Саябырлаған активтерді қайтару ісі: Қазақстан олигархтардың мүлкін тәркілеуді неге тоқтатты?

cover Коллаж: Orda.kz

Екі жылдан астам бұрын, 2023 жылдың шілдесінде Қазақстанда заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару туралы заң күшіне енді. Сол кезден бастап біз бірнеше даулы оқиғаның куәсі болдық. Билікпен қақтығысқан олигархтар мұнай компанияларынан бастап қонақүй бизнесіне, сағат коллекцияларынан сақ дәуірінің алтынына дейінгі қазыналарын беріп, бостандығынан айырылмаудың қамын жасап бақты. Алайда соңғы уақытта «заңсыз жиналған байлықты тартып алу» жайлы хабарлардың арнасы сарқыла бастады.

Ел үшін аса маңызды оқиғаның себебін Orda.kz тілшісі анықтап көрді.

Иесі «белгісіз» мүліктер

Қазақстандағы активтерді қайтару ісінің басты түйткілі ашықтықтың жоқтығы десек артық айтқандық болмас. Бас прокуратура жанындағы уәкілетті комитет әдеттегідей үнсіз. Олар мүлікті кімнен тартып алғанын жарияламайды, заң нормаларын алға тартады. Сондықтан «тақтан құлаған» қазақстандық алпауыттардың байлығы жөнінде толық мәліметті «ҚАБК» ЖШС атты қайтарылған активтерді басқаратын компанияның хабарламаларынан көбірек білуге болады.

ҚАБК өз жұмысы жайлы әлдеқайда толығырақ есеп береді. Бірақ оның міндеті басқа: мемлекетке қайтарылған мүлікті басқару, сату және жаңа иелеріне тапсыру. Ал комитеттің қызметі «бұлдыр», көпшілікке жария емес. Сол себепті екі мекеме «мысықтабандап әрекет ететіндей» әсер қалдырады.

Қаржылық сарапшы Расул Рысмамбетов бұл жайлы былай дейді:

«Активтерді қайтару комитеті мен Қайтарылған активтерді басқару компаниясы (ҚАБК) қаласа, жұмыс істейді, қаламаса тоқтайды. Комитет негізінен елден заңсыз шығарылған қаржыны қайтару мәселесін қарастырады. Ендігі жерде бұл жұмысты науқан ретінде емес, тұрақты заңды негізге көшіру қажет. Мемлекетте бұған дейін тұрақты құрал болмағандықтан, компания бастаған еді. Енді активтерді, тіпті, таңғаларлық болса да криптоактивтерді заңдастыруды талқылайтын уақыт келді. Барлық үдерісті ашық алаңға шығара алсақ, ресурсымыз да азырақ жұмсалар еді». 

Саясаттанушы Валерий Володин де активтерді қайтару ісі саябырлап қалғанын айтады. 

«Біз компания органының әдеттегі жолын көріп отырмыз. Басында дарылдаған істермен жүріп, артынан селт етпейтіндей әкімшілік мәнерге көшті. Мандат кең болғанымен, нақты бағыт іздеу мен тәркілеуден гөрі, алынғанды басқару мен түскен дүниені бөлуге ауысты».
— деді Валерий Володин.
Фото: Elements.envato.com

Сұранысы жоқ ұсыныстар

Профильді комитеттің шетелде кімнің активін іздеп жүргенін (іздемей ме, іздемей ме) білу қиын. Ал ҚАБК-ның жұмысына көз жеткізіп көру оңайырақ. Себебі ол жиірек жарияланады. Бірақ ол да «трофей» байлықты мемлекет күткендей тиімді сата алмай отыр.

Ал қайтарылған активтерді басқару компаниясының сөзіне қарасақ, тәркіленген мүлік «заңдылық, ашықтық және тиімділік қағидаттарына сай» сатылып жатыр. 2025 жылдың басынан бері аукцион арқылы жалпы құны 296,8 млн теңге болатын 53 актив өткізіліпті. Көбіне бұл:

Биыл компания сатқан ең қымбат бұйымдардың қатарында — Patek Philippe World Time Chronograph Green Mecca Edition маркалы сағат бар. Ол аукционда 36,3 млн теңгеге өтті. Сондай-ақ Patek Philippe Nautilus сағаты 26,5 млн теңгеге сатылды. Ал әшекейлерге келсек, сақиналар, білезіктер, сырғалар мен өзге де әшекейлер топтамасы 36,1 млн теңгеге бағаланып, түгелдей жаңа иелеріне өтті.

«2025 жылдың 11 тамызындағы жағдай бойынша басқарушы компания жалпы сомасы 48,1 млрд теңге болатын 72 активті (ҚҚС-сыз) өткізді. Оның ішінде Қазақстан аумағындағы 65 актив электронды E-Qazyna платформасы арқылы сатылды. Бұл сауда-саттықтан түскен қаржы көлемі 25,9 млрд. Ал шетелде екі автокөлік, екі тұрғын үй, бір пәтер және екі вилла сатылды. Бұл мәмілелерден 22,2 млрд теңге түсті», — деп жазылған ҚАБК-ның хабарламасында. 

Әшекейлер, сағаттар мен коллекциялық теңгелерді ҚАБК сатады. Бірақ кей тауарлар да сатып алушылар табылмағандықтан қайта-қайта аукционға шығарылады. Ал қазақстандық олигархтардан тәркіленген жылжымайтын мүлікке келсек, 2025 жылы небәрі екі нысан ғана сатылды. Біріншісі — Астанадағы Мұхамедханов көшесіндегі бейрезиденттік ғимарат, ол 96,8 млн теңгеге бағаланып сатылды. Екіншісі — Шамалған ауылының маңындағы жер телімі. Ол жақында 217 млн теңгеге сатылды. Ресми емес дерек бойынша, жер телімі кезінде Қайрат Боранбаевқа тиесілі компаниялардың біріне қараған.

Ал қалған нысандарға жаңа қожайын табу қиын болып отыр. Ең айқын мысал деп Карим Мәсімовтің зәулім сарайын айтсақ болады. Онда бассейн, диско-бар, театр және 30 бөлме бар. Алайда ешкім сатып алғысы келмейді. Тіпті мемлекет те оны өз балансында ұстаудан бас тартқан. Сарайдың бағасы әуелден-ақ 40 пайызға төмендетілгенімен, атышулы әрі қауіпті мұндай активке сатып алушы табылмай тұр.

Саясаттанушы Валерий Володин бұл құбылысты былай түсіндіреді:

«ҚАБК — тәркіленген активтерді басқару үшін құрылған мемлекеттік компания. Олар іс жүзінде «қалдықтарды тарату» режимінде жұмыс істеп отыр. Сақтау, бағалау және сату. Құрылым дұрыс болғанымен, тиімділік төмендеді. Мәсімовтің сарайы секілді «тұзы ауыр» нысандар өтпей жатыр, аукциондар сәтсіз аяқталады. Бағасын түсіруге мәжбүр. Бұл — мұндай лоттарға сұраныстың жоқтығын білдіреді».

ҚАБК-ның өзі атап өткендей, компания активтерді қайтарумен айналыспайды. Оның міндеті — тәркіленген мүлікті тиімді әрі ашық басқару (қажет болған жағдайда сату). Сол себепті нақты жоспарлы көрсеткіш те жоқ. Барлық 218 активтің ішінде аукцион тек Мәсімовтің сарайына қатысты ғана тоқтатылған. Себебі Астана қаласы әкімдігінен оны мемлекет меншігіне алу туралы ресми өтініш түскен.

Компаниядағылар сарайды сата алмау ҚАБК-ның беделіне нұқсан келтірмейді деп есептейді.

«Бұл шешім — басқарушы компанияның икемділігі мен әлеуметтік жауапкершілігін көрсетеді, бірақ сәтсіздік емес. Барлық аукциондар E-Qazyna платформасында ашық онлайн-форматта өтеді. Біз бұл үрдістің беделімізге теріс ықпал еткенін көріп тұрған жоқпыз. Керісінше, тәжірибе қоғам тарапынан қызығушылықтың жоғары екенін, сенімнің артып келе жатқанын айғақтап отыр», — дейді ҚАБК-ның өкілдері. 

Алайда ҚАБК-ның жұмысына құрметпен қараған күннің өзінде, олигархтардан тәркіленген активтерді алатындай «қалтасы қалың» азаматтардың ат төбеліндей ғана екенін мойындау керек. Ал «сатып ал» деп менмұндалайтын активтердің бастан асатыны тағы бар.

Коллаж: Orda.kz

«Қолыңнан келсе, тартып ал»

2025 жылдың тамызының ортасына қарай Арнайы мемлекеттік қорға 25,8 млрд теңге түсті. Оның ішінде 24,7 млрд теңге — активтерді сатудан, ал 1,1 млрд теңге — оларды басқарудан (жалдаудан, дивидендтерден, депозит пайыздарынан және т.б.) түскен кірістер. Жалпы алғанда активтерді қайтару науқаны мемлекетке 1,2 трлн теңге пайда әкелді. Бұл оңай ақша емес. Дегенмен тағы да айта кетерлігі, олардың көбі өткен жылдардағы даулы істердің арқасында түскен.

Валерий Володин бұл жайлы ирониямен былай дейді:

«Есеп бір қарасаң, өте жақсы жасалған. Жалпы қаржы 1,2 трлн теңге, соның ішінде биыл бюджетке 354 млрд түсті. Бірақ мұқият қарасақ, қаржының басым бөлігі бұрынғы істер мен қолма-қол тәркіленген ақшадан тұрады. Жаңа есімдер жоқтың қасы. Одан шығатын қорытынды: не елде ұрлық-қарлық біржола тоқтады, не «аттан!» деген бұйрықты ешкім берген жоқ». 

Заң қазақстандық олигархтарға активтерді ерікті түрде қайтарып, адал тапқанын өзіне қалдыруға мүмкіндік береді. Бірақ тізімге ену үшін қойылған 45 млрд теңге шекті меже «әдеттегі күдіктілердің» аясын тарылтады. Сондықтан есептерде жаңа есімдер жоқ: мемлекет сұрай алатындардың бәрінен ақшасы мен мүлкін әлдеқашан сұрап үлгерген. Қазір мемлекеттік органдар кімнен не тәркілегенін емес, тәркіленген қаржыны қайда жұмсағанын көбірек айтады. Репутация тұрғысынан пайдалы болғанымен, бұл байлардың «тәбетін» тыя қоймайды.

Қаржылық сарапшы Расул Рысмамбетовтің пікірінше, Қазақстандағы активтерді қайтару науқаны іс жүзінде аяқталған. Оның ойынша, бастысы — шектен шықпау. Тек Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтермен шектелу қажет.

«Шамадан тыс науқаншылдық пен олигархтарды көпшілік алдында жазалау нарықты үркітеді. Бәрі бүгін біреуді ұстаса, ертең өз кезегі келетінін біледі. Мысалы, бір олигархтың 20 зауыты бар дейік, ол адамдарды жұмыспен қамтып отыр. Маған ондай олигархқа кінә артар себеп жоқ. Керісінше, мемлекет оған: «тағы мың жұмыс орны аш, ол үшін не қажет?» деп талап қоюы тиіс. Өйткені ертең адамдардың бәрі мемлекеттік қызметке бармайды. Біреу зауытты басқарып, дамытып отыруы керек. Ал егер мемлекет зауытты тартып алса, ары қарай не болады? Әкімдік басқара ма?». 

Сарапшының айтуынша, активтерді қайтару тек шетелге шығарылған қаржы мен мүлікке қатысты болуы керек. Әйтпесе ел ішіндегі ірі бизнеске жүйелі қысым жасаудың билікке кесірі болуы мүмкін. Олигархтар жаппай офшорға кетіп, компанияларын шетелдіктерге арзанға сата бастайды.

«Неге бізде ресейлік корпорациялар көбейіп кетті? Өйткені біздің олигархтар: «бәрі бітті, ертең мені алады, мемлекет қылышын қайрап отыр» деп ойлады. Сөйтіп, асығыс сатылымға шығып, бизнесін кез келген бағаға ресейліктерге өткізе бастады. Ол кезде ресейліктер өз елінен бизнесті әкетіп жатқан еді», — дейді Рысмамбетов. 

Жаңа науқанға ілігуі мүмкін қазақстандық ірі кәсіпкерлер елден капитал шығаруға немесе шұғыл эмиграцияға бейімдік танытып отырған жоқ. Кеткісі келгендердің «қосалқы аэродромдары» әлдеқашан дайын. Бірақ олар негізгі кәсіпорындары мен мүлкін Қазақстанда ұстап отыр. Қазір оларды үркіту — болашаққа қиянат болады. Бұл да қайтару жұмысының бәсеңдеу себептерінің бірі.

«Шамадан тыс «әскери коммунизм» мен революцияшыл қатаңдық бизнесті үрейлендіреді. Facebook-та мыңдаған лайк жинайтын «тағы тартып алу керек, тағы қайтару керек» деген жазбалар бар. Бірақ біз мұны лайк үшін істемейміз. Негізгі мақсат — бизнесті сақтап, дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу», — дейді Рысмамбетов. 

Валерий Володин де бұл ойды қостайды. Бас прокуратура жанындағы комитет пен басқару компаниясы әлі де жұмыс істеп тұрғанымен, олар қатаң жазалаушы құралдан гөрі ірі кәсіпкерлерге «мемлекет барын ұмытпа» деп ескертіп қоятын құрылымға айналды.

«Егер мақсат — капиталды тәртіпке келтіру мен ресурстарды қайта бөлу болса, тәсілді өзгерту керек. Тексерілетіндердің аясын кеңейту, сатуды жеделдету, тым жұмсақ келісімдерді алып тастау қажет. Әйтпесе «баяғы жартас — сол жартас» күйі қалады. Нәтиже үшін емес, тек есеп үшін өмір сүретін орган болып қала береді», — дейді саясаттанушы. 

Қазақстан үкіметінің активтерді қайтаруда ғана емес, өзге де мақсаттарын қаншалықты табысты орындап жатқаны жайлы біздің көлемді материалымыздан оқи аласыздар.

Автор: Никита Дробны

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар