Ресейлік БАҚ Арменияға қарсы «гибридтік соғыс» жүргізуде – Пашинян аппаратының басшысы

cover

Армения премьер-министрінің аппарат басшысы Арайик Арутюнян ресейлік БАҚ-ты  армяндарға қарсы жалған ақпараттық соғыс бастады деп айыптады.

Арутюнян НТВ арнасындағы «Своя правда» ток-шоуының кезекті бөлімін көрсеткеннен кейін бұл ресейлік БАҚ жүргізіп жатқан гибридтік соғыс екенін айтты. Онда журналист Георг Хачатурян 20 қыркүйекте үкімет үйіне басып кірген армян шерушілері жаттығуға келген америкалық десантшыларға тап болғанын айтты.

Арутюнян бұл ақпараттық соғысты Ресей жерінде өмір сүріп жатқан армян ұлтының өкілдері жүргізіп жатқанын қынжылыспен айтады.

«Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарында Арменияға қарсы басталған гибридтік соғыста оларға әйгілі ертегідегідей, кім көп өтірік айтса, сол Сарайдың/Кремльдің жартысына ие болады деп уәде берген сияқты...  Олардың таратып жатқаны мүлдем жалған ақпарат. Сол күні үкімет үйіне бірде-бір демонстрант кірмеді, тіпті бір де бір американдық болған жоқ... Ресей телеарналарының ең үлкен насихатшылары армяндар екені белгілі: Маргарита Симонян, Тигран Кеосаян, Арам Габрельянов, Семён Багдасаров, Роман Бабаян, Сергей Кургинян, Андраник Мигранян және т.б.» деп «Коммерсант» басылымы Арутюнянның сөзін келтіреді.



Әңгіме 19 қыркүйекте Әзірбайжан Таулы Қарабақта «антитеррорлық операция» жариялағаннан кейінгі Арменияда басталған наразылықтар туралы болып отыр. Ақпаратқа сенсек, осы уақыт бойы наразылық білдірушілер Армения үкіметі ғимаратына баса-көктеп кіруге әрекеттенген, содан кейін полиция тіпті  сәулелі-дыбысты гранаталарды қолдануға мәжбүр болған.

Наразылық басталғаннан кейінгі бесінші күні 19 адам ұсталды. Арменияның Тергеу комитеті Еревандағы жаппай наразылық акциясының ұсталған 49 қатысушысына қатысты қылмыстық іс қозғады. Олардың бесеуі қамауға алынды. Ұсталғандардың төртеуі Армения мен Таулы Қарабахтың кәмелетке толмаған тұрғындары.

Дәл осы күндері Арменияда армян-америкалық әскери жаттығулар өтті. Франс Пресс агенттігінің хабарлауынша, оқу-жаттығуларға 85 америкалық және 175 армян әскери қызметкері қатысты. Жаттығу 11-20 қыркүйек аралығында тоғыз күнге созылды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар