«Біз біргеміз» қайрымдылық қорын ашқан Перизат Қайрат шілде айында 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Оның анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға сотталған еді. Ал енді қазіргі оның жағдайы қалай?
Orda.kz тілшісі Перизат Қайраттың адвокаты Мұрат Әуесханұлымен тілдесіп, оның қазіргі жағдай туралы білді.
Адвокаттың сөзінше, ол осы істі басқа адвокаттан өзіне алған. Алдыңғы адвокатымен Перизат екеуі арасында келіспеушіліктер болған соң, келісім-шартқа Перизат басқа адвокатпен отырған. Ал Мұраттың сөзінше, қазір олар үшінші кассациялық сотқа дайындалып жатыр.
«Алдыңғы екі сот өтті, қазір біз кассациялық сотқа дайындалып жатырмыз, әзірге кассациялық соттың қай уақытта болатыны туралы айта алмаймын. Талап-арыз берген жоқпыз», – деді Перизат Қайраттың адвокаты.
Сондай-ақ, адвокат Перизаттың өзі айыбын мойындамайтынын айтады. Оның сөзінше, Перизат кей қаражатты расымен де қайырымдылыққа жұмсаған.
«Қылмыстық істе келісім шарттар мен қай облысқа қанша қаражат кеткені жайлы дәлелдер бар, бірақ мен оны қазір көрсете алмаймын. Өйткені менің оған құқығым жоқ. Иә, жиналған ақша оның жеке басына жұмсалғаны рас, бірақ оның қайырымдылықпен де айналысқанын жоққа шығара алмаймыз. Кассациялық сотта біз Перизат Қайратты толық ақтап шығуды күтпейміз, тек оған берілген уақытты азайтуды мақсат етіп отырмыз», – деді адвокат.
Адвокат Перизаттың үш эпизодпен айыпталғанын айтты. Оның сөзінше, біріншісі «Біз біргеміз» қайырымдылық қорына қатысты. Үкім бойынша, сол қордың үлескерлерінің қойған қолы жалған деп жазылған. Яғни, ол өзі қолдан келісім-шарт жасасқан. Екінші эпизод сол жылдары Израиль мен Палестина соғысып жатқан кезде, Палестина елінде аштық болды. Перизат сол кезде елшілікке барып, көмек қолын созатынын айтқан және келісімге қол қойған. Үшінші эпизод Қазақстанның кей аймақтарын су басқан кезде көмектескені. Осы үш эпизодтағы былықтарымен ол айыпталды.
Тілге тиек етерлік жайт, Перизат Қайрат түрмеде өзінің адвокатымен байланысқа шығып, БАҚ өкілдерімен кездесуді сұраған. Бірақ нақты не айтқысы келгенін ешкім білмейді.
«Қазір ол Қарағанды облысындағы №32 мекемеде өз айыбын өтеп жатыр. 17 ақпанда мен оған барып, кездестім. Жағдайы жақсы, бір өзі емес қасында анасы бар. Таксофонмен сөйлескенде жұмысқа тұрдым деген еді. Алайда қандай жұмысқа тұрғаны белгісіз. Сол жерде маған БАҚ өкілдерімен кездесу ұйымдастырып бере аласыз ба деп сұрады. Бірақ нақты не айтқысы келгенін сұрамадым, жай ғана қолдан келген дүниелердің барлығын істейтінімді айттым», – деді адвокат Мұрат Әуесханұлы.
Адвокат Қылмыстық Кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» және 218-бабы «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлікті заңдастыру» бойынша келіспейтіндерін айтты.