Президент жұмыс сапарымен Қосшыға барды

cover Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақмола өңіріне жұмыс сапары Қосшы қаласындағы бірнеше нысандарды аралаудан бастады.

Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

Мемлекет басшысының сапары  Қосшы қаласындағы 1500 орындық мектеп-гимназияны аралап көруден басталды. Мектеп Болат Өтемұратов қорының жеке инвестициясы есебінен салынып, жергілікті білім бөлімінің басқаруына берілген болатын.

 

Білім ошағында қазіргі кезде екі ауысыммен 2700 бала оқиды. Мектепте 280 орындық акт залы, 360 орындық асхана, 2 спорт залы, информатика, химия, физика, биология, технология және музыка кабинеттері бар.

«Қазақстанның озық мемлекетке айналғанын қаласақ, осындай роботты техника сияқты бағыттарды үйрену керек. Бұл – өте қажет. Балаларымыз әрқашан білімді болсын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
  

Сапар барысында мемлекет басшысы гимназия оқушыларына мектеп автобусын сыйға тартты.

Сонымен қатар, елордаға іргелес орналасқан Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов президентке қаланың инфрақұрылымдық даму жоспарын таныстырды.

Қала әкімінің айтуынша, елді мекенге 2021 жылы облыстық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен кейін тұрғындар саны 110 мың адамға жеткен. Жалпы қаланың бас жоспары аясында 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй мен 45 әлеуметтік нысан құрылысы жоспарланған. Денсаулық сақтау саласында бір мемлекеттік емхана, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде екі емхана жұмыс істейді. Сонымен қатар соңғы екі жылда қалада үш мектеп пайдалануға берілді.

 

Мемлекет басшысы ары қарай  Қосшы қаласында биыл іске қосылған «IL-TOV» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс алаңын аралап көрді.

Кәсіпорында құс етін өңдеп, тез дайындауға болатын түрлі тағамдар шығарылады. Шикізат облыстағы құс фабрикаларынан жеткізіледі. Жартылай фабрикаттар ішкі нарықта ғана сатылмайды, сонымен қатар Еуразия экономикалық одағына мүше елдерге экспортталады. 

Сонымен қатар, Qazaqstan Investment Corporation қоры арқылы мемлекеттің қаржылай қолдауына ие болған жоба 85 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық тамақ өнеркәсібін дамыту маңызды екеніне тоқталып, мұндай кәсіпорындарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар