Шенеуніктің шымбайына батқан сын: Ұлытау облысының әкімі көпбалалы анадан 495 мың теңге өндіріп алмақ
Фото: Almaz Tleuliev / Wikimedia Commons, CC BY-SA 3.0
Ұлытау облысының тұрғыны Әсел Айтмағамбетова өңірдегі әлеуметтік мәселелерді жариялай бастағаннан кейін жергілікті биліктің назарына ілікті. Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспектің қызметіне қатысты сыни пікір білдіргені үшін оған әкімшілік іс қозғалып, сот ірі көлемде айыппұл салу туралы шешім шығарды.
Orda.kz тілшісі бұл істің артында кім тұрғанын және әкімдіктің шымбайына не батып, не себепті талағы тарс айырылғаны жайлы анықтады.
2025 жылдың 21 мамырында Қостанайдан Жезқазғанға қоныс аударған Әсел Айтмағамбетова осы аймақтың тұрмыстық жағдайын өз көзімен көріп, жағасын ұстағанын айтты.
«Қала – нағыз 19 ғасырда қалғандай. Суы сарғылт, фильтрден өтпеген. Адамдар инфекция жұқтырып жатыр, онколог-дәрігер мүлде жоқ. Жол деген атымен жоқ. Соғыстан кейін қалып қойған қала секілді, қирап жатыр. Қазақстандағы ең бай қалалардың бірі деп жүрген Жезқазғанның шындығын көрсеткенім үшін маған айыппұл салды. Жұмыссыздық белең алған, ал жұмысқа орналасу үшін пара беру керек», – дейді Әсел Айтмағамбетова.
Айтмағамбетова қаладағы әлеуметтік мәселелерді ашық айтып, оларды TikTok желіcінде жариялай бастады. Бейнежазбаларында тұрғындардың күнделікті кездесіп жүрген мәселелерін көрсетуге тырысты.
Мысалы, бейнежазбалардың бірінде Әсел Жезқазған қаласындағы облыстық көпбейінді аурухананың ішкі жағдайын көрсеткен. Оның айтуынша, аурухананың кейбір бөлімдерінде санитарлық талаптар сақталмаған, ғимараттың іші ескі, жылу жоқ.

«Кір жуатын бөлмеде, ешқандай тазалық жоқ. Іші ескі-құсқы. Жылу да жоқ, пушка қойып қойған», — дейді белсенді бейнежазбада.
Бейнежазбалардың астында «Ұлытау Денсаулық» деген парақша пікір қалдырды. Ақпаратқа қарасақ, Жезқазған қаласының облыстық көпбейінді ауруханасына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Ұлытау облысының әкімдігі мен мәслихаты бұл жұмысқа қаржы бөлген. Жөндеу жұмыстары аурухананың негізгі корпусын ғана емес, кір жуатын орын, гистологиялық зертхана, мәйітхана және ас блогы сияқты қосымша ғимараттарына да жүргізілуі керек.
«Бүгінгі дейін күнге конкурс өтті, тапсырыс орындаушы анықталды. Жөндеу жұмыстары 2025 жылдың 01 маусымнан басталады».

Жоспарланған жөндеу жұмыстары жайлы «Ұлытау Денсаулық» Instagram-парақшасында да айтылды.
Әселдің айтуынша, оның бейнежазбадағы айтқан әр сыны бірінші кезекте Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспекке бағытталды.
18 маусымда Әселге Ұлытау облыстық полиция департаментінің тергеушісі қоңырау шалып, кешкі уақытта «түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін» бөлімшеге келуді сұрайды. Алайда, ресми шақырту қағазы болмағандықтан, Әсел барудан бас тартады.
19 маусым күні облыс әкімі Дастан Рыспек Әсел Айтмағамбетоваға қарсы арыз түсіріп, әкімшілік іс қозғалды. Іс төңірегінде Әселдің жариялаған бейнематериалдың арасынан тоғыз бейнежазба сараптамаға ұсынылды.

Жүргізілген психолого-филологиялық сараптама нәтижесінде оның жариялаған мәліметтері әкімнің қызметін жағымсыз көрсетуге, халық арасында теріс пікір қалыптастыруға бағытталғаны және кейбір сөздері Дастан Рыспектің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретіні анықталды.

Алғашқы сот отырысы 1 шілде өтіп, төрт күннің ішінде үкім шығады. Әселдің айтуынша, сотқа Рыспектің өзі қатыспады, процесс біржақты өтіп, заңсыз айыппұл салынған.
«Оны мен халыққа қызметші ретінде сынадым. Оның өзіне шыдамай, алдымнан өтпей бірден арыз жазды. Төрт күннің ішінде сот өткізіп, айыппұл салды», — дейді Әсел.
Жезқазған қалалық соты Orda.kz жолдаған ресми сауалға жауап беріп, қала тұрғыны Әсел Айтмағамбетоваға қатысты әкімшілік іс бойынша шешім қабылданғанын мәлімдеді.
«Психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысында әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталып, кінәсі дәлелденді. Сот шешімімен оған 495 432 теңге көлемінде айыппұл салынды. Айтмағамбетова TikTok желісінде жалған ақпарат таратты», — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сонымен қатар Orda.kz бұл оқиғаға байланысты Ұлытау облыстық полиция департаменті мен облыс әкімдігіне ресми сұрау жолдады. Әзірге жауап келмеді.
Еске сала кетейік, 2022 жылы Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат істері басқармасының басшысы Әнуар Омар сотталды. Шенеунік алдын ала сөз байласып, мердігер ұйым өкілінен облыс аумағындағы көне қорымдарда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу және жалпы патронаждыққа, мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт бойынша актілерге қол қойғаны үшін 2 миллион теңге көлемінде пара алған. Ол сот үкімі бойынша, 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жаңалықтар
- «Сұрақ, жауап алдын ала беріледі»: экс-депутат мәжіліс жиындарының сценариймен өтетінін айтты
- Тоқаев әскердегі сарбаздардың қазасына қатысты кеңес өткізді
- «Қорқынышты фильмдегідей»: Шығыс Қазақстандағы сүрең тартқан ауруханаларға тұрғындар наразы болды
- Қостанайда полициядан қашқан ер адам опат болды
- Қоғамдық орындарда никаб кигендерге 43 мың теңге айыппұл салынады
- Әскерден мүгедек болып оралған Ербаян Мұхтардың ісі Бас прокуратураға өтті
- Ақтөбеде пойыз бастығын пышақтап өлтірген ер адам 20 жылға сотталды
- Белгілі қазақ философы Жабайхан Әбділдин көз жұмды
- Астанада медициналық колледждегі аудиторияға қаза тапқан фельдшердің есімі беріледі
- Алматы әуежайында өзіне өрт қойған ер адамға қатысты тергеу тоқтатылды
- «Журналистерді қорғау комитеті» билікті Бажкеноваға қарсы істі доғаруға шақырды
- Бесағаш ауылына сел қатері төнді: тұрғындар президенттен көмек сұрайды
- Ақтаудағы ұшақ апаты: Қазақстан тергеудің соңғы кезеңіне келді
- Көлсай маңындағы жол апатынан флиппиндік турист қаза тапты
- «Петропавлда гимназия асханасынан тарақан табылды»: Директор қызметінен босатылды
- Жәнібек Әлімханұлы допинг қолданды деген күдікке ілінді
- «Мен мойыған жоқпын»: «Орда» сайтының бас редакторы өз адвокаты арқылы үндеу жолдады
- Балқаш ауданындағы жер дауы: мәслихат депутаты әкімнің орынбасарына ықпал етті ме?
- Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтар өз еркімен елден кете алады
- «Ордабасы» клубының экс-президенті Түркияда жасырынып жүр: Бас прокуратура Анкараның жауабын күтуде