Құрбан айтта мал базарлары жұмыс істемейді

cover

Елімізде 20 шілде Құрбан айт күні мал базарларының жұмыс істемейтіндігі туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі мәлімдеді.

Бұл туралы Orda.kz Хабар 24 арнасына сілтеме жасап хабарлады.

Мамандар мерекені эпидахуалға байланысты үйде атап өту керектігін еске салды. Адамдар мешітке кіргізілмейді.

Сонымен қатар, биыл мал бағасы Діни басқарма қызметкерлерінің бақылауында болады. Қазір шекті баға бекітілген. Ұсақ мал 70 мың, ірі-қара 420 мыңнан қымбат болмау керек.

– Биылғы марқа қозылар 35 мың теңгеден басталады. Ірілері, жақсылары 50 мыңға дейін барады. Одан кейін саулық қойлар, тұсақтарымыз бар. Олар сол 55 мың теңге, күйіне қараймыз, 60-70 мың теңгеге дейін баратындары да бар, - деді мал сатушы Айбек Есбайқажыұлы. 

Еске салсақ, малды онлайн шалуға болады.

– Адамдар көп шоғырланатын орындарға бармай, үйде отырып-ақ біздің «ҚҰРБАН 2021» деген веб-сайт арқылы тапсырыс беріп, қой бола ма, ірі-қара мал бола ма, өзінің таңдаған малын атап, тапсырыс беріп, өзі үйден шықпай мұқтаж жандарға ет таратуларына мүмкіндік бар. Оның барлығын біздің мешіт қызметкерлері, ерікті азаматтар бар, барлығын тегін жүзеге асырады, - деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы. 

Сонымен қатар, қазақстандықтарға Құрбан айт кезінде айтшылауға және қонақ күтуге тыйым салынған.

– Құрбан айт бізде мейрам болғандықтан, күнтізбеде қызыл күн, яғни азаматтарымызға демалыс болып саналады. Сол себепті ол күні жұмыс жүргізілмейді. Ешқандай азамат  мал шалатын жерге бармайды. Барлығы онлайн түрде жүргізіледі, - деді санитарлық -эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар