Әскери ұшқыш ақиқат үшін 5 жыл айқасты

cover

Әскери сотқа ақтығын айтып ақталу -  ұшқыш Әділбек Ысқақов үшін ең ауыр соққы болды. Бірақ ол сол 5 жылға созылған ауыр айқаста жеңіске жетті. Соттың жаңа құрамы одан өндірілуі тиіс  миллиардтан астам сома туралы шешімді өзгертті. Бес жыл ішіндегі, яғни СУ-27 истребителі апатынан бастап, ақтау үкімі шыққанға дейінгі мерзімде не болғанын ORDA баяндайды.

Әскери ұшқыш  заңды түрде қызметіне оралған кезде Алматы гарнизонының әскери судьясы Қанат Естай ұшқышқа мемлекет пайдасына біржарым миллиард теңгеден астам айыппұл төлеу туралы шешім шығарған. Екі баласы бар офицер мұндай айыппұлды қалай өтейді? ORDA. тілшісі Елтебер Ашина осы мәселені зерттеп көрді.

Бұл мәселе 2016 жылдың 21 желтоқсанында басталған еді. Дәл сол күні Талдықорған аспанында әскери майор Әділбек Ысқақов штурвалда отырған СУ-27 истребителі апатқа ұшыраған болатын. Истребительді сақтап қалу мүмкіндігі жоқ болғандықтан әскери ұшқыш ұшақты қала үстінен қала сыртына бұрып әкетіп, ұшу процесін басқарып отырған командирдің бұйрығынан кейін ғана үшақты тастауға мәжбүр болған.

Су-27 ұшағы әскери дайындық жоспарына сәйкес тапсырма алған болатын.

Истребитель ұшып шыққан 6 минуттан кейін оң қозғалтқыштан ақау пайда болып, ұшақты басқару тетіктері бірнеше минуттан кейін толығымен істен шықты.

Мемлекеттік комиссияның шешімінде «ұшақтың апатқа ұшырауына ұшу тапсырмасы кезінде жанармайдың толық пайдаланылуына байланысты қозғалтқыштың екеуі де істен шыққан» деп көрсетілді. Сонда қалай, үшақ әуеге жанармайсыз көтерілген бе?

Талдықорған гарнизонының Әскери прокуроры, юстиция подполковнигі Е.Сыбанбаев Ысқақовты ұшуға дайындық пен  ұшу ережелерін бұзғаны үшін айыптаса, ал қылмысты істі қараған судья Е.Абдуллин ұшқышты қылмысты деп тауып, 2018 жылдың 12 қаңтарында оны 4 жылға бас бостандығынан айырып, түрмеге отырғызды.

Сот залынан майор ұшқышты қауіпті қылмыскер сияқты қолына кісен салып алып кетті.

Көп ұзамай бұл істің бұрмалануына қоғамда наразылық пайда болды. Халық қаһарманы, армия генералы Мұқтар Алтынбаев пен ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтың араласуымен Ысқақовты түрмеден шартты түрде босатып, ол отбасына оралды.

Күләш Мәдиханова – Әділбектің анасы «Әділбек – жоғары санаттағы ұшқыш. Ол әрқашан жеңісті де, жемісті еңбек етті. Қазақстан атынан қатысқан жарыстарынан жүлдесіз келген емес. Әріптестері мен достары оған сенім артатын, оның кәсіби шеберлігін құрметтейтін, әскери атақтарды да тек еңбегі сіңгені үшін мерзімінен бұрын алып отыратын. Ол өте еңбекқор. Ол Талдықорған базарында шұжық сатып, вагондардан жүк түсіріп, автожөндеу станцияларында елдің көлігін жөндеп үйге түн ортасында келсе де, таңғы 6 тұрып дене жаттығуларын жасап, аспанда ұшып жүрген «сушкаларға» қарайтынын тек жақындары ғана біледі. Әділбек өте тындырымды және тыңғылықты адам. Оның ұшағы қалайша жанармайсыз әуеге көтерілгені, «бәрі орындалды, ұшуға дайын» деп басшыларға рапорт берген жауапты офицерлер мен техниктердің ар- ұяты қайда? Ал әскери соттың ұшақ құнын одан өндіріп аламыз дегеніне жол болсын!»- деп таң қалады.

Қорғаныс министрлігінің зерттеулерінде 21751 әскери бөлімінің инженерлік-техникалық құрамы ұшар алдында ұшақты жанармаймен қамту мен оның мөлшерін белгілеуде жіберілген қателер салдарынан апатқа ұшыраған деп таныды.

Сонда истребитель аспанға жеткіліксіз жанармаймен көтерілген болып тұр ғой? Талдықорған авиабазасының техниктері жіберген қателері салдарынан апат болған ұшақтың құнын, олай болса, әскери прокурор неге тек ұшқыштың мойнына іледі?

Осы авиабазада (21751 әскери бөлімде) әскери ұшқыштардың айтуынша 1988 жылы шығарылған истребитель-ұшақтарда ақаулар өте көп. Әскери кезекшілікте тұрған ұшақтар аспанға көтерілгенде күтпеген жерден бағыт-бағдар ауытқып, аяқ астынан техникалық ақаулар пайда болып, ұшқыштар талай мәрте қайта қонуға мәжбүр болған. Бұл ұшақтар өте ескі, күрделі жөндеуді қажет етеді. Бірақ авиация техниктерінің де алған білімдері төмен болғандықтан өз міндеттерін шала-пұла атқарады. Енді оның нақты мысалы - толтырылмаған бакпен аспанға ұшақ ұшырудан-ақ  көрініп тұр ғой. 

«Әскери ұшқыштарға соншама қаталдықпен қарайтындай олар қарақшы, маньяк немесе баскесерлер емес қой?! Оларды қоғамнан аластатып, түрмеге айдау немесе дәл сол апатты жағдайда  аспанға ұшыру әділеттік пе? Қылмыскер қатарына жатқызатындай олар не істеді?», - деп налыды аримя генералы, Халық қаһарманы Мұқтар Алтынбаев.

Истребительде отырған әскери ұшқыштың аспанда жүріп ұзақ ойлануына немесе қызметінен басқа тыс дүниелерді қиялдауына уақыты жоқ.

«Әуеде түрлі жағдайларды секунд ішінде шешуге тура келеді. Біздің ұшқыштар жоғары санаттағы ұшқыштар. Олар өз ісінің шеберлері. Майор Ысқақов бірнеше рет еліміздің намысын халықаралық әскери ойындарда қорғап, әскери шерулерге қатысқан офицер. Ол қалайша қылмыскер болады? Ол не үшін бас бостандығынан айырылып, түрмеге отыруы керек? Осыншама жыл сынақтардан өткен ұшқышқа не үшін соншама айыппұл төлетеді?».

Мұхтар Алтынбаев журналистермен болған ашық әңгімеде бұрынғы ұшқыш-снайпер ретінде, экс қорғаныс министрі ретінде де ұшқыштар әуеде жіберілген қателері үшін жауап беретіндігі, жазаға тартылатындығы жасырын еместігін айтып өтті.

«Ондайда жаза ретінде ұшудан шектетіледі, әскери атағын төмендетеді, қызметінен алынады немесе сыйақылардан айырылады, бірақ түрмеге тоғыту деген болмаған! Өйткені ұшқыш өмірі қандай жағдайда болмасын ең қымбат ұшақтан да артық. Темірді жөндеп орнына келтіруге болады немесе жаңасын алуға болады. Ал ұшқышты оқытып, тәрбиелеп, дайындап шығару үшін ондаған жыл мерзім керек».

Расында, егер Ысқақов ұшақпен кетпегенде, сол ұшақпен бірге қаза табатын еді. Ол өлген соң оны  ұшақтың  қозғалтқышы тоқтап қалғаны үшін төрт жылға соттамас еді. Оны кешіріп, тіпті батыр атағын беріп, орденмен марапаттап, отбасына пәтер, жәрдемақы берер ме еді, кім білсін?

«Өмірде мынадай қайшылықтар бар – әскери ұшқыш өте күрделі жағдайда өз өмірін сақтап қалды. Өйткені оның өмірі маман ретінде әлі де әуе күштеріне керек. Бірақ, мемлекет заң жүзінде көп ойланбастан оны соттады. Не үшін? Авиабазада ұшайын деп кезекте тұрған ұшақтан біреу жанармайды ұрлап, құйып алады. Ал миллиардтаған айыппұлды ұшқыш төлейді. Сонда заңға сүйеніп ұшқышты соттағандар неліктен асықпай, аптықпай осы мәселені жете зерттемеген?», дейді авиация ардагері Владимир Саклаков

Осы авиабазада қызмет ететін ұшқыштардың айтуынша СУ-27 истребителінің автоматикалық ақаулары көп екен. Оның ішінде дауыстық информатор деп аталатын құрылымда жанармайдың мөлшерін дұрыс көрсетпейтіні байқалған. Журналға тіркелген жанармай мөлшері мен самолет ішіндегі пайдаланылған жанармай  мен қалған қалдық мөлшері бір біріне сәйкес келмейді. Бұл автоматикалық ақаулар туралы айтылып жатқанымен авиабаза басшылары бұған дер кезінде мән бермеген, әлде елегісі келмеген.  

«Менің байқағаным, тергеу жұмыстары біржақты жүргізілді. Әлдекімдердің қорғашталып жатқанын анық сездім. Барлық сот отырыстары асығыс өтіп жатты. Мені кінәлі деп танып, айыптау үшін бәрі жасалды. Мәселенің анық-қанығы зерттелмеді. Темір тор қорқынышты ма дейсіз? Қорқынышты түгі жоқ. Нағыз ұшқыштар ештеңеден қорықпайды. Бірақ мені ұшу мүмкіндігінен айырғаны үшін реншім бар. Аспан – менің  мұхитым. Мен оның балығымын. Мен әуеде қалықтаған еркін құспын. Ұшақ – менің ойымның арқауы», - дейді Әділбек.

Сонымен, 2018 жылдың 12 қаңтарында майор Әділбек Ысқақов айыпты деп табылып, 4 жылға сотталды. Ал 2019 жылдың 13 наурызында жаза шартты түрде босатуға алмастырылды. Бірақ сол кезде Заңға енгізілген өзгерістерге байланысты, әскери ұшқышты қылмысты деп тану - қызметтік тәртіп бұзушылыққа ауыстырылды. ҚР Қылмысты істер Кодексінің 10 бабы 3 бөлігіне байланысты әуедегі апаттан аман қалған ұшқыш қоғамға қауіп төндірмейтін болып саналатындықтан барлық шектеулер алынып, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев  Әділді ұшқыштар қатарына қайта қосты.  

Бірақ іс мұнымен бітпепті. Авиабазаның басшылығы апат болған ұшақ құнын әскери ұшқыш Ысқақовтан қайтарғысы келіп, сот арқылы одан 1 млрд. 610 млн. 457 мың 500 теңгені өтеуді талап етеді. Жоғарғы соттың шешімімен айыптаудан арылған офицер соншама айыппұлды қалай төлейді? Ұшақтың нақты құнын растайтын ешқандай құжат та, қағаз да жоқ. Бәрі 2017 жылдың 1 ақпанында актімен жойылып кеткен.

Әділбек Ысқақовтың айтуынша, ұшақты і жасап шығарған Амурдағы Комсомольск деген жердегі зауыт оның ұшу мерзімін 20 жыл немесе 3000 сағат деп белгілеген. Ал бұл мерзім 2017 жылы біткен.

«Ұшақтың апатқа ұшырауына менің ешқандай қатысым жоқ. Мен жанармай багының тиісінше толтырылмағанын біле тұрып, өзін өзі өлімге қиятын адам емеспін. Жұмыс беруші өзіне сеніп берілген техникаға дұрыс қарай алмаса оған мен қалай кінәлі боламын? Мен жұмыс берушімен материалдық жауапкершілік туралы келісімшарт жасасқан жоқпын», - деп жауап берген Әділбек судья Қанат Естайға.

Сот құжаттарын қайта қарап шыққан Диқан Әлиасқаров төрағалық еткен жаңа құрамдағы әскери сот (айыпталушының жеке пікірі мен айыптаушының айыпталушыны қолдау туралы өтінішінен кейін) 2021 жылдың 19 қаңтарында Авиабазаның Ысқақовқа апатқа ұшыраған ұшақтың құнын өтеу үшін 1 610 457 500 теңге төлеуі туралы шағымын қанағаттандыруға еш негіз жоқ және бұл шағым мүлдем заңсыз болғандықтан, оны қараудың өзі мүмкін емес деген шешім шығарды.

«Мен саумын, әскерде қызмет етуге дайынмын, күш-қуатым, білімім мен тәжрибем, өз-өзіме деген сенімім мол. Сондықтан мен Отаныма қызмет етуге дайынмын! Қажет болса  елім үшін, бейбіт аспан үшін, өз халқым үшін өмірімді қиюға дайынмын! Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Байзақұлы Ермекбаевқа мені заңды түрде әскери авиация сапына қайта қабылдағаны үшін ризашылығымды білдіремін! Ақиқат жеңді, маған сеніп, мені қолдағандарға рахмет айтамын», дейді Әділбек Ысқақов.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар