Сүреңсіз соңғы қоңырау: оқушылар соңғы қоңыраумен қалай қоштасты?

cover

Осымен екінші жыл елімізде оқушылар соңғы қоңыраумен әдеттегідей қоштаса алмады. Ақ бантик тағып, ақ көйлек киіп қолында көктемнің иісі аңқыған құшақ-құшақ гүлі бар оқушыларды көрудің өзі бір бақыт. Десе де биыл, былтырғыдан қарағанда, бұл дәстүрлі шараға жеңілдіктер жасалды.

Оқушылары 300-ден аспайтын білім ошақтары бұл шараны далада өткізеді. Соңғы қоңыраумен 9-шы және 11 сынып түлектері дәстүрлі түрде қоштасып жатыр. Алайда, жас түлектерге әдеттегідей вальс билеуге рұқсат етілмеді. Ал баласының мектепті бітіріп, үлкен өмірге қадам басқанын көруге ата-анасынан бір ғана адам келе алатыны ескертілді. Осылайша мектеп басшылығы барлық санитарлық талаптарды сақтап, өткізуге міндеттелді. Ал қашықтықтан оқытатын мектептерде соңғы қоңыраумен қоштасу онлайн түрде өтті.

Білім басқармасы оқу жылының аяқталуына байланысты педагогтарға сыйлық алуға тыйым салды. Десе де, бұл тыйымды тыңдап жатқандар шамалы. Атын өзгертіп беруді сұраған ата-ана қала мектептерінің бірінде оқып жатқан баласының биыл соңғы қоңыраумен қалай қоштасқанын айтып берді.

- Балам 4 сынып бітіріп жатыр. Соңғы қоңырауды өткен жылы да, осы жылы да онлайн түрде өткіздік. Әрине, бір жыл бойы білім нәрімен сусындаған мектебімен сол жерге барып қоштасса, дәстүрлі шараларына қатысса, бала үшін әсерлірек болар еді. Бірақ карантин жағдайында басқа істер амалымыз жоқ. Келесі жылы мына кесел түбімен жоғалып, бұл әдемі дәстүрді әдеттегідей өткіземіз деген ойдамын, - дейді Майра (аты өзгертілді).

Ал мұғалімге сыйлық жасағаны жөнінде айтқысы келмеді. Атын өзгертіп беретінімізді ескерткен соң ғана, ұстаздарына биыл қалай марапат жасағанын әңгімелеп берді.

- Жыл сайын ата-аналардың арасынан «мұғалімге не береміз? Ақылдасайық» деп бастайтын біреу шығады. Сонымен кеңесе келе аз да болса, бізден естелік деп 2000 теңгеден жинап бердік. Балам бастауышпен қоштасып жатыр. Сондықтан 4 жыл оқытқан ұстазымызды қуантқымыз келгені де, жасырын емес. Ал мұғалімдердің өздері бізден бірдеңе талап етіп көрмепті. Жалпы, біздің мектеп қарапайым. Ата-аналар да қылт етсе, ақша жинай береді деп айтсам, өтірік болып кетеді. Кішігірім сыйлық тарту еткеннің еш әбестігі жоқ деп ойлаймын, - дейді ол.

Биыл 3,4 миллионнан астам оқушы оқу жылын тәмамдайды. Оның 150 мыңға жуығы 11-12 сынып түлекетері. Оның ішінде «Алтын белгіден» 9 822 оқушы үмітті. Ал қашықтан оқыту кезінде үлгерімі нашарлап кеткен оқушылар үшін олқылықтың орнын толтыру мақсатында жазғы мектептер ашылып, ол 19 маусымға дейін жұмыс істейді. Үлгерімі төмен балалар бұл мектепте тегін оқиды. Оған баласын оқытам деген кез-келген ата-ана өтініш білдіре алады. Бұдан кейін мұғалімдер 56 күндік еңбек демалысына шығады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар