне жұмыс табылады», — деді ол.
Ауыл белсенділері мен тұрғындар мемлекетті бірігіп жұмыс жасауға шақырады
Арал өңірінің тұрғындары мемлекет нақты қадамдар жасайды деп күтіп отыр. Жергілікті белсенділер мен тұрғындардың сөзінше, Кіші Аралды сақтау үшін ең бастысы су лимитін сақтау қажет.
Orda.kz редакциясы олардың Кіші Аралды сақтап қалу үшін ұсынған нақты қадамдарын жариялағалы отыр:
- Сырдария суын тиімді бөлу;
- Қытай торларына заң бойынша тыйым салу;
- Балық аулауды заңдастыру;
- Сырдария арнасын тазарту және су өткізгішті көбейту;
- Жаңа су қоймалары мен жасанды тоғандар салу;
- Суару жүйелерін (мысалы, полиэтилен құбырлар, тамшылатып суару) енгізу;
- Мал шаруашылығын дамыту үшін су инфрақұрылымын жақсарту;
- Инфрақұрылымды жергілікті жерде дамыту (мысалы, Аралда орналасқан қорлар мен орталықтар)
- Жергілікті өндірістер (әйнек, тұз, литий) өңдеу зауыттарын салу қажет.
«Жыл сайын шенеуніктер Аралды қалпына келтіру туралы әдемі баяндамалар жасайды. 22 балық түрі қалпына келді дейді. Бірақ бұл тек қағаз жүзіндегі сандар. Шын мәнінде, теңіз шегініп жатыр, халық босып кетіп жатыр. Бізде теңізді бөліп алып, пайда көріп отырған жеке кәсіпкерлер бар. Ал экожүйеге ешқайсысы қаржы салмайды», – деді жергілікті тұрғындар.
Orda.kz тілшілерімен мақаланы «Еститін Үкімет» назарына ұсынады. Арал мәселесі — Қазақстан мен Орталық Азияның ортақ қасіреті. Бұл апатты тоқтату үшін саяси батылдық, ғылыми негізделген шешімдер және ең бастысы — халықтың мүддесін көздеген нақты іс-қимыл керек. «Еститін Үкімет» мәселеден көз ашпай, торыққан халықтың жағдайына бейжай қарамайды деп үміттенеміз.
Айта кетейік, бұл Orda.kz редакциясының Арал мәселелерін арқалаған үшінші мақаласы. Бұған дейін Orda.kz тілшілері осы іссапарда Аралтұз басшылығы заңсыз жұмыстан шығарып жіберген қарапайым жұмысшымен тілдесіп, ондағы жағдай жайлы егжей-тегжейіне дейін сұраған еді. Orda.kz мақаласынан үміт пен күдіктің арасында өз құқығын қорғау үшін барын салған, табан ет маңдай терімен еңбек еткен, қарапайым жұмысшының күресі жайлы оқыңыз.
Тілшілеріміз осы жағдайдан кейін даудың басы болған Аралтұз кәсіпорны шындықты егжей-тегжейіне дейін анықтап қайтты. Адал еңбек, маңдай терімен нанын тауып жүрген қараша халық Аралтұз кәсіпорнына шағымданды. Еңбекақысы мардымсыз (тазалықшылар 90 мың теңге, жұмысшылар 150-160 мыңның айналасында алады), тұрмыс қажытқан жұмысшыларды және олардың қандай жағдайда жүргенін көрген тілшілеріміз жағасын ұстады. Толығырақ мақаламыздан оқыңыз.
Жаңалықтар
- Қазақстанның үш облысында ауа райына байланысты жол қозғалысы шектелді
- Гоада клубтан шыққан өрт 25 адамның өмірін жалмады
- Зеленский Уиткоффпен және Кушнермен Ресейдің жаңа шабуылының қаупі туралы телефон арқылы сөйлесті
- Қазақтың жас таеквондашысы Бейбарыс Қаблан әлем чемпионы атанды
- Түркістанда жұдырығы жуан шенеунік қызметінен айырылды
- Алматыда түнде болған алапат өрт сөндірілді
- Батырхан Төлеуғали жастар арасында таеквондодан әлем чемпионы атанды
- Жолдарда полиция бірнеше есе көбейді
- Лисаковскідегі бала зорлағыш өмірінің соңына дейін түрмеге тоғытылды
- Жағармай үшін өмірін жақты: Әскери бөлім қоймасының меңгерушісі тоғыз жылға сотталды
- Алматы облысындағы Нарынқол шекара бекетінде әскери қызметші мен баласы қаза тапты
- ТЖМ еліміздің оңтүстігіндегі жер сілкінісінен кейін нысандар мен ғимараттарды тексерді
- Бас прокуратура алаяқтардың жаңа «әдісі» туралы ескертті
- Алматы кәуапханаларында экологиялық және санитарлық бұзушылықтар анықталды
- Стоматологиядағы бала өліміне қайталама наркоз бен ескерілмеген препараттар себеп болуы мүмкін — сарапшы
- БЖЗҚ нарықты шайқады: жарты триллион теңгеге жуық аударым баспана бағасын шарықтатып жіберді
- Әлем чемпионаты: 2026 жылдың топтық кезеңі белгілі болды
- Тоқаев Қырғызстан президентімен телефон арқылы сөйлесіп, туған күнімен құттықтады
- 2026 жылдан бастап мемлекеттік сатып алуда ҚҚС қалай жұмыс істейді
- Ақмола облысында автобус пен экскаватор соқтығысып қалды, зардап шеккендер бар