Пирамида тек Египетте емес, Қазақстанда да бар

cover

Заман озып, жер тозған ғасырда «Өлетін қазақ қаржы пирамидасына жүгіреді» деген мақал пайда болған. Жалпы, қазақтар тегін ірімшіктің тек қақпанда болатынын біледі. Тегін ештеңе жоқ екенін біле тұра өз-өзін алдауға құмар.

Алаяқтарға арбалып, кредит алып сандалып жүргендер саны елімізде соңғы 10 жылда 170 мыңнан асып кеткен. Бұл тек құқық қорғау орындарына шағымданғандар саны. Ал өзінің алданғанын жария қылғысы келмегендер саны бес есе көп дейді сарапшылар. Солардың бірі әп-сәтте байимыз деп ойлап, сан соғып қалған ерлі-зайыптылар Нұржан мырза мен Ерке ханым.

«Ақшадан қысылып жүргенімізде астына соңғы маркадағы автокөлік мінген күйеу баламыз қонаққа келіп, өзінің QNET компаниясына кіріп, қалтасы қалыңдағанын айтып мақтанды. Бізді де өзінің қасына шақырды. Ақшаның ыңғайы болмағанына қарамастан екі миллион несие алдық. Бастапқыда, барлығы уақтылы төленіп отырды, біз де өзімізден кейін адамдар тарта бастадық. Бірақ, уақыт өте келе бізден кейін жазылған адамдар ақша таппай қиналып, кредит төлеу кезінде біраз әбігерге түсті. Олар банкротқа ұшыраған соң, артынша біздің де ақшамыз нәтижесін көрсетпей, желге ұшты. Ақыр соңы тур карта сатып алуға жұмсаған ақшамыздың жартысын да қайтарып ала алмадық. Бар тапқан-таянғанымызды несие төлеуге жұмсадық. Күйеуім шамамен бір жылдай уақыт істеді. Тұрақтыжұмыс кестесі болмады. Түнделетіп, үйлерді аралап жүретін. Хабарлассақ, адамдарды компанияға шақырып жүрміз деп, мүлдем босамайтын. Құдды бір секта сияқты, адамдарды кіргізу үшін түрлі сөздермен оларды сендіру керексің. Осындай жұмыс «кестесі» арқасында бірнеше отбасы көз алдымызда ажырасып жатты. Ең сорақысы, күйеу баламыздың көлігі өзінікі болмай шықты. Компания адамдарды сендіріп, жұмысқа кіргізу үшін көлікті уақытша беріп, байдың рөлін сомдатқан екен», - дейді алаяқтарға жем болған Ерке ханым.

Оңай ақшаны көздеп, ақыр соңы сан соғып қалатындар екі түрге бөлінеді. Біріншісі қаржылық сауаттылығы жоқ адамдар болса, екіншісі – ақша салып, еселеп қайтарып алған соң компаниядан тайып тұруды көздейтіндер.

Egov.kz қаржы пирамидасының белгілерін ұсынды: 

  • Ақшалай ауқымды қаражат салу қажеттілігі.
  • Инвестицияға жоғары қызығушылық тудырып, ақшаны жылдам қайтару туралы уәде.
  • Төлем алу үшін таныстарыңызды қаражат салуға үгіттеу, тарту.
  • Жоба «ноу-хау» түрінде ұсынылады.
  • Компания қаражат жинау қарсаңында ғана тіркелген, оның ең төменгі жарғылық капиталы және жалғыз құрылтайшысы болады. Тіркеуді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында «Салық төлеушілерді іздеу» сервисі арқылы тексеруге болады.   
  • Әлеуметтік желілердегі белсенділік және белсенді жарнама, түрлі таныстырылымдар, түрлі жүлделер ұтысы, сыйлықтар, сапарлар, үнпарақтар, поштамен және электрондық поштамен жаппай тарату. Негізі бұқаралық ақпарат құралдарында қаржы пирамидаларын жарнамалауға тыйым салынған, ол Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» Заңымен анықталады.
  • Шартты мұқият зерделесеңіз, онда нәтиже дұрыс болмаған жағдайда, ешкім жауапкершілікке тартылмайтындығы анық көрсетіледі.
  • Компания өзін микроқаржы ұйымы, «несиелік бюро», «қарызға қарсы бағдарлама», «қаржылық қызмет көрсету орталығы» деп атауы мүмкін. Олар былай ұрандатады: «Сізге банк көмек беруден бас тартты ма? Біз көмектесеміз!»,  «Біз сіздің несиеңізді қайта қаржыландырамыз! Қарыздан құтыл!».
  • Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы жоқ. «Қазақстан Республикасының екінші деңгейлі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру». Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес банктер халықпен жұмыс істейді және инвестицияларды кері қайтаруға кепілдік береді. 
  • Олар қолма-қол ақшаны қабылдайды немесе Интернет-төлемдер мен аударымдардың әртүрлі жүйелерін компанияның банктердегі арнайы есеп шоттарын пайдаланбай қолданады.

Жоғарыдағы кейіпкердің оқиғасынан кейін, мың рет естігенше бір рет көрейін деп, QNET компаниясына кеңес алуға бардым.

Байқағаным, компания адам психологиясымен жақсы таныс. «Әдемі киініп келіңіз, сізді мықты маманмен таныстырамын», «Кездесу барысында ұялы телефонды дыбыссыз режимге қоясыз ба?», «Кеңес беруші өте мықты маман, онымен кездесерде сыйластық танытуыңызды сұраймын!» сынды бірнеше сөйлемдермен офиске кіргізбей тұрып-ақ адам психологиясына әсер етеді.

Жұмысқа кіру жоспары:

Алдымен жұмысқа кіруіңіз үшін компаниядан өз атыңызға тіркелген QVI Club картасын өз ақшаңызға жасатуыңыз керек. Сізде ұсынылған 3 түрлі картаның (gold, silver, bronze) біреуін таңдау мүмкіндігі бар. Gold картасы 30 жылда 15 аптаға; Silver картасы 10 жылда 6 аптаға; Bronze картасы 5 жылда 3 апта демалу уақытын береді.

Ең арзан Bronze картасының құны доллармен 957 000 теңге болса, қымбаттары 1,5-2 миллионнан аса береді. Карта 5 жылға жарамды. Осы жылдар аралығында сіз әлемнің 62 мемлекетіндегі қонақүйлерде демала аласыз (ұшу ақысы, тамақ төленбейді). Осындай мүмкіншіліктерге қызыққан студенттеріміз тәуекелге барып, несие алып, жұмысқа орналасады.

Бұл қаражатты еліміздегі ең төменгі айлық көрсеткішімен (42500 теңге) есептесек, аталған қаржыны жинау үшін 1 жыл 10 ай уақыт кетеді екен.

Немесе қазіргі тур агенттіктердегі жеңілдікпен 3 рет Түркияға (240 000 теңгеге бәрі кіреді: ұшу ақысы, барлық тамақтану уақыты, қонақ үй), яки, Дубайға 2 рет (500 000 теңгеге бәрі ішінде), Египетке 3 рет (250 000 теңгеге бәрі қосылған) барып демалып келуіңізге болады.
Себебі билет қолға тиген соң сіз компания қызметкері атандыңыз.

Ары қарай өзіңізден кейін екі адам тауып, жазылдыруыңыз қажет. Ол екеуі де дәл сіздей кемінде бір миллионға билет сатып алуы керек. Артынша, олар да сіз сияқты тізбек құрып, екіден адам жинай береді. Бастапқы екі адамыңыздан кейін тартылған адамдар саны теңескен сайын, сіз әр теңесуден 400$ көлемінде бонус алып отырасыз. Оның пайыздан еш айырмашылығы жоқ, бірақ ол «пайыз» емес «бонус» деп аталады.
Компания құрылымы қаржы пирамидасынан аумайды. Бірақ, оларды қаржы пирамидасы деп айыптай алмайсыз. Себебі олар өздерін «желілік маркетинг» деп таныстырады.

Желілік маркетинг - компаниялардың өз тауарлары немесе қызметтерін өткізу мүмкіншіліктерін пайдалана отырып, белгілі бір бөлігін басқаларға, яғни дистрибьюторларға беруге негізделген жүйе.
Қаржылық пирамидада тек ақша мен адам қатынасы болады. Компания тауар өндірмейді. Тек тізбек бойынша жаңа адам қосып отырасыз. Адамдар көп тіркелген сайын, алдыңғылар белгілі бір пайызбен ақша алып отырады.

Qnet-те ешқандай тауар өндірмейді. Бірақ, әлемдік брендттермен серіктестік орнатқандықтан, «әлем тауарларын» сатумен айналысады. Сол себептен өздерін желілік маркетинг маскасын киіп, пирамида құрылымына ұқсас үлгіде жұмыстарын жалғастыруда.
2012 жылдың сәуірінде EGOV порталындағы ашық диалог бөлімінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасы, 2-дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі Рашид Төлеутайұлы Түсіпбеков QNET-тің қаржы пирамидасы екенін ашық жариялады.

Ал QNET компаниясы 2014 жылы egov.kz - те МБК ЖШС болып тіркелген болатын. Компания қазіргі таңда электронды коммерциямен айналысады. (Электронды коммерцияның мақсаты зауыттан шыққан тауарды тікелей клиенттің қолына 80% жеңілдікпен жеткізу. Тек қана жеткізілуіне ақша алады).

Рашид Төлеутайұлы Түсіпбеков сөзінің соңында сұрақтар бойынша www.salyk.kz сайтына жазу керегін ескерткен болатын. Біз салық комитетіне хабарласып едік, қазіргі таңда сұрақтарға қаржы мониторингі жауап беретінін мәлімдеді. Ал қаржы мониторингі комитетінің жауабы бойынша компанияның қаржы пирамидасына жататыны/жатпайтыны әлі белгісіз. Тексеру жұмыстары жүргізілуде.

1993 жылдан бастап Қазақстанда қаржы пирамида индустриясы қарқынды жұмыс істеп келеді. Қазір де олардың саны азаймай отыр.

Қазақстанда B2B Jewelry қаржылық ұйымы зергерлік бұйымдар сататын дүкен атын жамылып жұмыс істеп келгені анықталды. Қазіргі кезде оны ұйымдастырған күдікті қамауға алынды.

Түркістан облысында «Indigo-24 Evolution» қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар да қамауға алынды. Тергеу барысында ұсталған 12 күдіктінің тұрғындарға 1,5 миллиард теңгеге жуық шығын келтіргені анықталып отыр.

Жұртты шулатқан «Гарант 24 ломбард» қаржы пирамидасына қатысты тергеу ісі аяқталды. Полицияға 18 мыңнан аса арыз түсіп, жәбірленушілер 22 миллиард теңге көлемінде шығынға ұшыраған. 

Психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, қаржылық пирамидаларға өз күшіне сенбейтін, өзіне сенімсіз адамдар кіреді.

«Пирамидаға тез уақытта аз еңбекпен көп ақша тапқысы келетін адамдар кіреді. Көбінесе оларда инфантилизм белгілері болады. Яғни, ол бала сияқты ойлау, ересектерше өмір сүре алмау, ұрынатын тұстарын аңғармау. Балалардың кәмпитке алданғаны сияқты, ересектердің осындай пирамидаларға тез алдануы. Жалпы әрбір саналы адам еңбексіз табыс болмайтынын біледі. Еңбек етпеймін, ақша құямын, бұл жерден маған екі есе ақша қайтады, байып кетем деп ойлау - өмірге жауапсыз қарау болып саналады», - дейді психолог маман.


Біздің мақсат, компанияға жала жабу емес, алаяқтарға есеңіз кетпесін деп ескерту. Ұрыншақтардың алдын алу. Түптеп келгенде ескерту бізден, шешім қабылдау сізден!

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар