Стати Қазақстанға қарсы сотқа берген өтінішін қайтарып алды

cover

2021 жылғы 28 қазанда Молдова азаматтары Анатол мен Габриэль Стати Вашингтон федералды сотынан АҚШ астанасындағы Қазақстанның дипломатиялық меншігіне тыйым салу туралы өтініштерін қайтарып алуға рұқсат сұрады.

Бұл туралы Orda.kz хабарлады.

Әділет министрлігі баспасөз қызметі хабарлағандай, Стати өтініштерін 2021 жылдың шілдесінде берді. Олар Қазақстанның Вашингтондағы дипломатиялық резиденциясы коммерциялық кеңсе ретінде пайдаланылды деп жалған мәлімдеме жасаған.

2021 жылғы тамызда Қазақстан сотқа материалдар ұсынып, Статидің мәлімдемелері жалған екенін дәлелдеді. Қазақстанның дәлелдемелеріне жауап беруге тырысудың орнына, Стати мерзімді ұзартуды екі рет сұрады. Сот бірінші сұранысты қанағаттандырды. Алайда, Статидің жеткілікті уақыты бар деп есептеп, екінші сұранысын қабылдамай, 2021 жылғы 29 қазанға дейін жауап беруді бұйырды. Осы мерзімнен бір күн бұрын Стати жалған мәлімдемелерін ақтауға тырыспай, өтініштерін қайтарып алуға рұқсат сұрады.

Статидің сотта жалған мәлімдемелер беру, содан кейін сот шешімін күтудің орнына өз өтініштерін кері қайтарып алу бойынша әрекеттері – олардың Қазақстан Республикасының беделіне нұқсан келтіру жөніндегі жалғасып жатқан кампанияның бөлігі болып табылады. Стати Англиядағы сот процесінде де дәл осылай әрекет етті.

Лондонда Қазақстан Статидің негізгі төрелік шешімді алаяқтық жолмен алғанын дәлелдеген кезде, Стати жауап ретінде сотқа жүгінудің орнына, өздері бастаған процесті  тоқтатып, одан бас тартты.

– Қазақстанның дипломатиялық меншігіне тыйым салу туралы Статидің заңсыз әрекеті өтірікке негізделген деген Қазақстанның тұжырымдарын Вашингтонда өткен талқылауда Статидің өзінің жеңілісін мойындауы растайды. Бұл Статидің сотта жалған мәлімдемелер беру және БАҚ-ты адастыру бойынша жүргізілетін кампаниясы аясындағы белгілі әрекеті, – деді әділет вице-министрі Алмат Мадалиев.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар