Тұран одағының құрылуы Ресей үшін қорқыныш және қауіп – Дос Көшім
Фото: Orda.kz
Кейінгі уақытта «Ұлы Тұран одағын» құру мәселесі жиі қозғалатын тақырыптардың біріне айналды. Әлеуметтік желідегі пікірлерге сенсек, «Тұран одағын» құру Қазақстанға керемет мүмкіндіктер сыйлайды. Бұл тақырыпта ұрандатып жүрген саясаткерлер де жоқ емес. Тұран одағын құру кімге пайда, кімге зиян?
Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Orda.kz сарапшылардан сұрап көрді.
«Тұран одағы» деген не?
Ақын Мағжан Жұмабаев «Ертеде Түркістанды тұран дескен…» деп жазғаны баршаға аян. Тұран одағының басты идеясы да түркі халықтарының ынтымақтастығын арттырып, өзара одақ құру. Түркі халықтарының мұндай деңгейдегі ынтымақтастығынан алпауыт елдер сескенеді. Себебі, олардың өзгеше күш алуы мүмкін. Әсіресе, Ресейдегі мықты саясаткерлердің «Тұран одағы» сөзін естігенде кірпідей жиырылатыны белгілі. Түркия президенті өзінің бауырлас елдерімен байланыс орнатып, мәдени-рухани, тілдік мәселелерге кеңінен қарау керек екенін мәлімдеген еді.
Осы жақында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Тұран елдерінің тұтастығын ойлау керек екенін айтып, шұғыл түрде Түркі елдері одағын құру керектігін айтты.
– «Ақымақтың айтқаны келеді» дегендей, ақыр «Тұран одағы құрылады» деп айқайлап жүрген Жириновскийлердің сөзін шындыққа айналдырайық. Ол кеше ойға сыймайтын оттауын тағы да жариялап, Орта Азия елдері өздерін тәліптерден қорғайтын Ресейдің губернияларына айналуы керек деп соқты, – деп жазды депутат.
«Тұран одағының құрылуы мүмкін бе» деген сұрақ төңірегінде белгілі саясаткер, қоғам қайраткері Дос Көшімнің пікірін білген едік.

Тұран одағының шын мәнінде құрылуы мүмкін бе?
– Мүмкін. Бірақ дәл қазіргі уақытта барлық түркі мемлекеттері бір одақ құра алмайды. Себебі, түркі елдерінің саяси ұстанымдары бір жерден шыға бермейді. Әрқайсысының өзіндік бір бағыты бар. Бірақ рухани, тарихи бірлестік жағдайында келешек осындай одақтың құрылуына алып келеді, - дейді Дос Көшім.
Депутат Қазыбек Иса Жириновскийлердің сөзін шындыққа айналдырайық деп жазды. Ресей Тұран одағының құрылуынан қауіптене ме? Не себепті?
– Егер Тұран одағы құрылса, Ресейдің отары болған елдердің Ресейден аяғын алыстатуына, бөлінуіне себеп болады. Шындығында түркі елдерінің басым көпшілігі Ресейдің қол астында болды. Сол арқылы көп елдер өздерінің тілінен, дінінен, мәдениетінен айырылды. Тұран одағы жақын жүз жылдықтың арасында Ресей жағында болмайды. Сондықтан Тұран одағы Ресей үшін қорқыныш, қауіп, - деді саясаткер.

Тұран одағының құрылуы Қазақстанға не береді? Қандай жаңа мүмкіндіктер болады?
– Жалпы одақтардың құрылуының әртүрлі сипаты болады. Кейде территориялық жағдайға байланысты құрылады. Кей жағдайда тарихи туысқандық бағытта құрылады. Менің ойымша, Тұран одағы құрылған жағдайда, екінші бағыт бойынша жүреді. Тұран одағының құрылуы ұлттық мемлекеттік деңгейде дамуымызға үлкен көмегін тигізеді. Біз қазір ондай бағытта емеспіз, ұлттық мемлекет дегенді айтудың өзі ұят, - деді ол.
Дәл осы саяси интеграцияның мерзімі туралы ойыңыз қандай?
– Бұл көп жағдайда қоғамдағы, әлемдегі саяси ахуалға байланысты. Солар негіздеме болады. Біз «туысқан елміз ғой» деп біріге салмайды. Белгілі бір тарихи жағдай осындай шешімге алып келеді. Түркі елдеріне қысым жасалып жатыр, соны қорғауға бірігеміз деген секілді алғышарт қажет. Мысалы, жақында Түркия Әзірбайжанға ашық көмектескен уақытта, Қазақстан мен Қырғызстан келмей қалды. Демек, мұндай жағдай қайталанбайтын деңгей болу керек. Қазір біз ол деңгейге жеткен жоқпыз, жақын арада құрылуы мүмкін емес деп айтқан себебім осы.

Тұран одағы құрылған жағдайда оны кім басқарады? Басқару жүйесі қалай болмақ?
– Бұл келешектің ісі. Кез келген одақтың басқару жүйесі барлық елдердің тең құқықтары арқылы бірігеді. Олардың бірі аға, бірі іні болмайды. Әрине, экономикалық түрде дамыған, қуатты елдер негізгі рөл атқарады, доминант болады. Мысалы, Еуроодақта барлық ел Франция мен Германияға жалтақтайды.
Ердоғанның түркі халықтарына деген ыстық ықыласын қалай бағалайсыз?
– Жалпы, Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқы мойындаған ел ретінде жақын, ыстық. Тек қана қандық, туысқандық емес, бізді барлық жағынан қолдап жатқан ел. Өздерінің ұстанымдарын әлі күнге дейін өзгерткен жоқ. Бұл жерде негізі әңгіме Ердоғанда емес, Тұрғыт Өзал, Сүлеймен Демирел болсын барлығы дерлік қазақ елімен жақсы қарым-қатынаста болды. Біз «Түркиямен дәл осындай байланыс орнатып отырмыз ба?» деген сұрақ екінші мәселе. Бұл жерде біз мақтана алмаймыз. Сондықтан әңгіме жеке адамда емес, бұл мемлекеттің саясаты, - деді Дос Көшім.
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық