Прокурор «Қазақтың Робин Гуды» Ілияс Сәриев пен оның серіктесін 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

cover Коллжа: Orda.kz

Ілияс Сәриевтің сотында бүгін күтпеген деректер айтылды. Куәгерлердің сөзінше, қажылыққа барған ондаған адамның ақшасы төленбей қалған, ал туындаған қарыздарды гидтер өз қалтасынан өтеген. Бұған қоса, Сәриев компания шотынан ақшаны қайтармай, алып отырғаны және миллиондаған теңгені құмар ойындарға жұмсағаны да сотта ашық айтылды, деп хабарлайды Orda.kz.

Ілияс Сәриев пен Ақтоты Дүйсееваның ісі бойынша бүгінгі сотта куәгерлерден жауап алынды. Алғашқы куәгер — ММTravel компаниясының Мекке мен Медина бағытындағы гиді Рашид Ахметқали болды. Оның айтуынша, ол гид болып жұмыс істесе де, компаниямен ешқандай ресми келісімшарты болмаған. Әр сапар үшін оған 150 мың теңгені Ақтоты Дүйсеева тікелей банк қосымшасы арқылы аударып отырған.

«Биылғы наурыз айында қажылыққа шамамен 60 адам келді. Мен оларды Медина қаласынан күтіп алдым да, қонақүйге апардым. Барсақ, ешкімнің ақысы толық төленбеген екен. Мен Ақтотыға хабарластым. Кешке дейін күттік, ол маған екі күнге 60 адамның қонақүйіне қажетті ақшасын шотыма аударды. Содан ары қарай екінші қалаға барарда автобустың да ақшасы төленбеген. Оны өз қалтамнан сол жерде төледім. Ары қарай тағы да ол жақта да қонақүйдің ақшасы төленбеген соң, ең арзан қонақүй тауып бердім. Ары қарай оған да ақшаларын төлемей, ол 140 мың теңгені Сәриев салып жіберді. Ақырында 60 адаммен қоса, мен де қайтарға билетті өз ақшамызға алып қайттық», – деді Ахметқали.

Екінші куәгер — Нұрсұлтан Ғазиев. Ол компанияда 2022 жылдан бастап жұмыс істеген: әуелде мобилограф болып кіріп, кейін гид қызметіне ауысқан. Оның айтуынша, қажылық сапарларын ұйымдастыратын бұл компанияны Ілияс Сәриев пен Ақтоты Дүйсеева бірге ашқан. Оның айтуынша, 2024 жылдың соңына қарай компанияда қаржы жетіспеушілігі жиілегендіктен жұмыстан шыққан. Компанияда осыған қатысты жиі жанжал болып тұрған. Сонымен қатар, компанияда 10-ға жуық адам жұмыс істеген.

«Ақшаның үнемі жетіспеуі осы Сәриевтің кесірінен болды. Мен сол компанияда істеген соң ішкі жағдайды білемін. Сол кезде Сәриевтің компания шотынан жиі алып, орнына қоймағанын Ақтоты айтып жүрді. Есепшот Ақтотының атына ашылғанмен, ол есепшот тіркелген телефон және барлық қаржы, тіпті қайырымдылық қорына жиналған ақша да осы Сәриевтің қолында болатын», – деді Ғазиев.

Үшінші куәгер — Әділет Жақсылықов. Ол Ілияс Сәриевке ән жазып, бейнебаян түсіруге көмектесіп жүрген. Әділеттің айтуынша, сол кезде ол өз телефон қосымшасы арқылы құмар ойындарға ақша салып отырғанын көрген. Тіпті кей кездері бір ойында миллион теңгеге дейін тігіп отырғанын айтты.

«Ілиястың құмар ойын ойнағанын көрдім, себебі ол футболға ақша тігу үшін менің қосымшамды пайдаланып, менің атымнан бір-екі рет ақша тіккен болатын. Нақты құны есімде жоқ. Шамамен айтар болсам, миллионға дейін тіккен ақша. Ол кезде Сәриев жеңіліп қалды. Мен де арасында қасымдағы достарыммен ақша тігемін, бірақ ол сияқты миллионға дейін ақша тіккен емеспін. Ол алдымен өз шотынан маған ақшаны аударып, артынан менің қосымшам арқылы тігіп отырды. Мен оның қасында бір жарым жыл жұмыс істедім. Бастапқыда біз Сәриевке сендік, себебі қайырымдылық қоры болды, қолынан тасбиғы түспеген соң сендік. Оның мұндай әрекеттерге барғанын көріп, шок болдық», – деді Жақсылықов.

Сонымен қатар, сотта Сәриевтің жәбірленуші Төрейоваға 800 мың теңге ақшасын қайтарып бергені айтылды. Алайда ол кешірім бермейтінін айтты.

Сондай-ақ, куәгерлерден жауап алынып болған соң, прокурор іс бойынша дәлел мен дәйекті қорытындылап, екі күдіктіге 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. 

«Сәриев Ілияс пен Ақтоты Дүйсееваны Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі, 4-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Сонымен қатар, оларды жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуге жіберуіңізді сұраймын. Жәбірленушілердің азаматтық талап-арызын қанағаттандыруды, оларға өтемақы ретінде 20 АЕК мөлшерінде мәжбүрлі төлем өндіруді сұраймын», – деді прокурор.

Келесі сот отырысы 4 желтоқсанға жоспарланды. Енді жарыссөз бен үкім шығару ғана қалды. Orda.kz сот отырысынан ақпарат таратуды жалғастырады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар