Шерзат ісі: Адвокаттар істің егжей-тегжейін айтты

cover Коллаж: Orda.kz

Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың жанұясының адвокаттары әлеуметтік желі эфирінде тергеу барысына қатысты мәліметтерімен бөлісіп, соттың ашық өтетініне сенетіндерін айтты, деп хабарлайды Orda.kz. 

Instagram желісінде өткен тікелей эфирді Шерзат Полаттың отбасына көмектесіп жүрген Айтбек Амангелді жүргізді. Ол Шерзаттың отбасы арнайы психологпен жұмыс істеп, қиын-қыстау кезеңді өткеріп жатқанын айтып, дәл қазіргі уақытта оларды ток-шоуларға шақырып тыныштықтарын алудың қажеті жоқ екенін жеткізді. Шерзаттың жақындары уақыты келгенде арнайы сұхбат беретінін айтты.

Эфир барысында адвокаттар төрт мәселені қозғады, рет-ретімен тоқталайық.

Әлеуметтік желіге тарап кеткен видеоның артында кім тұр?

Қорғаушы Карина Көшербаева дүкендегі жанжал кезіндегі бақылау камерасына түскен видеоның желіге тарап кетуіне байланысты арнайы тергеу жүріп жатқанын айтты. Оның айтуынша, видео таралған SONA.KZ парақшасына иелік ететін Ғалымұрат Жүкел Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің бұрынғы жетекшісі әрі кеңесшісі, бүгінде азаматтық тұлға болып шықты. Сондықтан, іспен Антикор айналысуы керек деп санайды. 

«14 қазан күні instagram-дағы SONA.KZ парақшасында оқиға болған Қамажай дүкеніндегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған жанжал тарап кеткен болатын. Біз бұны біле салысымен ішкі істер минстірлігіне шағым түсірдік, арызымыз өндіріске алынды. 16 қазан күні 423-бап, яғни сотқа дейінгі іс жүргізудің немесе жабық сот талқылауы деректерiн жария ету бойынша іс қозғалды. Іс Алматы облысы полиция департаменті қауіпсіздік қызметіне берілді. Сонымен қатар, SONA.KZ парақшасының иесі анықталған соң, тергеу ісін ауыстыру туралы арыз түсірдік», – деді Көшербаева. 

Төбелес кезіндегі екі қыздың іске қаншалықты қатысы бар?

Қаржаубай Нұрымовтар отбасының келесі адвокаты Саида Тәуекелова куәгер статусындағы екі қыз жайлы тың мәліметтермен бөлісті. Оның айтуынша, қыздардың қылмысқа тікелей қатысы бар және олардың әрекетіне қылмыстық-процесуалдық баға берілуі керек.

«30 қазан күні Алматы облысы прокуратурасына тергеу әрекетіне тексеру жүргізу туралы шағым түсірдік. Екі қыздың әрекетінде 434-бап, яғни қылмыс туралы хабарламау бойынша қылмыс құрамы бар деп санаймыз. Заңға сай, бұл ауыр қылмыс болып саналады. Біз олардың әрекетін аталған қылмыстық іске ауыстырып, тергеуді талап етеміз», – деді қорғаушы.

Шағымға қатысты прокуратура аталған іс бойынша тергеу жалғасып жатқанын және тергеу органына тиісті нұсқау беріліп процесуалдық шешім қабылданатынын айтты. Дегенмен де , қорғаушылар прокуратураның берілген жауабына қанағаттанбаған.

Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевқа төбелес болған түнгі жасалған қастандық 

Қорғаушы Марал Жайлаубаеваның айтуынша, сол түні Нұрқанаттың ұялы телефоны мен әмиянын ұрлап кеткен. Тонауға байланысты 188-бап яғни ұрлық бойынша іс қозғалыпты. Айта кетейік, Нұрқанат Ғайыпбаев сол түнгі төбелесте алған дене жарақаты туралы  Orda.kz тілшісіне егжей-тегжейін айтып берген болатын. 

«Ғайыпбаевтың жамбасы мен төсіне 3-4 рет пышақ сұққан. Бұндай әрекет адамды өлтіруге тікелей бағытталған әрекет. Сондықтан біз өлтіруге оқталу бабы бойынша қылмыстық іс қозғауды сұрап өтініш хат түсірдік. Қазіргі таңда ол қарастырылып жатыр және іс бойынша жәбірленуші мен күдіктілер арасында беттестірулер өткізілді. Қазір тағайындалған сараптама қорытындыларымен танысып жатырмыз», –  деді Жаулаубаева.

Шерзаттың үйін өртеген кім?

Шерзат ісіне қатысты адвокаттардың айтуынша, қазіргі таңда үйді өртеу бойынша істі мамандандырылған прокурорлар тергеп жатыр. Өртке байланысты Азат, Рысқұлов, Қайназар ауылдары мен Талғар қаласының 1200 тұрғынынан жауап алынды. Сонымен қатар, сол маңдағы жанар-жағармай бекеті қызметкерлерінен де жауап алынды. Тергеу барысында аэрокосмостық комитетке, Яндекс, 2ГИС, Google Maps сервистеріне сұрау жолданды.

Сондай-ақ, адвокаттар Шерзаттың отбасына деп жеті ақша жинау әрекетін анықтағанын айтты. Олардың Шерзаттың отбасына еш қатысы жоқ екенін және алдағы уақытта да ешқандай көмекке деп шот ашылмайтынын жеткізді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар