Тасмағамбетовтың қызметтегі соңғы күні: ҰҚШҰ-ның бұрынғы бас хатшысы енді қайда барады?

cover Фото: «РИА Новости»

27 қарашада Бішкекте ҰҚШҰ кеңесінің отырысы өтті. Сол жиында 2023 жылдың 1 қаңтарынан бері бас хатшы болып келген Иманғали Тасмағамбетов қызметін аяқтап, оның орнына Қырғызстаннан Таалатбек Масадықов тағайындалды.

Orda.kz Тасмағамбетовтың осы ұйымдағы жұмысына шолу жасап, сарапшылардан оның алдағы саяси жолы туралы болжамдарын сұрастырды.

Арменияны ұстап қалу

Қазақстаннан ҰҚШҰ Бас хатшысы лауазымына тағайындалғанға дейін Иманғали Тасмағамбетов жоғары мемлекеттік қызметтердің көбін атқарған еді. Ол бір кездері премьер-министр, қорғаныс министрі, екі астананың әкімі болып, сондай-ақ президент әкімшілігін басқарған. Бірақ 2023 жылдың қаңтарында оның мемлекеттік қызметпен айналыспағанына үш жыл толған еді. 2019 жылдың желтоқсанында оны Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметінен алды, сол кезден бері ашық саясатта белсенді көрінбеді.

Егер Тасмағамбетов ҰҚШҰ басшысы қызметіне басқа уақытта келген болса, бұл лауазымда көп көзге түспеуі де мүмкін еді. Алайда 2022–2023 жылдары ұйымға мүше мемлекеттер қатысқан үш ірі дағдарыс қатар келді:

  • Ресейдің Украинаға басып кіруі (әлі жалғасуда);
  • 2022 жылдың қыркүйегіндегі Қырғызстан мен Тәжікстан арасында болған шекарадағы қақтығыс;
  • 2023 жылдың қыркүйегінде Әзербайжанның Таулы Қарабақтағы соңғы әскери операциясы және Армения шекарасында аз уақытқа созылған кішігірім қақтығыстар.

Арменияға қатысты жағдай, алдағы екі жыл бойы ҰҚШҰ алдында Арменияны ұйым құрамында ұстап қалу басты міндеттеріне айналды. Өйткені Арменияның наразылығы бұрыннан жинақталып келген, оның негізгі бөлігі 2020 жылғы Екінші Қарабақ соғысында басталды. 

Таулы Қарабақ Республикасы таратылғаннан кейін көп өтпей Армения ұйымдағы мүшелігін тоқтатты.

«Арменияның ҰҚШҰ қайта оралуы туралы көп айтылып жүр. Біз қатысуды тек қойған сұрақтарымызға нақты жауап алғанда ғана жаңғыртамыз», — деді 2024 жылы Никол Пашинян.

Соған қарамастан, Тасмағамбетов Арменияны ҰҚШҰ қатарында формалды түрде ұстап тұра алды деуге болады. Иә, Ереван ұйым жаттығуларына әскер жібермей қойды, өкілдері жиындарға қатыспайды. Бірақ Армения да ұйымнан шығатынын ресми түрде мәлімдеген жоқ. Яғни ел іс жүзінде белсенді емес, бірақ әлі де ҰҚШҰ мүшесі.

Армения мен Американың әскерилері бірге оқу-жаттығу үстінде. Фото: Арменияның қорғаныс министрлігі 


Ал Тасмағамбетовтың Ауғанстан мәселесіне тым көп назар аударуы сарапшылар арасында түсініспеушілік туғызды. Ол үш жыл бойы ҰҚШҰ-ның оңтүстік шекараларына, әсіресе Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасына төнуі мүмкін қауіп туралы үздіксіз айтып келді.

Алайда аймақтағы жағдай мүлде басқа бағытта өзгеріп жатты: алдымен Қазақстан, кейін Ресей «Талибанды» террорлық ұйымдар тізімінен шығарды, әрі Ресей талибандар билігін алғашқылардың бірі болып ресми таныды. Осыдан кейін ҰҚШҰ елдері үшін Ауғанстан бұрынғыдай үлкен қауіп ретінде қабылданбай бастады. Соған қарамастан, Тасмағамбетов бұл тақырыпты күн тәртібінен алып тастамай, бұрынғыдай басты бағыт ретінде ұстап қалды.

Мәскеудің үні

Иманғали Тасмағамбетов Украинадағы соғыс тақырыбына да ерекше назар аударды. Оның мәлімдемелері мен сұхбаттары көбіне Ресей көзқарасына жақын реңкпен айтылғаны байқалады.

Осындай алғашқы мәлімдемелерінің бірі 2023 жылдың қарашасында Мәскеуде жасалды. Сол кезде Тасмағамбетов құттықтау сөзінде ҰҚШҰ елдеріне төніп тұрған қауіптер туралы айтты. Бірақ қауіптің нақты қай тараптан келетінін ашып көрсетпеді. Дегенмен екі аптадан кейін Минскіде Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені тікелей айтып өтті:

«Қауіп-қатер әрдайым болған. Халықаралық қатынастардың табиғаты сондай. Бұл тақырыпты жиі қозғай берсек, біз біреуден қорқатындай әсер қалдырады», — деген кезде, көпшілік бұл сөзді Тоқаевтың Тасмағамбетовке жасаған ескертуі ретінде қабылдады.

Алайда бұл ескертулер Тасмағамбетовке айтарлықтай әсер етпегендей көрінді. Мысалы, 2024 жылдың желтоқсанында өткен ҰҚШҰ-ның жыл қорытынды баспасөз мәслихатында ол НАТО-ның кеңеюін үлкен қауіп деп атап, сөз арасында Ресейді бірнеше рет мақтады. Тіпті Ресейдің Украинаға «Орешник» деп аталатын зымыранмен жасаған соққысын ашық түрде оң бағалады.

«Беларусь пен Ресейдің батыс шекарасына қарай НАТО-ның әскери нысандарының жақындай түсуі, аймақтағы әскери белсенділіктің күшеюі және жалпы геосаяси тұрақсыздық кез келген сценарийдің мүмкін екенін көрсетеді. Оның үстіне Ресейдің өз ядролық доктринасына енгізген өзгерістері мен «Орешник» зымыранының әскери жағдайда сыналуы — Мәскеудің қарсыластары міндетті түрде ескеруге тиіс факторлар».

Тасмағамбетовтің ең көп талқылауға себеп болған мәлімдемесі биыл көктемде ресейлік «Известия» газетіне берген сұхбат кезінде айтылды. Журналист Еуропалық Одақ елдері Украинаға әскер жіберуі мүмкін деген сұрақ қойған кезде, ол:

«Егер мұндай қауіп туындаса, ҰҚШҰ жарғысына сәйкес және мүше елдердің келісімімен әртүрлі форматтағы көмек көрсетуге дайын», — деп жауап берді.

Қазақстанда бұл сөздер «Қазақстан әскері Ресей басып алған Украина аумақтарына жіберілуі мүмкін» деген мағынада түсіндірілді. Қоғамдағы реакция күшейгеннен кейін Тасмағамбетов бұл жөнінде әлеуметтік желіде жеке түсініктеме берді.

«Осыдан кейін “өз халқын соғысқа айдап жатыр” деген құр дақпырға қалай шыдауға болады?! Білемін, бір сөйлемді контекстен жұлып алып, жұртқа даурықпа етіп тарататындар бар және олар әрқашан болады. Бірақ менің халыққа айтарым – қандай жағдай болмасын, бәріне салқынқандылықпен, ақылмен қарайық. Ақылды ұстап тұратын – мінез. Сол мінез шайылмасын. Әлеуметтік желіде отырып, мән-жайға көз жеткізбестен жалған ақпарат тарату оңай. Ең қиыны – ар алдындағы жауап»,— деді ол. 

Лауазымның жауапкершілігі қаншалықты?

Тасмағамбетовтың ҰҚШҰ-дағы қызметін бағалау үшін біз сарапшылардың пікірін де сұрадық. Саясаттанушы Эдуард Полетаев оның төрағалығы ұйым үшін күрделі кезеңге тұспа-тұс келгенін айтады.

«Геосаяси жағдай соңғы жылдары өте құбылып кетті. Бұл тұрақсыздық ҰҚШҰ елдері орналасқан аумақтарға да әсер етті. Осындай кезде ұйымға дағдарыс кезінде тез әрекет ету тетіктері қажет болды. ҰҚШҰ-ның жауап беретін аймағы – оған мүше барлық мемлекет. Бірақ қауіптің сипатына қарай кей бағыттарға көбірек назар аударылады. Негізі үш аймақ бар: Ресей мен Беларусьтің батыс шекарасы, Оңтүстік Кавказ, Орталық Азия. Ұйым дәстүрлі түрде ең көп қауіп Орталық Азияда деп есептейтін. Мысалы, Ауғанстандағы жағдай, есірткі тасымалы, заңсыз көші-қон сияқты мәселелер. Бірақ соңғы жылдары ахуал өзгерді. ҰҚШҰ жаңа жағдайларға байланысты тез әрі анық шешім қабылдауға мәжбүр болды. Қазақстандағы Қаңтар оқиғасының әсері әлі сезіліп келеді. 2022 жылы ҰҚШҰ-ның елге келуі кейіннен әртүрлі адамдар тарапынан бұрмаланып, түрлі мифке айналды», — дейді сарапшы.

Полетаев Арменияның мүшелікке қатысты талаптары мен оның Әзербайжанмен қақтығысынан шыққан мәселелерді, сондай-ақ Ресей мен Беларусь еліне салынған санкцияларды да атап өтеді.

«Бұл – ҰҚШҰ үшін өте күрделі сынақтар. Тәжірибелі адам ретінде Тасмағамбетов осы қиындықтардың бәрімен жұмыс істей алды»,— деп есептейді ол.

Сарапшының айтуынша, Тасмағамбетовтің бұрынғы жоғары лауазымдар мен дипломатиялық тәжірибесі оған ҰҚШҰ бас хатшысы ретінде міндеттерін орындауға көмектескен. Оның кезінде ҰҚШҰ аймақтағы қауіпсіздіктің маңызды тетігі ретінде беделін сақтап қалды. Полетаев ұйымдағы кей жаңалықтарды да атап өтті, мысалы, ақпараттық-аналитикалық жұмыс күшейді, бұл қауіптерді жылдам анықтауға мүмкіндік берді.

Дегенмен саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірі басқаша. Ол ҰҚШҰ бас хатшысының жұмысы көбіне ресми сипатта дейді, нақты шешім қабылдау құзіреті шектеулі деп санайды.

«ҰҚШҰ аппаратының жұмысын қарап отырып, мүше елдердің нақты сыртқы немесе әскери стратегиясын анықтау қиын. Мысалы, Ресей өз әскери саясатында ҰҚШҰ-ны идея көзі ретінде пайдаланбайды. Керісінше, ұйымды өз қорғаныс мүдделеріне бейімдейді. Ал Қазақстан, Беларусь, Армения, Қырғызстан сияқты елдердің қауіпсіздігі көбіне екіжақты келісімдерге сүйенеді. Сондықтан ҰҚШҰ шын мәнінде символдық ұйым деп айтуға болады: қажет болған жағдайда мықты елдер әлсіз мүшелерді қорғауға дайын блок саналады»,— дейді ол.

Әбішевтің пікірінше, бас хатшының жұмысы көбіне әр елдің Бас штабтары онсыз да жүргізіп отырған аналитикамен шектеледі. Елдер бір-бірімен тікелей байланысып, нақты шешімдерді өздері қабылдайды.

«Әрине, ҰҚШҰ аппараты өз жұмысын аса маңызды деп есептейді. Дегенмен бәріміз жағдайды түсінеміз. Сондықтан бас хатшының жұмысы көбінесе бір ғана критериймен бағаланады: ірі қателік жіберді ме, жоқ па? Менің ойымша, Тасмағамбетов қате жіберген жоқ»,— дейді сарапшы.

Саясаттанушы Валерий Володин Тасмағамбетовтің рөлін негізінен техникалық деп бағалайды. Оның айтуынша, бас хатшының басты екі міндеті – ұйымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және мүше елдер арасындағы ішкі келіспеушіліктерді мүмкіндігінше азайту болған.

«Тасмағамбетов бұл қызметте сақ және технократиялық стильді ұстанды. Ол ҰҚШҰ-ның ықпалы азайып, дербес шешім қабылдау мүмкіндігі шектеулі екенін көріп отырды. Үлкен державалар өзара текетірескен кезде, бас хатшы ұйымдағы көптеген мәселелерге нақты ықпал ете алмайды»,— дейді Володин.

Тасмағамбетовтің алдағы саяси жолы қандай болмақ?

Сарапшы Эдуард Полетаевтың пікірінше, ҰҚШҰ-дан кетіп жатқан бас хатшының тәжірибесі мен мүмкіндіктерін Қазақстан өз пайдасына тиімді пайдалана алады. Ол қазіргі қызметінде де атқара алатын нақты істер бар дейді:

«Қалай болғанда да, ол саяси алаңнан жоғалып кетпейді деп ойлаймын. Ресейдегі елшілік қызметінен кеткеннен кейін де біраз уақыт саяси үзіліс жасағаны белгілі. Соған қарамастан, Тасмағамбетов өзін әлі де елге пайдасын тигізе алатын саясаткер ретінде көрсетті. Оның үстіне, қазанда президентпен кездескені бар. Ресми мәліметте ҰҚШҰ кеңесі сессиясына дайындық талқыланды делінгенімен, өзге де мәселелер сөз болуы әбден мүмкін».

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев те Иманғали Тасмағамбетовті тәжірибелі саясаткер және қабілетті менеджер деп бағалайды. Оның айтуынша, Тасмағамбетовке Қазақстанда жаңа міндет жүктелуі мүмкін, бірақ ол өзіне мәні бар және деңгейіне сай қызметтерді ғана қабылдайды:

«Бірақ мәселе — оның өзі келісетін лауазымдардың саны өте аз. Ол тек өз деңгейіне сай, мәні бар қызметке ғана келіседі». 

Сарапшының айтуынша, Тасмағамбетовтің саяси болашағына ел ішіндегі билік транзитіне байланысты жүріп жатқан жасырын бюрократиялық тартыстар да әсер етуі мүмкін:

«Оның танымалдығы, тәжірибесі, ресурстары және белгілі тәуелсіз ұстанымы элитада белгілі бір алаңдаушылық тудыруы мүмкін. Сондықтан оған қандай да бір қызмет ұсыныла ма? Міне, сұрақ қайда жатыр», дейді Әбішев.

Валерий Володин болса, Тасмағамбетовтың Қазақстан саясатына қайта оралуына ең үлкен кедергі — оның Ресей саяси кеңістігіне тым терең сіңіп кетуі дейді:

«Көпшілік оны бұрынғы қазақ шенеунігі ретінде емес, «Иванғали» деп атап, проресейлік, пропутиндік көзқарастары бар тұлға ретінде қабылдайды. Мұндай ашық ұстаным ел ішінде, әсіресе жоғары лауазымдар мен қоғамдық рөлдерге ие адамдар үшін айтарлықтай тежегіш фактор болып отыр».

Володиннің пікірінше, егер Тасмағамбетов Қазақстанға оралуды қаласа, оның рөлі негізінен жасырын келіссөздер жүргізу, халықаралық мәселелерді шешу және посткеңестік кеңістік бойынша сарапшылық қызметпен ғана шектелуі мүмкін. Ол процестер көпшілікке ашық болмайтынын айтты.

Автор: Игорь Улитин

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар