Шаңғы трамплинін салғандар жалақыларын ала алмай жүр

cover

11 жылдан бері жалақы ала алмай жүрген Алматыдағы шаңғы трамплинін салғандар полиция бөлімі ғимаратының алдында жиналды.

Бұл туралы Orda.kz хабарлады.

Ғимарат алдына плакаттары бар 30 шақты адам жиналды. 2011 жылғы Азиадаға арналған «Сұңқар» трамплиндерін салған құрылысшылар өздерінің маңдай термен тапқан ақшаларын ала алмай жүр.

- Біз бірінші рет жиналып жатқан жоқпыз. 2011 жылдан бастап қызметкерлерге жалақы төленбеді, - дейді «Сұңқар» шаңғы трамплині кешенінің құрылысына жанар-жағармай жеткізетін Sonata-V компаниясының директоры Александр Веденко.

Оның айтуынша, Азияда ойындарына арналған шаңғы трамплині құрылысы 2009 жылы басталған. Құрылысшылар тапсырыс беруші алдындағы барлық міндеттемелерін орындаған, бірақ тапсырыс беруші ақшаны толығымен төлемеген. Кешен әкімдікке берілген кезде барлық қаржылық қиындықтар басталған. Құрылысшылар әкімдіктен алдын ала төлемсіз жұмысқа кіріскен.

Александр Веденко 

Веденко «Тол-Құрылыс» серіктестігі (құрылыстың бас мердігері) трамплиндердің құрылысын аяқтау үшін несие алып, өз қаражатын жұмсағанын, барлық жабдықты, тіпті мүлкін кепілге қойғанын айтты.

- Алдымен Есімов уәде берді, содан кейін бәрі Байбекке өтті. Жалпы, біздің есебіміз бойынша 800 млн теңгедей қарыз. Қолымыздағы құжаттарға сәйкес, бізге 3,6 млрд теңге қарыз, - деп тізбектеді Веденко.

Orda.kz тілшісі жұмысшыларға қанша ақша төлену керектігін сұрады.

- Әкімдік жалақыға 248 млн теңге төлеуі керек еді. Бірақ олар мұны үшінші компания арқылы алаяқтық көп болатындай етіп жасады. Ақша адамдарға жеткен жоқ, - деп әңгімеге жұмысшылардың бірі Әбдіразақ Байболатов тартылды.

Дәл қазір жұмысшыларға қанша ақша қарыз?

- Жалпы шамамен 80 млн болған, әлі кем дегенде 50-60 млн-ы берілмеген.

Қанша адам алуы керек?

- Егер барлық бригадаларды есептесек, 50-60 адам. Бір бригада шамамен 20-25 адамнан тұрады. Жалпы олардың қарызы 80 млн, оның аз бөлігі ғана берілген. Жұмысшыларға берілуі тиіс 20-30 млн қарыз әлі жоқ. Сапар Нұрашев (Алматыдағы қалалық қолайлы орта бөлімінің бастығы) ақша төлейміз деп уәде берген. Бірақ құжаттардың болғанына қарамастан, енді төлемейміз деп отыр.

Әбдіразақ Байболатов

50 жұмысшы жалпы сомасы 70 млн жалақысын алмаған.

Жалпы сол кезде құрылысқа ресми түрде 300-ден астам жұмысшы тартылған, деп қосты Веденко. Ал тіркелмегені мыңдаған.

Веденконың айтуынша, тағы бір мәселе, команда әкімдікпен жалақы туралы келіссөздер жүргізу үшін уақытша директор таңдаған, бірақ одан ештеңе өзгермеген.

- Сариевке қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі («Алаяқтық») бойынша іс қозғалды. Іс қылмыс құрамының болмауына байланысты жабылды. Сондықтан біз бүгін тергеуді тоқтатпау және істі соңына дейін жеткізу үшін жиналдық, сатылғанның бәрі кәсіпорынның есеп бөлімінен өтпеген. Біз ақшаның қайда кеткенін білгіміз келеді, - деп Веденко полиция бөліміне барғандағы мақсаттарын түсіндірді.

 - Біздің қолымызда барлық құжаттар, еңбек келісімшарттары, жауаптар бар. Біз өз ақшамызды әлі көрмедік, - деп шағымданды құрылысшылар.

Біраз уақыттан кейін жиналғандар мен журналистер полиция бөліміне баруға шешім қабылдады. Содан кейін Әбдіразақ Байболатов біреумен телефон арқылы сөйлесіп , журналистерге құрылысшылардың тек бір өкіліне кіруге рұқсат берілгенін, бірақ бұқаралық ақпарат құралдары жоқ екенін айтты. Көп ұзамай Әбдіразақ Байболатов полиция ғимаратына кірді.

Orda.kz тілшісі Алматы әкімдігі мен полиция департаментінен түсініктеме сұрады. Қазіргі уақытта олардан ешқандай жауап алынған жоқ.

Байболатов полиция бөлімінен шыққаннан кейін не айтылғанын баяндады.

- Мені үш минутқа кіру керек деген сылтаумен кіргізді, содан кейін біз бірге шығып, БАҚ-қа түсініктеме береміз деді. Мен ерекше маңызды істер бойынша тергеу бастығы Ержанова Толғанаймен, тергеу бөлімінің бастығы Мұхамет Сейсенұлымен сөйлестім. Сіздер кеткенше мені іште ұстады. Мен онда екі сағаттай болдым. Біздің мәселеге келетін болсақ, полиция бүгін мені қылмыстық іс тоқтатылмағанын айтып, тыныштандырды, - деді Байболатов.

Ол сондай-ақ жақында Швейцариядағы Халықаралық Олимпиада комитетіне «әкімдік жұмысшыларды қалай алдағаны туралы барлық шындықты айтып» хат жібергенін де қосты. Хатта құрылысшылар мен компаниялардан келген жалпы шығын 20 млн долларға бағаланады.

«Егер Қазақстан біздің елде Олимпиада ойындарын өткіземіз десе, Қазақстан билігі іс жүзінде олимпиадалық спорт нысандарын салу кезінде құл еңбегін пайдаланады, сонымен қатар халықаралық спорт мүдделерінде жұмыс жасайтын кәсіпкерлерді алдайды», - делінген хатта.

Авторы: Бағдат Асылбек

Аударған: Айнура Дарибаева

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар