Ресейде қорғаныс министрінің бұрынғы бірінші орынбасары ұсталды

cover Фото: Бейнеден кадр

Ресейде күштік құрылымдар тағы бір жоғары лауазымды әскери генералды ұстады. Сергей Шойгу қорғаныс министрі болған кезде оның бірінші орынбасары қызметін атқарған Руслан Цаликов қолға түсті, деп хабарлайды Orda.kz BBC-дің орыс қызметіне сілтеме жасап. 

Әскери қызметкер 12 эпизод бойынша айыпталып отыр. Ол бюджет қаражатын жымқыру және ақша заңдастыру, сондай-ақ пара алу күдігіне ілінген.

Сонымен қатар Цаликовтың ұсталуы тағы бір генерал – Тимур Иванов ісімен байланысты болуы мүмкін. Ол да қаржы жымқыру бойынша айыпталып отыр.

Ақпаратқа сәйкес, бір жыл бұрын Цаликов бұрынғы министр орынбасарына қарсы куәлік берген. Ивановқа 1,185 миллиард рубль (шамамен 7,61 миллиард теңге) көлемінде пара алу және «Интеркоммерц» банкі арқылы 4 миллиард рубльден (26,68 миллиард теңгеден) астам қаржыны жымқыру айыбы тағылған. 

Руслан Цаликов 1994–2012 жылдары Ресей төтенше жағдайлар министрлігі жүйесінде түрлі қызметтер атқарған. Ол Сергей Шойгудың орынбасары болған. Министрлікте сот-құқықтық жұмысқа, қаржылық бақылауға және ақпараттық саясатқа жетекшілік еткен. Шойгу қызметінен кеткеннен кейін Цаликов та лауазымынан босатылған.

БАҚ мәліметінше, бұрынғы шенеуніктің туыстары оның ұсталғанын жаңалықтардан білген. Ал күні бойы оның өзімен де, жұбайымен де байланыса алмаған.

2024 жылдан бері Ресей қорғаныс министрлігінде қызметкерлерді тұтқындау мен қызметтен босатудың ауқымды толқыны жүріп жатыр. БАҚ бұл процесті «генералдарды тазарту» деп атап отыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты шамамен 10 генерал ұсталған. Олардың қатарында төрт бұрынғы министр орынбасары, бұрынғы армия қолбасшысы, бас штаб бастығының орынбасары және қорғаныс министрлігі кадрлар жөніндегі бас басқармасының басшысы бар.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар