Полицейлер қазақстандықтар басқарған трансұлттық қылмыстық топты анықтады

cover Фото: Pixabay

 Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қазақстандық қылмыстық топ өкілдеріне қатысты алғаш рет  трансұлттық қылмыстық топты анықтады, деп хабарады Orda.kz.      

Polisia.kz мәліметінше, ІІМ трансұлттық сипаттағы халықаралық қылмыстық ұйымның қазақстандық басшыларына қатысты алғаш рет сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу нысаны – үйлестіру орталығы Қазақстан аумағында орналасқан ірі трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ.

Тергеушілер бірнеше қылмыстық істі қатар жүргізуде. Қылмыстық қудалау шеңберіне Қазақстанда және шетелде ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған Қазақстан азаматтары тартылған. Тергеу мәліметтері бойынша, олар бірнеше елді қамтитын қылмыстық желі құрған.

Күштік құрылымдармен – ҰҚК, СГО және Бас прокуратурамен бірлесіп, тергеу тобы дәлелдемелер базасын мемлекетаралық деңгейде жинақтауда. Жалпы 150-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

«Құрамында трансұлттық сипат белгілері бар ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты жеті іс, сондай-ақ қылмыстық қауымдастық құру фактісі бойынша бір іс тергелуде», – деп нақтылады ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс. 


Сонымен қатар Алматы қаласы полиция департаменті ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің істерін тергеуде. Олар күзет қызметі түрінде әрекет еткен болып көрінгенімен, іс жүзінде бұзақылық, бопсалау және қару сақтау сияқты заңсыз әрекеттермен айналысқан. Олардың қылмыстық әрекеттері биылғы қаңтар айында ҰҚҚ қызметкерлерінің араласуымен тоқтатылған.

«Соңғы екі жылда ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру, басқару және қатысу фактілері бойынша қозғалған 90-нан астам қылмыстық іс аяқталып, сотқа жіберілді. 13 ОҚТ-ға қатысты сот үкімдері шықты. 130-дан астам фигурант 20 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасына кесілді», – деді Қуандық Алпыс. 

Сондай-ақ ол Qarmet АҚ нысандарынан ұрлық жасауға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты көпэпизодты қылмыстық іс бойынша 24 адамның әртүрлі мерзімге сотталғанын, оның ішінде топ басшысы 12 жылға бас бостандығынан айырылғанын хабарлады.

ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық құрылымдардың басшылары мен қатысушыларына қатысты 51 қылмыстық іс қозғалған.

Алматы қаласында қару қолданып бопсалау және адамдарға шабуыл жасау қылмыстарымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ 10 маусым күні ҰҚК мен ІІМ арнайы операциясы барысында залалсыздандырылды.

Еске салсақ, биылғы мамыр айының басында  Қазақстанның Салық кодексі жобасына шетелдік қаржыландырулар  үшін есеп беру міндеті енгізілді.

Ақпан айында АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық компаниялар мен кәсіпкерлердің шетелдік шенеуніктерге пара беруін қудалауды тоқтатуды талап ететін жарлыққа қол қойды.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар