Солтүстікке қоныс аударғандар қайта өз жерлеріне көшіп кетті

cover

Оңтүстіктен солтүстікке қоныстандырылған 140 отбасы қайтадан өз өңірлеріне көшіп кетті. Енді олар материалдық көмекті өтеулері керек.

Бұл туралы Orda.kz Qazaqstan арнасына сілтеме жасап хабарлады.

Түркістанда 4 баламен пәтер жалдаудан жалыққан жалғыз басты ана Арайлым Елемесова 2020 жылы Солтүстік Қазақстанға қоныстандырылған. Оған Аққайың ауданында үй берілгенімен, онда ол ұстаздық мансабын жалғастыра алмаған.

– Аспаз болып жұмыс істеп жүрдім. Күнімен-түнімен жұмыста. Кейін ақырында ол да жоқ болды. Мал сойдым, жылқы сойдым. Екі күнде бір-екі жылқы сойылады. Соның ішек-қарынын тазалап, сөйтіп күн көрдім. 5-ақ мың теңге береді, - деді бағдарламаға қатысушы Арайлым Елемесова. 

Жалпы Арайлым сияқты 600 адам өз аймақтарына қайтып кеткен. Олардың барлығы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қоныс аударған.

Ал бағдарламаның түпкі мақсаты – жұмыс күші тапшы аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбекке қабілетті азаматтарды тарту.

Айта кетсек, соңғы 4 жылда Қызылжар өңіріне 2 мыңнан астам отбасы қоныс аударған.

– 2020 жылдың маусымына дейінгі әлеуметтік келісімшарт бойынша қоныс аударушылар өңірде 1 жыл болуы тиіс еді. Бұл мерзім 5 жылға дейін ұзартылды. Азаматтардың көшіп кетуінің негізгі себебі – отбасылық жағдай және ауа-райының жақпауы. Бұл мәселелер ережеде көрсетілген, - деді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алмаз Қошманов.

Солтүстікте 1500 бос жұмыс орындары бар: мұғалім, дәрігер, ветеринар, агроном және техникалық мамандар тапшы.

Қоныс аударушыларға 70 АЕК (шамамен 200 мың теңге) көлемінде субсидия төленеді. Сонымен қатар, баспана жалдауға бір жыл бойы ай сайын 87 мың теңге беріледі.

– Мамандық бойынша жалақысына ризалар қайта кетіп жатқан жоқ. Қолында дипломы жоқ, мамандығы сәйкес келмейтін кісілер, ұсынған жұмыстарға бара бермейді. Себебі олардың жалақысы аздау болады, - деді облыс әкімінің кеңесшісі Әбдіғани Бәзілханұлы.

«Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Мысалы, былтыр мемлекеттік бюджеттен 178 млрд берілген.

Биыл бағдарлама аясында оңтүстіктен тағы да 2500 адам көшіру жоспарланып отыр.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар