Ботагөз Омарованың ісі бойынша журналистер Тоқаевқа үндеу жасады, Балаева пікір білдірді

cover Фото: Ботагөз Омарованың фейсбук парақшасынан

Аида Балаева журналистердің Ботагөз Омарованы қолдап жасаған үндеуіне жауап берді. Министрдің айтуынша, ведомство жағдайды бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды Orda.kz.

БАҚ өкілдерінің үндеуінде Омарованы полиция департаментіне әңгімелесуге шақырғаны, алайда бірнеше сағаттан кейін оның мәртебесі өзгертіліп, куәгерден Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша күдіктіге айналғаны айтылды. Сондай-ақ оның пәтерінде тінту жүргізілген.

Журналистер жалған ақпарат тарату туралы бап жиі БАҚ өкілдеріне қысым жасау құралы ретінде қолданылатынын айтады. Олар бұл бапты қылмыстық жауапкершіліктен алып тастау бастамасын көтеруді де сұрады.

Үндеу авторлары Ботагөз Омарованың өз жұмысын адал атқаратынын, деректерді тексеретінін және ешқандай заң бұзбағанын мәлімдеді.

 


Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жағдайға қатысты пікір білдіріп, ведомство бұл жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтты. Оның сөзінше, министрлік оқиғаның өрбуін мұқият қадағалап отыр және қажет болған жағдайда араласуға дайын.

«Мұндай жағдайларда барлық заңда көзделген рәсімдер аяқталмай тұрып, асығыс түсіндірмелер беруге, дәлелсіз қорытынды жасауға және алдын ала баға беруге жол берілмейді» деп жазды ол Facebook парақшасында. 

Балаева сондай-ақ оқиғаның мәнін бұрмалауы немесе процеске қатысушыларды негізсіз қаралауға әкелуі мүмкін мәлімдемелерге жол бермеу маңызды екенін атап өтті. Ол БАҚ қызметкерлері тарататын ақпараттың дұрыстығын тексеруге міндетті екенін еске салды.

Сонымен қатар, ол заңнамада БАҚ қызметкерлері кейбір жағдайларда, соның ішінде ресми мәлімдемелерді сөзбе-сөз келтірген кезде жауапкершіліктен босатылатыны қарастырылғанын айтты.

Балаева барлық процессуалдық әрекеттер заң шеңберінде және сыртқы араласусыз жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.

«Бұл іс бойынша шешім әділ болады деп сенемін» деп жазды ол. 

Еске салсақ, 20 наурыз кешке Астанада журналист Ботагөз Омарова тергеуге шақырылып, кейін оның ісі қайта сараланып, жалған ақпарат тарату ісі бойынша екі айға үйқамаққа алынған болатын.
 

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар