Түрмеде аштық жариялаған Әбішев ауруханаға жеткізілді

cover

Бірнеше күннен бері түрмеде аштық жариялған Кенжебек Әбішев ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы оның адвокаты Гүлнәр Жуаспаева хабарлады.

Ақпарат Азаттық Радиосында жарияланды, деп хабарлайды Orda.kz.

15 сәуірде Қапшағай қалалық ауруханасының сыртынан Facebook-те оның адвокаты тікелей эфирге шыққан болатын. Адвокат дәрігердің оны қашан тексеретінін күтіп тұрғанын жеткізді. Оның айтуынша, ауруханада карантин болғандықтан ол жаққа ешкімді кіргізбейді.

— Оны кеше түнгі сағат 10-дарда жеткізгенін естідік. Ол Заречныйдағы ЛА-155/14 мекемесінен осы жерге жедел жәрдем көлігімен әкелінген. Ол бес күннен бері аштық ұстап отыр. Өлім алдындағы хатын жазып, өзінің ерте босату туралы өтінішінің бірнеше рет қанағаттандырылмағанына шағымданған. Оның марапаттары көп, бірде-бір айыппұлы жоқ. Біз дәрігердің сыртқа шығып, жағдайды айтып беруін күтіп тұрмыз, - деді Гүлнәр Жуаспаева.

Кенжебек Әбішевті қолдауға аурухана алдына бірқатар белсенділер де жиналған.

Кенжебек Әбішевтің түрмеде аштық жариялағаны туралы хабар 11 сәуірде тараған. Құқық қорғаушылар оның түрме бастығы мен билікке арнап жазған хатын жариялап, денсаулығына алаңдаушылық білдірген.

Хатта Әбішев соттың мерзімінен ерте босап шығу туралы өтінішін «еш негізсіз» қанағаттандырмағанына шағымданған.

— Жалынып-жалбарынатын, жылайтын, сұрайтын жағдайда емеспін. Сондықтан ары қарай өмір сүрудің, тамақ ішудің мәні жоқ. Ештеңе жегім де, емделгім де келмейді. Өлтіргілерің келе ме? Өлтіріңдер! Өмір сүруден шаршадым, - деп жазған Әбішев.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар