Сүйіктісінің әке-шешесін пышақтады: Ақтөбедегі жәбірленуші әйелдің есірткіге тәуелді болғаны анықталды

cover Фото: Orda.kz

Биыл қаңтар айында Ақтөбеде елдің төбе шашын тік тұрғызған оқиға болды. Ер адам бұрынғы сүйіктісін ата-анасымен бірге кепілге алып, екеуін пышақтап өлтірген еді. Бүгінгі сотта куәгер, қылмыскердің бұрынғы сүйіктісі Эльмира Қазтуғанованың ұлы анасының алты ай бойы есірткіге тәуелділіктен емделгенін, соңғы жылдары ішіп келіп әжесін жиі мазалағанын айтып берді, деп хабарлайды Orda.kz.

Ақтөбе облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қоғамда резонанс тудырған, бұрынғы сүйіктісінің әке-шешесін кепілде ұстап, артынша өлтірген оқиғаны қарап жатыр.

Айта кетейік, үш адамды кепілде ұстаған қылмыскердің тырнағынан бір адам ғана аман қалды. Ол Эльмира Қазтуғанова. Ал сарайдың жертөлесінен табылған 74 жастағы Байғани Әлиев пен 67 жастағы Зина Шаймағанбетова қайтыс болды. 

Сотталушы Сәрсенбек Басанов 38 жаста. Оған қатысты үш бірдей баппен ҚК-тің 99 бабы «Адам өлтіру» 2-бөлігі, 1, 3, 5-тармағы, 126-бабы «Бас бостандығынан заңсыз айыру» 2-бөлігі 3, 4-тармағы, 107-бабы бойынша айып тағылып отыр. Сонымен қатар «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» бабының 1-бөлігі бойынша да айып тағылды. Ол өзіне тағылған айыпты ішінара ғана мойындайтынын айтты. 

Іс бойынша жәбірленушілерден жауап алу аяқталды. Сот куәгерлерден жауап алуға көшті. 
Жәбірленуші Эльмира Қазтуғанованың  кәмелеттік жасқа толмаған ұлы сотта жауап берді.

«Анам үйге мас күйі келіп жүрді. Әжені жиі балағаттады. Оның әжеге жіберген аудио жазбалары бар. Түрлі балағат сөздер айтты. Мен ол сөздерді айта алмаймын. 2024 жылы қаңтар айында автобуста отырғанымда әжем хабарласты. Анамды ауруханада теуелділіктен емдеу керектігін түсіндірді. Оның қан құрамынан есірткі анықталған. Әжем: «алаңдама, бәрі жақсы болады, емделеді» деп жұбатты. Мен жыладым. Сол кезде анамды алты айға емге жатқызды. Әжем анамды қатты уайымдады. Әже сол айда қатты қартайып кетті. Ата да уайымдап шаршайтын», — деді жәбірленушінің кәмелетке толмаған ұлы.  

Ұлы анасының 2016 жылы екінші рет тұрмысқа шыққанын, сол кезде әжесінің оған қаланың 11-мөлтек ауданынан 4 бөлмелі пәтер алып бергенін де айтты. Айтуынша, кейін ажырасып кетіп, анасы 4 бөлмелі пәтерде басқа адамдармен тұрған.

«Анама алып берген үйді, ол емделіп жатқанда әжем мен Дина апам тазалады. Ол үйде есірткі ошағын ұйымдастырған. Ол пәтерге көршілері бірнеше рет шағымданған. Полиция шақырған. Күндіз-түні көршілерінің мазасын алған. Пәтердің іші толы қоқыс болды. Туыстардың көмегімен ол пәтерден 25 қапшық қоқыс шығардық. Техника, жиһаз бәрі бүлінген. Әжем ол пәтерді екі ай бойы жинап, сатып жіберді. Сол үшін әжеме қатты сөздер айтты. 2024 жылы 27 маусымында емдеу орталығынан шыққанда: «Менің үйім қайда, өзімнің пәтеріме апарыңдар» деп ұрысты. Әженің жасап қойған дастарханына отырмай кетіп қалды. Келесі күні де кешке мас күйінде келді. «Менің үйім қайда?» деп әженің мазасын алып, балағат сөздер айтты. Әжем соңына дейін анам түзеледі деп үміттенді. Бірақ анам өмір салтын өзгерткен жоқ», — деді жәбірленушінің ұлы. 

Естеріңізге салсақ, қайғылы оқиға 13 қаңтарда Ақтөбе қаласы Рысқұлбеков көшесінде болды. 
Сотта қазір іс материалдары зерттеліп жатыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін сотта жәбірленуші Эльмира Қазтуғанова сол күні болған сұмдық оқиға жайлы айтып берген еді.

Автор: Ардақ Ерубаева

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар